Әр адамның қызығушылығы, табиғатына сай сүйікті ісі бар.
Ағаштан түйін түйіп, айына миллион теңге табуға болады – шебер
Фотоға түсірген автор
3,993
оқылды

Бірі оны арман күйінде қалдырса, енді бірі бойындағы қабілетін дамытып жатады. Бүгінгі кейіпкеріміз Ермек Кәрімұлын екінші топқа жатқызуға болады.

Ағаштан түрлі бұйым жасайтын шебер көнеден келе жатқан қолөнерді жандандыруға үлесін қосып жүр. Сонымен бірге, бүгінгі нарық заманында Астанадай алып шаһарда халық сұранысына сай еңбек етіп, несібесін де осы сүйікті ісінен тауып отыр. Қолынан шыққан түрлі бұйымын алдына тізілте қойған шеберді қаладағы сауда орнында өтіп жатқан көрмеде кезіктіріп, әңгімеге тартқан едік. 

 

Фото: Ермек Кәрімұлының жеке архивінен

Кейіпкеріміз Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Балалық шағы да сол жерде өтіпті. 1997 жылы көркемөнер колледжіне сурет мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуды тәмамдаған соң мұғалім болып жұмыс істеген. 2005 жылы Қазақстанға қыдырып келеді. Сөйтіп, елде қалуды ойлаған ол бұл мақсатына 2006 жылы жетті. Осылайша, Қарағанды облысы Шахтинск қаласына табан тірейді. Елге келген соң, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Екі қолға бір күрек іздеген ол түрлі жұмыс істейді. Екі жылдай сурет мектебінде мұғалім, одан кейін сауда-саттықпен, жеке кәсіппен айналысады. Сөйтіп, 2011 жылдан бастап қолөнерді қолға алады. 

 

Бала кезінен атасы мен әкесінің ағаштан құрал-сайман жасағанын көріп өскен әрі суретші мамандығын бітірген оған бұл істі  үйрену қиынға соқпапты. Осы кезден бастап ағаштан түйін түйе бастады. Қолынан шыққан бұйымдары жұртқа ұнап, тапсырыс бере бастаған соң, сүйікті ісін кәсібіне айналдырды. Ағаштан түрлі бұйым, атап айтқанда ыдыс-аяқ, музыкалық аспап, үй жиһаздарын жасай бастайды. Сөйтіп, алдымен кішігірім шеберхана, кейін цех ашқан. Оған біртіндеп қажетті құрал-саймандар, құрылғылар алды. Әрине, бұл – оңай дүние емес. Шыдамдылықты, табандылықты, қажырлылықты қажет ететін шаруа. Мұның артында қаншама еңбек жатыр. Ол күні-түні еңбек етіп, мақсатына жеткен болатын. 

 

Шебер жұмысы тұралап қалған кезде де, тығырықтан шығудың жолын тапты. Мысалы, елде вирус тарап, карантин енгізілгенде ұсталардың жұмысы жүрмей қалғаны рас. Алайда қарекет қылмай, қарап отыруға болмайтынын түсінген ол бұл уақытта күбі жасауға көшкен еді. Өйткені дәл сол кездерде қымызға арналған күбіге сұраныс артқан. 

«Карантин кезінде жұмысымыз жүріңкіремей қалды. Сол кезде адамдар қымызды көп алып жатқанын байқап, күбі жасай бастадым. Сұраныс жақсы болды. Негізі, таңнан кешке дейін тапжылмай істесеңіз, күбіні бір күнде жасап шығуға болады. Пандемия кезінде тіпті, тынбай жұмыс істеп, бір күнде екі күбі жасаған кездерім болды. Мен үшін анау айтқандай қиын шаруа емес. Тек ерінбей еңбек ете білсеңіз болғаны. Қазір де күбіге сұраныс жақсы. Бізде көктем кезінде, мамыр айынан бастап шілдеге дейін мүлде демалыс болмайды. Өйткені осы уақыттарда күбіге тапсырыс беретіндер көбейеді», – дейді Ермек Кәрімұлы. 

Бүгінде кейіпкеріміздің көп уақыты шеберханада өтеді. Бұл жерден ағаштан жасалған ыдыс-аяқтың түр-түрін, үй жиһаздарын, орындықтарды көруге болады. Мұны арнайы құрал-саймандармен жасайды екен. Өйткені ағашты кесіп, ойып қана қоймай, оның бетіне түрлі ою-өрнек салынады. Шебер қажетті құрал-саймандарын темір ұсталарына тапсырыспен жасататынын айтады. Тіпті кейбіреуін өзі жасап алады екен. 

 

Шеберханада ет тағамына арналған дәстүрлі ағаш табақ – астаудың да бірнеше түрі бар. Үлкеніне ас салынса, кішісі қой басын салуға арналған. Бұдан бөлек, бауырсақ, нан, жеміс-жидек салып қоюға арналған ыдыстар да тұр. 

Он саусағынан өнер тамған шебер астаудың жасалу технологиясы туралы айтып берді. Ол үшін алдымен ыдыс жасауға арналған ағаш түрін таңдау керек. Ермек Кәрімұлы ыдысты тек қана қайың ағашынан жасайтынын айтады. Өйткені қайың басқаларына қарағанда таза ағаш әрі мықты, берік болып келеді. Жасалу уақытына келсек, ағашты кескеннен кейін кебуін есептегенде, бір айдан астам уақыт кетеді екен. Астауды ағаштан қашап, формасын келтіріп алған соң, сыртқы жағы ою-өрнекпен безендіріледі. Шебер ет бұл ыдыста ұзақ суымай тұратынын әрі дәмді болатынын айтады. 

Осы тұста ағаштан жасалған ыдыс-аяқтың күтімі туралы білгеніңіз жөн. Ал мұны шеберден артық кім білген?

«Ағаш ыдыстардың күтіміне келсек, ішін жақсылап маймен майлаймыз. Ары қарай күнделікті тамақтың майымен-ақ майланып тұрады. Күнделікті жуып, дымқыл емес, құрғақ жерге беті ашық күйінде қойса, ешқашан қалпын бұзбайды, тұра береді. Ал салқын, дымқыл жерге қойса, көгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан ағаш ыдысты ауа өтіп тұратын жерде сақтау керек», – дейді ол.  

«Шебердің қолы – ортақ» демекші, бүгінде Ермек Кәрімұлының қолынан шыққан бағалы бұйымдар көптеген шаңырақтың сәнін келтіріп, берекесін арттырып тұрғандай.

«Қанша дегенмен қолдан жасалған жұмыс бөлек болып, ерекше көрініп тұрады» – дейді өзі де. 

Ерінбек еңбек еткен адам мақсатына жетеді. Шебер күн-түн демей еткен еңбегі ақталатынын айтады. Ол әрине, алдымен жұрттың алғысы болса керек. Содан кейін кейіпкеріміздің айтуынша, осылай еңбек ете жүріп те, айына миллион табуға болады. 

 

Кейіпкеріміз енді үлкен кәсіпорын, зауыт салуды армандайды. Бұл орайда әттеген-ай дейтін мәселе де жоқ емес. Ермек Кәрімұлы бүгінде елімізде ағаштан түйін түйген шеберлер көп болғанмен іс жүзінде оларға қолдау білдіретін бірде-бір бағдарлама жоқ екенін айтады. Сондықтан көбі басқа салаға ауысып жатыр.

«Қолдау болса, бәріміз бірігіп дәстүрлі қолөнерімізді дамыта түсер едік», – дейді шебер. Қолдау болса қолөнер де дамитын еді. 

Бұған дейін Атыраудың сортаң топырағына лимон өсірген еңбекқор бағбан  туралы жазған болатынбыз.