Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын, 2022 жылғы 7 қарашада Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың «Адай жылқысы» еліміздің брендіне айналатынын айтқан болатын.
Адай жылқысы: ұлттық қазынамыз ұлықталды
1,397
оқылды

Содан бері мемлекет ғалымдармен, сарапшылармен бірге салмақты жұмыс жүргізді. Міне, Адай жылқысы «дербес тұқым» ретінде танылып, арнайы патентке ие болып, ресми мәртебесі бекітіліп отыр.

– Халқымыз үшін жылқының орны қашанда ерекше. Қазақтың Адай жылқысын Маңғыс­­­­таудың бірегей байлығы деуге болады. Бұл арғы­­мақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға тө­­­зімді екенін бәрі біледі. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық марафон жарыс­­­тарында әрдайым бәйге алып жүр. Қазақы Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, бұл біздің тағы бір тамаша брендімізге айналады! Сондықтан Үкіметке оны ғылыми түрде асылтұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыс­­­тарды жедел қолға алуды тапсырамын, – деген болатын маңғыстаулықтармен кездесуде Пре­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Әділет министрлігі Адай жылқысының жал­­ғыз емес, бірден 6 жаңа тұқымын «жаңа ұлттық бренд» ретінде тіркеп, патент берді. 

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің Апро­­­бация жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қо­рытындысы негізінде Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институты Адай жылқысының жаңа 6 тұқымын «селекциялық жетістік» ретінде тіркеді. Мұнда 3 патент – мініс аттарына, 2 патент – ішкітұқым түрлеріне және 1 патент  «Адай тұқымы» жылқысына берілді. Соның негізінде 6 тұқым да селекциялық жетіс­­тіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркелді. Па­­­тент иеленушінің селекциялық жетістікті пай­­­далануға айрықша құқығын, оның басымды­­ғы мен селекционердің авторлығын куәландыра­­­тын патенттер берілді», – деді Әділет министрлі­­­­гі­­­­нің ресми өкілі Талғат Уәли. 

Оның айтуынша, патенттер беру туралы мә­­ліметтер 2023 жылғы 29 желтоқсанда ресми бюллетеньде жарияланды. Осылайша, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бұл тапсырмасы орын­­­далды. 

Мұнымен іс бітпейді: Президент Маңғыстау облысына сапарының қорытындысы бойынша Үкіметке Адай асылтұқымды жылқысын ғылыми тұрғыдан дәлелдеумен ғана шектелмей, оның басын, өсімін молайту бойынша жедел жұмыс жүргізуді жүктеген болатын. Әйтпесе, Үкіметтің 2021 жылғы 30 желтоқ­­сан­­­­дағы №960 қаулысымен бекітілген 2030 жылға дейінгі «Қазақстан Республикасының агро­­өнер­кәсіптік кешенін дамыту тұжырым­­­­дама­­­­сында» Қостанай, Адай жылқысы сияқты ұлттық бренд­­­терді дамытуға жете көңіл бөлінбе­­­ген. Ауыл шаруа­­­­­­­шылығы министрлігі бұл бағдар­­­­ла­­­­­­­­­­­малық құжат­қа бүгінде өзгерістер мен толық­­­тырулар әзірлеп жатыр. Әділет министрлігі өкілінің түсіндіруінше, «дербес тұқым» ретінде мойын­­­далып, жаңа тұ­­қым­дарына патент берілуі және оның жаңа ұлт­­тық бренд ретінде тіркелуі жаңа мүмкіндік­­­терге жол ашады. Біріншіден, осының арқасында Адай жылқысы қарапайым мал ретінде құрып кетпей, дербес асыл тұқым ретінде сақталады. Бұ­ған бұдан былай мемлекеттің өзі мән беруге тиіс. 

Екіншіден, ғылыми-зерттеу институттары, мемлекеттік құрылымдар мен ғалымдар Адай жылқысын селекциялап, іріктеуге, яғни жаңа тұқымдарын алуға күш салады. Бұған бюджеттен қаражат қарастырылады.

Үшіншіден, бұл асылтұқымды жануар Қазақ­­станның ұлттық бренді ретінде дәріптеледі. Мұ­ны елдің бір киесі саналатын түрікменнің әйгі­­­лі Ақалтекесінің мысалында қарастыруға болады. Қ.Тоқаев 2021 жылғы 24 қазанда Түрік­­­­менстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында Ашхабад қала­­сындағы Ахалтеке жылқысына арналған кешенге арнайы ат басын бұрып, ара­­­лап көрген болатын. 

Елдің сол кездегі Президенті Гурбангулы Берді­­­­­мұхамедов Қазақстан лидеріне дәл иппо­­дромда дастарқан жайып, түрікменнің осы тұ­қымдас арғымақ аттарының өнерін мақтана паш еткен еді. Ендеше қазақ елі де Адай тұқымын ары қарай асылдандырып, «бізде мынадай бар, мынадай бар!» деп бар әлемге мақтан тұта көр­сете алады.

Қазақстанда өтетін ат жарыстарына негізінен ағылшын, араб тұқымдас жылқылар көбірек түсіп жүргені байқалады. Себебі бұл әлем таны­­­ған спорт жылқысы тұқымдары. Түрікменнің Ақалтекесі де жақын қашықтыққа атқан оқтай зулайды. Ал қазақ жылқысының, соның ішінде Адай жылқысының мінезі де, әлеуеті де оларға қа­рағанда мүлде ерекше. Кең тынысты, мол шабысты, табиғатынан темірдей төзімді, текті жануар бабы келіп, бауыры жазылып шапса, отты жанарымен айналасын шолып, ауыздығын қарш-қарш шайнап, жер апшысын қуырады. Әрі мінезді, намысқой: алдына қара түсірмеуге ты­­рысады. 

Адай жылқысы халықаралық сарапшылар арасында да алысқа шабуға шыдас беретінімен жоғары бағаланады. Сол қасиетінің арқасында Қазақстан тарихында тұңғыш рет, 2022 жылғы 18 қыркүйекте басталып, 12 күнге созылған «Ұлы да­ла жорығы» аламанында Адай жылқыларын жаратып, жарысқа қосқан маңғыстаулық шабан­­доздар жеке-дара озды. Елордадан Түркістан қаласына дейінгі 1 200 шақырымнан аса қашықтықты шаршап, шалдықпай еңсеріп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Сөйтіп, 19 өңірден жиылған 200-ге жуық сәйгүлікті артқа тастады.

2023 жылғы «Ұлы дала жорығы» марафонында да Адай жылқылары жеңісті олжалауы мүмкін еді. Тұлпарларды баптауда ондаған жыл тәжіри­бесі бар атбегі Әлеке Бөлтековтің айтуын­­­ша, былтырғы республикалық марафонның 1 мың шақы­рымдайында маңғыстаулық команда алғашқылар қатарында келе жатқан. Бірақ жүй­рік­­­­тердің бірі жарақат алуы салдарынан бүкіл командаға жарыс жолынан шығуға тура келіпті. 

Адай жылқысы осы уақытқа дейін де талай бәйгеде, соның ішінде халықаралық жарыстарда олжа салып, бас жүлделерді қанжығалап келеді. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан біріншілігінің бас жүлдесін жеңіп алды. 2013 жылы Ресейдің Рязань қаласында өткен халықаралық бәйгеде өзге қарсыластарын шаң қаптырып, тезек тергізіп, 1-орынды даусыз алды. 2015 жылы Франциядағы дүниежүзілік бәйгеде өнер көрсетіп, Латын Америкасынан, Сауд Арабиядан келген кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болды. 

Халықаралық стандарттар сақталды

Маңғыстау облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Ташимов Адай жылқысына арнайы мәртебе алу үшін респуб­ликалық деңгейде үлкен іс тындырылғанын, же­ке мемлекеттік комиссия құрылғанын еске сал­ды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік инспекция комитетінің бұйрығы­мен құрылған комиссия Маңғыстау облысының барлық ауданын аралады. 

Өйткені «қарға баласын «аппағым» дер, кірпі баласын «жұмсағым» дер» дегендей, кез келген аттың иесі оның тұқымын «асыл» деп дәріптеуі мүм­кін. Мұны ресми тану үшін халықаралық стандарттарға негізделген арнайы зерттеу жүр­гізіліп, ғылыми тұжырымдалуы тиіс.

– Осыған орай комиссия мүшелері 1 400-ге жуық Адай жылқысының дерек-мәліметтерін алып, жинақтады. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты заманауи технологияларды пайдаланып, әр жылқының генетикалық құрылымын ғылыми сынақтан өткізді. Содан соң мемлекеттік комис­сия Адай жылқысының тұқымы туралы патентті бекіту және алу үшін арнайы іс-шара­ларды ұйымдастырды. Аталған акт Ауыл шаруашылығы және Әділет министрліктеріне жолданды, – деді Қазбек Ташимов.

Адай тұқымы жылқыларына дербес «асыл тұқым» мәртебесін беру аясында бірнеше іс-ша­ра қосымша ұйымдастырылды. Соның бірі – 2023 жылдың 4 қарашасында Кендірліде өткен, 100 шақырымға созылған халықаралық ат жары­сы. Оның барысында шетелден, БАӘ-ден келген 6 төреші адайлық сәйгүліктерді сынады. Бұл тұқым жатжұрттық сарапшылардың биік баға­сын алды. 

Ал республикалық арнайы комиссия құра­мына ауыл шаруашылығы ғылымдарының док­тор­­­лары мен кандидаттары, сондай-ақ асыл­тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мем­ле­­­кеттік инспекторлар кірді. Сонымен қатар комиссия жұмысына Ат спорты федерациясы мен қауымдастығының өкілдері қатысты.

«Бірнеше күн бойы біз ғылыми мақсатта Маңғыстау өңірін аралап шықтық. Деректер жинау үшін 1 400-ден астам жылқының  өлшем­­дері, сынамалары алынды. Бұл жұмысты халықа­ралық стандарттар мен Ат спорты федерация­­­­­­сының критерийлеріне сәйкес жүргізіп, арнайы құралдарды қолдандық. Сапарымыз қатты аяз бен ызғарлы жел маусымына тап келді. Осы ке­­зеңде мамандар бұл жылқы тұқымының қатал табиғи жағдайларға бейімделгенін, төзімді еке­­нін байқады», – деді комиссия мүшесі, ауыл шаруа­­­­шылығы ғылымдарының докторы Сейіл­хан Рахманов.

Барлық процестің халықаралық стандарттар мен нормаларға сәйкес келуі маңызды болған.

Жаңа мәртебе не береді?

Жалпы, Адай жылқысы қолтума тұқым боп есеп­теледі. Яғни, жылқының жеке тұқымы ре­тінде табиғи түрде қалыптаспаған. Маңғыстау­лық сенатор Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, атадан мұраға қалдырылған төл түлектерінің бірі саналатын қазақтың Адай жылқысы «дербес ұр­пақ тобы» ретінде қалыптасып үлгерді. Бұл жыл­қылар Маңғыстау өңірінің қатал климаттық жағдайларына өте жақсы бейімделуімен ерекше­ленеді, шөлді, ыстық, құрғақ климатқа шыдамды. 

Ежелден бері халқымыз оның биологиялық ерекшеліктерін және жұмысқа деген жоғары қабілетін, төзімділігін кәдеге жарата білген.  Оның генотиптік және фенотиптік шығу тегі ХІХ ғасырдағы әр елдің саяхатшылары мен ға­лым­дарының ғылыми-өндірістік зерттеу нәти­желерімен толық айқындалған. Табиғаты­ның шы­дамды болуы арқасында ұзақ қашықтық­тағы халықаралық жарыстардың жеңімпазы болып жүр. 

Қазақ мал шаруашалығы және жемшөп өнді­рісі ғылыми-зерттеу институты жүргізген экспе­ди­­циялық зерттеу қорытындысында «Адай» типтік жылқының саны 90 мыңға жуық басты құрайтыны анықталыпты. Аталған жылқыларды өз бетінше дара тұқымға сынау мақсатында инсти­­туттың ғалымдары үш өнімді зауыт желісін құрды.

Мұның сыртында жылқы шаруашылығымен айналысатын азаматтардың күш салуы арқасын­да бұған дейін «Есболай жирен», «Есболайторы» және «Амандықторы» секілді Адай жылқылары­ның генелогиялық желілері 2010 жылы сынақтан өтіп, патенттеліпті.

Тек мәртебе жетіспей келген. Дербес тұқым мәртебесі болмаса, жылқы тексіз саналады. 

Адай жылқысының жаңа мәртебесі оның алдынан халықаралық өрістерді де ашады. Мысалы, әлемде «Ақалтеке», «Араб», «Ағылшын» секілді өзге елдің асылтұқымды мәртебесі бар жылқылары мен олардың тұқымаралық буданда­ры жоғары бағаланады. Жаһандық іс-шараларда, жарыстарда да солар көбірек қатысады. Енді қазақтың Адай жылқысы да солардың қатарынан лайықты орын алуға тиіс. Қазірдің өзінде Адай жылқысының ішінен шыққан тұлпарлары бірнеше миллион теңгеге сатылып жүр.

Үкімет алда Қамбар атаның асылтұқымды түлектеріне баса көңіл бөледі деген үміт бар. Премьер Әлихан Смайыловтың депутаттарға берген мәліметіне жүгінсек, 2024–2026 жылдарға арнал­­ған бағдарламалық-нысаналы қаржы­ландыру аясында биыл алғаш рет жеке бағдар­лама қолға алынбақ. 

«Атап айтқанда, жалпы қаржыландыру көлемі 3 жылға 682,5 миллион теңгені құрайтын «Адай қазақ жылқылары мен Қостанай тұқымы­­ның салт мініс қасиеттерін сақтау және жетіл­діру» ғылыми-зерттеу бағдарламасын іске асыру қолдау тапты. Нәтижесінде, салт мініс бағытын­дағы жылқылардың жаңа селекциялық сипатта­маларын алу жоспарлануда. Бұл жылқыларды халықаралық аренаға шығаруға мүмкіндік бере­ді. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, соның ішінде Адай жылқысы тұқымын дамыту және жетілдіру мәселесі Үкіметтің бақы­­­лауын­да», – деді Үкімет басшысы Ә.Смайылов.

«Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заңға және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығы жан­уар­­ларының жаңа тұқымдарын, типтеріне, желі­лері мен кростарына сынақ жүргізуді тәртібін бекіту туралы» шешіміне сәйкес,  Адай типіндегі жылқылардың селекциялық жетістіктері мен Адай жылқысы тұқымын ресми тану «бұл құнды асылтұқымды ресурстарды дұрыс пайдалануға серпін береді».

Әлемде дәл қазақ сияқты жылқыға қарыздар бірде-бір ұлт жоқ шығар! Ата-бабамыз, әлемнің жартысын ен жайлаған көшпелілер арғымағының көмегімен ұлы даланы жаудан қорғап, ұрпағына мирасқа қалдыра алды. Жылқы малының қадір-қасиетіне жете білуі арқасында қазақ теңізге шығар жолына, бақ-байлыққа, Ұлы Жібек жо­лындай әлемдік сауданың орталығына қол жет­­кізді. Сондықтан Президенттің тапсыр­масымен қазақтың Адай жылқысының арнайы патенттер алып, жоғары мәртебеге ие болуы – ұлтымыздың жеті қазынасының бірін ұлықтау­дың үздік үлгісі болса керек.

Айхан ШӘРІП