Ұсталғандардан айғақты заттар, оның ішінде екі ойыншық тапанша тәркіленді.
Шетелдіктерді ойыншық тапаншамен қорқытып, ақша талап еткен алматылықтар ұсталды
777
оқылды

Алматылық полицейлер жаңа жыл қарсаңында Сингапур азаматтарына қарақшылық шабуыл жасағандарды ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, белгісіз бес адам шетелдіктердің жалдамалы үйіне басып кіріп, оларды қарумен қорқытып, ақша талап еткен.

Осылайша бұзақылар 3 млн теңге және 13 мың долларды қолды қылған.

Қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

«Шабуыл жасағандар анықталып, ұсталды. Олар – 1999, 2001, 2003 жылы туған Алматы облысының бес тұрғыны. Қылмыстың негізгі ұйымдастырушысы Т. есімді азамат бұрын қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталған. Айтпақшы, ол зардап шеккендермен жұмыс істеген, олардың табысы туралы білген. Қылмыстық оқиғаның хронологиясын және барлық дайындық процесін жылдам қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Бұл ретте бейнебақылау жүйелері маңызды рөл атқарды. Айғақты заттар, оның ішінде екі ойыншық тапанша тәркіленді», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Күдіктілер ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Шетел азаматтары полицияның кәсіби жұмысын ерекше атап өтті.

«Бізді қатты қорқытты. Полиция қызметкерлері жарады. Қылмыскерлерді тез қолға түсірді. Оларға өз атымнан және еліміздің атынан шексіз алғысымды білдіргім келеді», – деді жәбірленушілердің бірі.