Елорданың тап іргесінде тұрса да қарапайым инфрақұ­ры­лымның жоқтығынан зардап шегіп отырған ауылдар жетерлік. Ал Шортанды, Целиноград, Аршалы аудандарына қарасты Астанадан таяқ тастам ғана қашықта тұратын ауылдарда халық саны жыл санап өсіп келеді.
Өрт сөндіретін көлік қайда?
547
оқылды

Соған орай түйткілді мәселелердің қатары молайып тұр. Жол, ауызсу, жарық сияқты ха­лықтың тіршілігі үшін басты қа­жеттіліктер бұл ауылдарда әлі де өзекті. Бұдан бөлек, жылдар бойы тұрғындардың ащы жанайқайына айналған аса өткір мәселенің бірі – өрт сөндіру деполарының мүлде болмауы...

Күні кеше ғана Шортанды ауданына қарасты Бозайғыр ауылында қос қабатты тұрғын үй түгелдей өртеніп кетіп, 8 бір­дей отбасы далада қалған еді. Қазір олар жергілікті кәсіптік оқу орнының жатақ­ханасын уақытша паналауға мәж­бүр болған. Тұрғындардың айтуынша, өрттің соңын ала болған газ жарылыс­тарының салдарынан қос қабатты үйдің күл-тал­қаны шыққан. 

– Бізде кезекті мәрте төтенше жағдай! Басқаша мұны ештеңе дей алмаймын. Сөзім жоқ! Мұның бәрі өзімізде өрт сөндіру көлігі болмауының салдарынан болды. Сондай-ақ бірде-бір өрт сөндіру депосының болмауы баспанала­ры­мыздың ойраны шығуына басты себеп болды. Өрт сөндірушілер келген кезде үй түгелдей өртеніп кеткен еді. Өрт сөнді­рушілер келгенде газ баллондары жары­лып, атыла бастаған, – дейді Бозайғыр ауылының тұрғыны Олеся Павленко. 

Ауыл тұрғындарының айтуынша, соңғы бір ай ішінде ғана ауылда төрт бір­дей өрт болған. Бірақ алты мыңнан астам халық тұратын ауылға өрт сөндіру көлігі әлі де берілмеген. 

Тілсіз жау елорданың іргесіндегі бас­қа да ондаған елді мекендердің басты мә­селесіне айналғалы қашан?! Талапкер, Үркер, Қараөткел, Бозайғыр сияқты елор­да айналасындағы басқа да бірнеше ауылдарда халық саны ондаған есе өскен. Бірақ бірде-бір өрт сөндіру депосының, тіпті қарапайым өрт сөндіру көлігінің болмауы халықты әбден ашындырған. Мәселен, елордадан таяқтастам ғана қа­шықтықтағы Қараөткел ауылында халық саны 40 мыңнан асып жығылған. Алайда өрт сөндіру депосы күні бүгінге дейін ашылмаған. Тұрғындардың айтуынша, осыдан 7 жыл бұрын өрт сөндіру депосын салуға жергілікті билік арнайы жер де бөлген. Бірақ құрылыс содан бері бастал­маған күйі қалған. 

Аса күрделі жағдай былтыр қыста басталды. Өрт болғанда бізге өрт сөндіру көлігі 40 минут, тіпті одан да ұзақ уақытта келеді. Мәселен, ауылда базар өртке оранғанда өрт сөндіру көлігі қатып қалған сумен келді. Одан кейін қа­ла­дан тағы көлік шақырғанша, ба­зар­дың жартысына жуығы өртеніп кетті. Өрт оқиғалары қатты көбейіп жа­тыр. Біз депо салып беруін жалына сұ­­­рай­­­мыз. Өйткені көпбалалы, әлеумет­тік жағдайы төмен отбасылардың үйлері өртеніп кетті. Төтенше жағдайлар коми­тетіне Целиноград ауданында деполар салу қажеттігі жөнінде хат жаздым. Екі күн­нен кейін маған қаланың төтенше жағ­дай қызметкері хабарласып, өрт сөн­діру депосының жоспарланғанын, өрт сөнді­ру бекеті барын жеткізді. Бекетке барсам, тек тәжірибе жинап жүрген студенттер ғана отыр. 22 қазан күні өрт болып жергілікті қауымдастық тө­рағасы­ның үйі өртенді. Ол өрт сөндіру көлігі кел­­­­­генше 1 сағат 40 минут болға­нын есеп­теді. Келген балалар қолғапта­рын кие алмай біраз тұрды. Бекет болға­ны­­мен, олардан қаладан өрт сөн­діру­шілер бұрын келді. Қала мен ауыл арасы – 15 шақырым. Ал өрт сөндіру бе­кеті тиіп тұр, – дейді Қараөткел ауы­лы­­ның жергілікті қауымдастық өкілі Жанар Хасенова.

Тұрғындардың айтуынша, былтыр Қараөткелге өрт сөндіру көлігі бөлінген. Бі­рақ жергілікті тұрғындар бұл туралы тіпті естімеген. Ал өрт сөндірушілер ара­ға тек 40 минуттан аса уақыт салып ба­рып жетеді. Мұнымен қоса, су құбы­рында ысырманың болмауы да ауыл тұр­ғындарын әбден қинапты. Құбыр жарылғанда тұтас Қараөткел округін, яғни Қаражал, Қараөткел мен Жаңажол ауылдары түгелдей судан ажыратылады. 

– Әкімдіктің ресми хатында 2022 жыл­­­­дан бастап компаниямен жыл сайын өрт сөндіру қауіпсіздігін қамта­масыз етуге келісімшарт жасалып, атал­ған мақсатта 25 миллион теңге бөлінетіні көрсетілген. Бізде рейд шаралары өткізі­летіні жазылған. Бірақ біз ол туралы естіген де емеспіз. 600 бүктеме қағаз та­ра­­­­­­­тып, тұрмысы төмен отбасыларға 51 дат­чик орнатты. Барып көргенде кейбіреуінде оның өзі болмай шықты. Бізге берген көлік арада үш ай өтпей сынып қалды. Бірде түн ішінде өрт бо­лып учаскелік полиция инспек­торының өзі өрт сөндіру бекетіне хабарласа алма­ды. Бізде тіпті «өртті қасақана қойып жүргендер бар ма?» деген күдікті ой да бар. Өрттің қайдан шығып жатқанын ешкім білмейді, – деп толықтырды Жа­нар Хасенова. 

Елорда маңындағы ауылдардағы өрт сөндіру жағдайының аса күрделі екенін Целиноград ауданы әкімдігі де растады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, Қара­өткел ауылында екі бірдей өрт сөндіру депосын салуға жалпы аумағы 0,55 гек­тар жер учаскесі бөлінген. Ал басқа да ауылдарда өрт сөндіру мәселесін шешу үшін Астана әкімдігі кешенді шара­лар жүргізіп жатыр. 

– Қазір Астана айналасындағы агло­мерацияларды дамытудың шеңбе­рінде Астана қаласы әкімдігі кешенді жос­пар жасап жатыр. Онда өрт сөндіру депо­сының құрылысы да қарастырылған. Жыл сайын Целиноград ауданы әкімдігі тұрмыстық және дала өрттерінің алдын алу және жою үшін келісімшарт жасала­ды. Қызмет көрсететін ұйымның қажетті техникасы мен құрылғылары жұмыс іс­теп тұр. Ірі өрт жағдайында Астана қала­сы­нан өрт сөндірушілер шақыр­­тылады. Елорданың іргесіндегі Үркер ауылында жаңа өрт сөндіру депосының құрылысы басталған. Ол биыл аяқталмақ. Де­по іске қосылғаннан кейін жақын маң­дағы ауылдарда да өрт сөндіруге аралас­ады. Қараөткел ауылында мемлекеттік өрт сөндіру қызметі жоқ. Жеке өрт сөн­­­діру компаниясымен келісімшарт жасал­ғ­ан. Олардың бір өрт сөндіру көлігі мен 9 қызметкері бар. Қараөткелге ең жақын өрт сөндіру депосы 22 шақырымдағы Ақмол ауылында. Мұнда өрт сөндіру  депосын салу 2024-2029 жылдарға ар­налған Астана агломера­­­циясын дамыту бағдарламасында ғана қарас­тырылған, – дейді Целиноград ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен. 

Елордаға жақын ауылдарда өрт оқи­ғаларының көбейіп, оны сөндіруге тө­тен­­ше жағдай қызметінің қауқары жет­пей жатқанын облыс әкімі де мойын­дады. Таяуда Целиноград ауда­нына барып қайтқан өңір басшысы Марат Ахмет­жановтың айтуынша, Аста­­на маңындағы ауылдарда өрттің жиілеуіне халық санының көбеюі себеп болған. Оның үстіне, олардың көбі сол ауылдарда тіркелмегендіктен, өрт сөндіру мекемелері ашылмай отыр.

Иә, қазір Астана маңындағы ауылдар мен өрт сөндіру мәселесі аса өзекті бо­лып тұр. Өйткені мәселен, Қосшы қала­сында тіркелген халық саны 40 мың бол­са, іс жүзінде 80 мыңнан астам адам тұрады. Жібек жолы, Қараөткел, Қара­жар, Үркер, Талапкер, Бозайғыр сияқты басқа да ондаған ауылдарда да дәл сондай жағдай. Сондықтан бұл мәселе бойынша құзырлы төтенше жағдай министрлігіне, Үкіметке халықты тіркеумен емес, іс жү­­зінде тұрып жатқан халық есебі бойын­­ша өрт сөндіру депосын салу қа­жеттігі жай­лы арнайы кіріп, мәселені егжей-тег­жей­­­лі түсіндірдім. Астана маңы агло­мера­циясындағы жағдай тек осы мәселе шешімін тапқанда ғана жүзеге асырыл­­мақ. Қазір Үкіметте қаулы әзірленіп жатыр. Осыдан кейін мәселе оң шешімін тауып Астана маңы агломе­рациясында өте үлкен жұмыстар жүргізілмек, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Сонымен, елорда маңындағы елді ме­кендерде тілсіз жауды тізгіндеп ауыз­­­дықтау жуық арада жүзеге аспайтыны анық байқалды. Түйткілдің түйінін тар­қату – алдағы жылдардың еншісінде болмақ... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы