Автокөлік нарығы нағыз рево­­­лю­­цияны бастан өткеруде. Әр­­түрлі қытайлық брендтер на­рық­­­қа еніп, жаңа автокөліктер нарығында ғана емес, қайта­­­лама нарықта да елеулі өзге­­­рістерге себепкер болды.
Көлік нарығы құбылған уақыт
1,861
оқылды

Қа­зақ­­­­­­­­­­­стан автокөлік одағының хабарлауынша, 2023 жылдың 11 айында еліміздің автоди­лері 175,3 мың дана жеңіл автомобиль мен жеңіл коммер­­­циялық техника, сондай-ақ жүк көлігі мен автобус сатқан. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен са­­­­лыстырғанда 59%-ға артық. Одақтың мәліметінше, қараша айында 17,5 мыңнан астам ав­­то­техника сатылған. Бұл 2022 жылғы қарашаға қара­­­ғанда 54%-ға артық.

2023 жылдың 11 айындағы сатылым көрсеткіші тарихи рекорд болып отыр. Осы уақытқа дейін 2013 жылғы сатылым деңгейі рекордтық көрсеткіш болды – ол кезде бір жылда 165 мыңнан астам көлік сатылды. Жыл қорытындысы бойынша жаңа автомобильдердің жалпы жылдық сатылымы шамамен 193 мың бірлікті құрайды деген болжам бар. Бұған дейін 2013 жылы елімізде 165 мың жаңа авто­­­көлік сатылып, тарихтағы ең жоғары көр­­­сеткіш ретінде тіркелген болатын. 

Ел азаматтарының жаңа кө­­ліктерді көбірек сатып ала бас­тауының басты себебі таң­даудың кеңеюінен дейді сарап­шылар. Халықтың сатып алу қабілеті өзгеріссіз қалғанымен, нарық­­­­тағы ұсы­­ныстың кеңеюі сауда көлемінің айтар­­­лықтай артуына сеп болды. Көптеген бренд несиелеу және бөліп төлеу бағдар­­ла­маларын ұсыну арқылы сатылымды арттырды. Нәтижесінде, еліміздегі авто­­мобиль паркі жаңара түсті. Қазір адам­­­дардың таңдауы технологиялық маши­­­­наларға көбірек ауа бастады. Мәселен, жүргізуші ассистенті камералар мен сенсорлы жүйелер, сенсорлық экран дис­­­плейіне көбірек көңіл бөледі. Соны­мен қатар электромобильдердің жаңа тенденциясы пайда болды. Іс жүзінде ешқандай сұранысқа ие болған жоқ және нарықтағы ресми дилерлердің ұсыныс­­тары да өте аз болды. Дегенмен нарықта тек электромобиль шығаруға мамандан­дырылған брендтер пайда болады. Са­­­рап­шылар алдағы жылы автокө­­­ліктерге тапшылық пен кезек болмайды деген пікірде. Дилерлер банкке қарағанда тө­мен пайыздық мөлшерлеме ұсына оты­рып, жаңа көліктерді несиеге сатып алу­ды субсидиялауды жалғастырады. 

Қазақстандықтар «кімді» таңдады?

Қазақстан автокөлік одағының мәлі­­метіне сүйенсек, қарашаның соңында елдегі автокөліктің орташа бағасы 14 млн 810 мың теңгеге дейін төмендеген. Бұл жағдай елдегі автокөлік саудасының артуына оң әсер еткен. Қазақстан мен Қы­тай арасында шекара ашылғаны се­бепті баға одан да төмендей түсуі мүм­кін. Екі ел арасында ағылған адамдар көлік әкелуді де көздеп отырғаны жасы­рын емес. Одан бөлек, отандық авто өндіру­­шілер сұранысқа заманауи көлік­­тер шығаруда ешкімнен кем түспей отыр. Былтырғы қаңтар-қараша айла­­­­­­­­рында елдегі автокөлік өндірісі жалпы құны 1,65 трлн теңгенің өнімін әзірлеген. Нә­­тижесінде, 124 мың жеңіл көлік құрас­­тырылған. Жылдық өсім деңгейі 40 па­йызға жуықтады. 

Қазақстан автокөлік одағы ұсынған ресми деректерге қарасақ, былтыр нарық тұтынушылары арасында Cobalt көлігі ай­тарлықтай сұранысқа ие болған. 2023 жылдың 11 айында отандық зауыт­тар осы үлгінің 23 мыңнан астам данасын шығарған. Одан кейінгі орында – Hyundai Tucson және Kia Sportage.

Статистикаға қарап, соңғы уақытта қазақстандықтардың отандық өнімге деген сенімі арта түскенін көруге болады. Тұтынушыларды табыс деңгейіне қарап әртүрлі санатқа бөлуге болады. Бір бөлігі өз ақшасына қолма-қол сатып алса, екін­ші бөлігі банктер ұсынған несиелік өнімдер арқылы сатып алуды жөн са­найды. Былтыр елімізде ең көп шыға­рылған жеңіл көлік Hyundai бренді бол­ған. Алматылық кәсіпорындар бұл көлік түрінің 45 мыңнан астам данасын нарыққа шығарған. Одан кейінгі орында 37 мыңға жуық көлік өндірген Chevrolet маркасы, үшінші болып 23 мың шама­сында көлік құрасстырған Kia жайғасқан. Бұл бестікті қытайлық JAC және Jetour көліктері аяқтайды. 

Импорт vs Экспорт

Соңғы уақытта темір тұлпар импорты да арта түскен. Был­тыр қаңтар-қазан ара­сында 45 мың жеңіл көлік Қытайдан енген. Мем­лекет басшысының Қытай­­мен арадағы келіссөздері нәтижесінде екіжақты сауда-саттық арта түскен. Елі­міз шетел­дік көлік импорты үшін ашық бол­ғандықтан, тұтынушылардың да талғамы түрлі брендке тоқталады. Осы жылы қытайлық автоөндірушілер тара­пынан премиалды брендтер бо­йын­ша бірқатар баламалы бренд бізге келді. Нарықтағы сұраныстың орны біршама толықты. Мамандар отандық автона­рықтың бо­лашағы жарқын екенін айта­ды. Жыл аяқталған соң былтырғы бол­жамдардың растал­ғанын көреміз. Ав­­­то­­көлік на­рығын мони­торингілеу және талдау орталығының мәліметінше, пандемияда әсерінен импорт әлсіресе де, отандық автонарық үшін 2022 жыл біршама табысты болған. Орталық ма­ман­дары алдағы уа­қытта жаңа көлік­тердің бағасы тұрақталады деген сенімде. Соңғы жыл­дары нарықтағы қатты тап­шылық көлік құнының көтерілуіне себеп бо­лып келді. Енді жекелеген бренд­­тердің бір­қатар үлгісіне баға тұрақ­тануы мүм­кін. Отандық авто­­­­­зауыттар құ­­растырып жатқан өнімдердің басым бөлігі – жеңіл көлік. Мұның сыртында был­тырғы 11 айда 8 200 жүк көлігі, 2 600-ден астам автобус, мыңнан астам тір­кеме және 540 өзге де арнайы тех­ника кон­вейерден шықты. 

Қарымта бермеген «Қытай»

ҚАО деректеріне сай 11 айдың қоры­­тындысы бойынша ең танымал бренд­­тердің бестігіне барлық саты­­­­­­лымның 24% үлесі бар Hyundai, Chevrolet (22,8% үлесі), Kia (13,2% үлесі), Chery (6,2% үле­сі) және Toyota (5,3%) кірді.

Қытай өндірушілерінің қаңтар-қа­­раша айларындағы көліктері барлық са­тылымның 24,7% – дан астамын құра­ды. 2023 жылы қытайлық автомо­­биль­­­­­­дерді сатып алу бүкіләлемдік тенденцияға ай­налды. 

Қытайлық автоөндірушілері 2024 жы­­­­­лы да үрдіс жалғасын табады деп сенеді, демек әлі де Қытайдан жаңа модель­дер мен маркалар келуі мүмкін. 2022-2023 жылдары жергілікті автокөлік әуесқойлары арасында салыстырмалы түрде таныс автомобиль нұсқалары отандық нарыққа енді. 

2023 жыл – Қытайдың автомобиль өнеркәсібі тарихындағы тағы бір ма­ңызды кезеңге айналды. Электрлендіру, барлау және басқа салалардағы техно­­­логиялық және баға артықшы­­­лықта­рының арқа­­сында қытайлық авто­мо­биль компа­­­­ния­лары дәстүрлі шетел­­­дік авто­­мо­­­­биль ком­­панияларына қарағанда тезірек дамып, жетіле түсті. Бірінші рет жаһандық автомо­­биль картасында осын­дай тенденция пайда болды. Қы­­тайдың автомобиль өнеркәсібі жылдар бойы жинақталған тәжірибесін 2024 жылы тағы бір рет көрсетіп, саланы серпін беруі бек мүмкін.

«Жылдамдығы» әлсіреген Жапония

2023 жылдың алғашқы жартыжыл­дығында Қытай көлік экспорты жа­­ғынан Жапонияны басып озып, әлем­дегі ең ірі автомобиль экс­­­порт­таушысы атанды. 2023 жылдың қоры­тынды деректері әлі жария­­­ланбағанымен, әлемдік басылым­дар Қытайдың Жапо­­­ниядан асып түсе­­­­­тінін болжап отыр. Жақында ҚХР-дың 2023-2024 жылдар­­­дағы жыл сайынғы экономикалық кон­­­ференциясында авто­­­­­­­мобиль экс­порты 2023 жылы 5 мил­лион­нан асып, жаңа тарихи рекорд ор­натқаны мәлім болды. Бұл елдің автомо­биль экспортына қа­­­тысты 2024 жылға арналған жоспары да орасан. Қытай автоөндірушілер қауым­­дас­тығының бол­­жамы бойынша Қы­­тайдың автомо­биль экспортының көле­­­мі 2024 жылы шама­­мен 5,5 млн авто­­­­мо­­­­­­­бильге дейін ұлғаяды.

Қазір бұрын ресми өкілдіктері Ресей Федерациясында болған брендтер белгілі саяси себептер бойынша Қазақстан на­­рығын жоғалтқысы келмейтінін көр­сет­ті. Орталық Азия аймағы автомобиль ком­паниялары үшін маңызды. Кейбір брендтер Қазақстанда өкілдіктерін аша отырып, тек Қазақстанға ғана емес, Қырғыз­­­­­­­­станға, Тәжікстанға, Түрікмен­­­станға да назар аударады.

Автокөлік шығару шыңына жетті ме?

Edmunds халықаралық сараптама ортылығы автокөлік сатылымы 2024 жы­лы баяулайды деген болжамымен бөлісті. 2022 жылғы бүкіләлемдік логистика хаосы аяқталған соң автоөндірушілер өт­­кен жылы салыстырмалы түрде көбі­рек көлік сатты. Дегенмен қазір жоғары пайыздық мөлшерлеме сатылым мөлше­рін алқымға алады деген долбар бар.

Нарықты зерттеуші Edmunds орта­­лығы бұл сала биыл 15,7 миллион авто­­мобиль сатады деп күтеді. 2022 жылғы са­­ты­лым 15,5 миллионға жетіп, 12 па­йызға өскен еді. Онымен салыс­­­тыр­­­ғанда бұл қалыпты өсім саналады.

Орталық мамандарының ай­туынша, нарық толық қам­тылды деп айтуға әлі ерте. Бі­­рақ несие ахуалын ескерсек, бұл сала биыл айтарлықтай өсім көрсетеді дей алмаймыз. Коронавирустық панде­­­мия автомобиль бөлшектерінің жетіс­­пеу­­шілігіне себеп болды. Бұл өндіру­­шілерге ауқымды көлемге автомобиль шығаруға мүмкіндік берген жоқ. 

Жылдар бойы баға қымбаттаса да автокөлік сатып алу үшін нөл пайыздық несиелерді пайдалану мүмкіндігі саты­лым деңгейін ұстап қалуға себеп болды. Бірақ Федералды резерв базалық мөл­шер­­­­лемені көтергеннен кейін нарық субъек­тілері мұндай құралдардан бас тарт­ты. Edmunds деректеріне сүйенсек, 2023 жылдың төртінші тоқсанында бөліп төлеуге сатылған жаңа көліктер барлық сатылымның 2,3 пайызын ғана құраған.

Алпауыттар арпалысы

Tesla 2023 жылы 1,8 миллион авто­мобиль сату арқылы Илон Масктің алға қойған жыл басындағы межесінен асып жығылғандай болды. Алайда қытайлық танымал BYD автокөлігі компаниялар арасындағы бәсекелестікте Tesla акция­­ларының бағасына тағы да соққы берді. Қаңтардың басында Tesla акцияларының бағасы 4%-ға төмендеді. Деректер Tesla-ның жаһандық өндірісі 2023 жылы ша­мамен 1,85 миллион автокөлікке жетіп, жыл сайын шамамен 35%-ға арта­ды; жаңа көліктердің жеткізілімі шама­мен 1,81 миллион көлікті құрайды және ша­мамен 38%-ға артады.

Дегенмен 2023 жылы Tesla Илон Маск­­­тың алға қойған мін­детіне қол жет­кі­зу үшін көп күш жұмсады. Мәселен, былтыр Tesla бағаны жиі арзандатып, Model 3 және Model У бағалары бір кезде­­­­­рі ең төменгі деңгейге дейін тө­мендеді. 

Қазір BYD-тің жаңа энергетикалық көлік құралдарын өндіру саласы әлемнің алты континентіндегі 70-тен астам ел мен аймақты қамтиды. Біраз уақытқа дейін BYD Tesla-дан асып түсіп, ел ау­зында болды. Бірақ Илон Маск BYD және Tesla сатылымдарын салыстыр­­­­­ған­­­дарға қатысты: «BYD және Tesla салыс­­­­тыруға келмейді. Біз жасанды интеллект және робот компаниясымыз», – деп жауап қатқан. Алайда әлем көзқарасы бойынша, Teslа технологиялық компа­ния деп мәлімдегенімен, қазір автомо­биль сатылымы әлі де компанияның не­гізгі кіріс көзі болып отыр. Сондықтан Tesla-ны басқа да электрлі автокөлік компанияларымен салыстырмау қиын.

Сату көлемі ғана емес, сонымен қатар BYD және Tesla-ның 2023 жылғы үшінші тоқсандағы қаржылық есептері жарияланғаннан кейін де әлем екі ком­­па­­нияның кірісін есептеп, шамалас еке­нін көрді. Бірақ жалпы пайда тұрғысынан BYD 2023 жылдың үшінші тоқсанында 19,79%-ға жетіп, Tesla-ны үш тоқсан қата­рынан басып озды.

Кәмила ЕРКІН