«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына ақылы терминал қойылғалы бері жергілікті тұрғындардан маза қашты.
«Ауа үшін ақша төлеп жатырмыз»: Бурабайдағы ақылы терминал проблемасы шешіле ме?
Фото: burabaypark.qr-pib.kz
1,306
оқылды

Жергілікті атқарушы билік өкілдері парк аумағында тұратын тұрғындар мен жұмыс істейтін жандардың ақыдан босатылғанын ресми түрде мәлімдегенімен, тұрғындар іс жүзінде күнделікті жұмысқа қатынағаны үшін де қаңтардың алғашқы күнінен терминалдың халықтың қалтасын қағып жатқанын айтып шырылдап отыр, - деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Биыл 1 қаңтардан бастап еліміздің аумағындағы Ұлттық парктердің аумағына кіру ақысы қымбаттаған. Бұл Салық кодексінің 591-бабына өзгерістер енгізуінің нәтижесі болған. Оған сәйкес мемлекетпен ерекше қорғалатын аумақтарға автокөліктерден кіру төлемін алуға шешім қабылданған-ды. Бұл заңға Бурабайлық тұрғындар наразылық білдіріп петиция жариялағанын, оған жергілікті атқарушы органның «Бурабай» МҰТП аумағындағы  елді мекен азаматтары мен осында жұмыс істейтіндердің мәселесі оңынан шешілетінін жария еткенін жазғанбыз. 

 

Алайда, тұрғындар 2024 жылғы 1 қаңтардан іс жүзінде терминалдан қарапайым сол маңдағы тұрғындар кірген-шыққаны үшін де ақы төлеуге мәжбүр болғанын айтып жанайқайын жеткізді. Олардың айтуынша, тұрғындар тіпті күнделікті жұмысқа қатынағаны үшін де күн сайын терминалдан ақы төлеп өтуге мәжбүр. Тұрғындар ақы төлемей шлагбаумды айналып өтсек, екі ортада одан да жоғары айыппұл арқалаймыз деп те қауіптенеді. 

Мен өзім осы Бурабай кентінің өзінде тұрамын. Күн сайын терминалдан өткенім үшін шот келіп тұр. Әр тәулік сайын 1110 теңге сомасында төлеймін. Сонда бір айда мен 30-35 мың теңге төлеуге тиісті екенмін. Оны мен Көкшетауда оқуда жүрген  баламның пәтеріне төлер едім. Біз өз үйімізде, өз жерімізде тұрып ақы төлеп жүргеніміз ақылға сыймайды. Мәселен, осы жазда үйдің жанындағы орманнан саңырауқұлақ, жидек тергенім үшін ақы алмақ болды. Яғни, енді біз бізге ең жақын орманға кіргеніміз үшін де, тегін болған жағажайға бара да алмайтын болдық. Ал қазіргі істеп отырғандары мүлдем бассыздық. Біз мұны жайдан-жай қалдырмаймыз деп шештік. Әкімдіктен жиналысқа рұқсат алып, жергілікті тұрғындар 20 қаңтар күні жиналыс өткізуге шешім қабылдадық. Бұл болып жатқан жағдай туралы Мемлекет басшысына жетуі керек. Халықты бұлай қорлауға болмайды. Біз соңына дейін күресеміз. Әділдік орнауы қажет. Жалақысы аз халық осынша көлемін қалай салық етіп төлейді. «Мемлекеттік қызметшілер төлемнен босатылады екен...» деген сыбыс естідік. Сонда басқа тұрғындар адам емес пе? - дейді жергілікті тұрғын Сабыржан Ағыбаев.

 

 

 

Жағдайдың анық-қанығын анықтамақ болып, Бурабай ауданы әкімдігімен тілдестік. Аудан әкімінің орынбасары Ұлттық парк аумағындағы тұрғындардың ақыдан босатылғанын айтып шу көтерген тұрғындардың сөзін толықтай жоққа шығарды. 

  • Бурабай, Оқжетпес, Зеленый Бор, Қотыркөл сияқты «Бурабай» МҰТП аумағына кіретін және жақын орналасқан аумақтағы елді мекендердің тұрғындары терминалға ақы төлеуден босатылған. Қалған тұрғындардың бәрі турист болып есептеледі. Сондай-ақ парк аумағындағы туристік нысандарда басқа да 66 объектіде 1500 адам жұмыс істейтіні анықталды. Міне осы азаматтарға да жұмыс орнына тегін барып-қайтуға қазір құжаттары, автокөліктерінің нөмірлері алынып жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл азаматтар егер терминалдан төлем жасалып келсе олардың қаражаты кейін қайтарылады. Аталған өзгерістерді Экология министрлігі шығарған. Қарсылық білдіріп тұрғындар өз пайдасы үшін жалған айтып, өз мүдделерін БАҚ өкілдері арқылы білдіруге ниетті. Ал заң халықтың мүддесін ескеріп осы аумақта тұратын тұрғандардың ақысыз кіріп-шығуына жағдай туғызып тұр. Халықтың мүддесі қорғалады, - дейді Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Жангелді Төлегенов.

 

Біз Бурабай ауданы әкімдігіне хат жолдаған Ұлттық экономика министрлігімен де тілдестік. Министрлік Ақмола облысы әкімдігі жария еткен мәліметке сілтеме жасап түйткілдің шешілгені жөнінде ақпарат берді. 

Ақмола облысының әкімдігінің ресми таратқан мәліметіне сенсек жергілікті тұрғындарға Бурабай мемлекеттік ұлттық паркінің аумағына кіруге рұқсат берілген. Мұндай шешім ұлттық парк аумағына кіруге жергілікті тұрғындармен төлем жүргізу мәселесі төңірегінде болған жиында қабылданған. Жиынға облыс әкімі Марат Ахметжанов төрағалық еткен. 

- Бурабай мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің ерекше қорғалатын табиғи аумағына кіруге төлем жөнінде ҚР Салық кодексінің 590-бабының 3-тармағына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақ шекарасында елді мекендерде тұратын немесе саяжайлары бар жеке тұлғалар төлем жасамайды, - деді Ақмола облысы мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Дулат Нұрмолдин. 

Облыс әкімдігі таратқан мәлімет бойынша ұлттық парк шекарасында тұратын 500-ден астам тұрғындар парк аумағына кіру төлемінен босатылған. 

Бұқаралық ақпарат құралдарына пікір білдірген Ақмола облысының туристік ассоциациясы» бірлестігі балалар мен жастар туризмі республикалық ассоциациясының төрағасы Қайрат Сұлтанов ерекше қорғалатын аумақтарға автокөліктердің кіру төлемінің артуы екі еселенген салық деп санайтынын жеткізді. 

- Біз жеке тұлғаның ұлттық паркте болғаны үшін әрбір күні үшін ғана төлем жасадық. Ал енді автокөлік үшін де төлем жүргізетін болдық. Бірақ жоғарыда аталған түзетулерде арнайы техникалар, өрт сөндіру көліктері, жедел жәрдем жайлы ештеңе де айтылмаған, - дейді Қайрат Сұлтанов.

Оның айтуынша, ұлттық парк аумағында жұмыс істейтін адамдар үшін жеңілдіктер жазылмаған. 

- Әлемдік тәжірибеге сәйкес, ерекше қорғалатын аумақта тек ластану көзінен ғана ақы алынады. Ал бізде бәрі басқаша. Мәселен, Бурабай курорттық аймағында орналасқан «Балдәурен» балалар лагері 2019 жылы ғана 52 миллион теңге салық төлеген. Бұдан бөлек туризммен айналысатын жұмыс берушілердің құқықтары қорғалмаған. Жасырын схемалар арқылы шын мәнінде, жұмыс істейтін адамдар мен туристердің нақты саны жасырылады. Яғни, ешкім де «ауа үшін төлем» делінетін салық төлегісі келмейді. Мүдделі министрліктер салық төлеушінің мәдениетін, заңдылықтың сәнін келтіруі тиіс қой. Бұл өзгерістер «Атамекен» ұлттық палатасының келісімінсіз өткен сияқты. Өйткені бизнес туризм саласын қорғауға алады ғой, - дейді Қайрат Сұлтанов. 

Тақырыпты зерттеу барысында тарифтің өзгертіліп, парктер аумағына кірудің ақылы болуына байланысты 20 қаңтарға Бурабайда бейбіт жиын ұйымдастыру жоспарланғанын естідік. Бұл жиында да мәселе ұлттық паркке кірудің ақылы болуы мәселесі күн тәртібіне енбек. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы