Соңғы уақытта кинотеатрларда жаңа леп ретінде «Дәстүр» фильмі көрермен назарына ұсынылды. Қаптаған комедиядан жалыққан жұрттың легі хоррор жанрындағы киноға ағыла бастады.
Нәзира Рахманқызы: Күрделі кезеңде адам жанын нұрландыратын дүние қажет
1,707
оқылды

Бұл киноға барушылардың ынтасы қалың екенін билет сатылымындағы аншлагтан-ақ аңғаруға болады. Көрермен санасын жаңа жанрмен жаңғыртқан «Дәстүр» жайында кинотанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Нәзира Рахманқызымен әңгімелестік.

– Нәзира апай, бір фильмге байланысты түрлі көзқарастың болатыны – заңдылық. Дегенмен бүгін біз «Дәстүрдің» аясында ой өр­бітсек деп отырмыз. «Дәстүр» – режиссер Қуаныш Бейсектің туындысы. Хоррор жан­рында түсіріліп отырған алғашқы фильм. Кас­салық тұрғыдан алғашқы аптаның өзін­де мол қаражат жинады. Бұл фильмді көр­генде қандай ой түйдіңіз?

– «Дәстүр» фильмі – қазір біздің қо­ғам­да ең көп талқыланып жатқан та­қы­рып­тардың бірі. Бұл, әрине, көрерменнің өз киносына, жалпы өнеріне бейжай қа­ра­майтынының дәлелі ғой. Ең алдымен, айт­қым келетіні – бұл фильмге дейін хор­­­­рордың элементтері бар немесе хоррор жә­не тағы бір жанрдың синтезінен құрал­ған фильмдер болды. Мысалы, 2020 жылы көк­темде (пандемия басталар алдында) про­катқа Ернар Нұрғалиевтың қара ко­ме­дия мен хоррор жанрлары әдемі үйлес­ті­рілген «Жаным, айтсам сенбейсің» деген фи­льмі шықты. Шын мәнінде, бұл фильм де көрермен үшін қызықты болды, ай­нал­дырған 4 күннің ішінде бюджетін толық ақтамаса да, жақсы қаражат жинады. Кейін қырықтан астам фестивальге қа­ты­сып, соның он тоғызында жүлдеге ие бол­ды. Яғни, кез келген дүние өздігінен пай­да бола қоймайды. Сол сияқты «Дәс­түр­дің» дүниеге келуіне ықпал еткен осын­дай фильмдер, одан бөлек басқа да ал­ғы­шарттары болды. 

Фильмді көргенде мені ең алдымен қызықтырғаны – бұл жанрдың эк­­ранымызда он-жиырма жыл бұрын, тіп­ті одан да ерте емес, неліктен соңғы үш-төрт жылда пайда болды деген сұрақ бол­ды. Сондықтан сұрағыңыздың жауа­бын сәл әріден бастағым келіп отыр. Жал­пы, хоррор жанры кеше пайда болған жоқ. Кино өнерінің алғашқы жылда­рын­да-ақ, мысалы Жорж Мельестің біраз фи­­­льмдерінен хоррордың элементтерін көруге болады. Ал нағыз өнер ретіндегі бас­тауы ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы не­міс экспрессионизмімен тығыз байла­ныс­ты. Сонан соң тағы бір қызық сәт бар: қо­ғамда, әлеуметтік өмірде үлкен сілкі­ніс­тер туындағанда хоррор жанрына деген сұ­раныс тым көбейіп кетеді. Жаңағы айт­қан экспрессионизмнің өзі Бірінші дү­ниежүзілік соғыстан кейінгі Гер­ман­ия­дағы әлеуметтік, психологиялық, мора­ль­дық, экономикалық, саяси дағдарыс­тар­дың кезінде тарих алаңына шықты. Не­месе Екінші дүниежүзілік соғыстың адам баласына алып келген күйзелістері 1945 жылдардан кейінгі Америкадағы хор­рор жанрының аса сұранысқа ие болуына ықпал етті. Одан кейінгі ке­зең­дердегі жағдайлар, тіпті кешегі пан­де­мия­ның өзі хоррор жанрына тағы да қарқынды дем берді. 

Сондықтан соңғы жылдардағы қо­ғам­ның көңіл күйі, түрлі әлеу­мет­тік жағдайлар бұл жанрдың бізде пайда болуына әсер еткен секілді. Ендігі жерде – авторлар бұл фильм арқылы не айт­қысы келеді, мәселе осында болып отыр. Ең алдымен, фильмнен көретініміз – қа­зір ең көп талқыланатын мәселелерді та­қырып етіп алған. Соның бірі – екі күн­нің бірінде жаңалықтардан көріп-бі­ліп отырған әрі ең бір жан ауыртар зор­лық-зомбылық мәселесі. Осы тақырыпты экранға алып шығарда авторлардың бір ға­сырдан астам тарихы бар хоррор жан­рының бай тәжірибесіне сүйенгені әрі жанр табиғатын жақсы зерттегені көрініп тұр. 

– Кез келген фильмнің көтеретін тақы­ры­бы болады. Соңғы жылдары комедиялық жанрға көбірек бет бұрып кеткендіктен, «Дәстүрдің» көпшілікті елең еткізгені рас. Хоррор ретінде өз жанрын ақтай алды ма?

– Жалпы, комедия – кірпияз әрі күр­делі жанр ғой. Кино тарихында осы жанр­да түсірілген қаншама тамаша фильмдер бар. Соңғы бірнеше жыл бойы экра­ны­мыз­да көркемдік сапасы сын көтермейтін, тек табыс табуды көздейтін комедиялық фи­льмдер жауыннан кейінгі саңырау­құ­лақ­­тай қаптап кеткені белгілі. Пандемияға дейін тіпті көп түсірілді, қазір де шығып жа­тыр. Өкініштісі, бұл фильмдердің кө­рер­мен санасында комедия жанры туралы бел­гілі бір талғамның қалыптасуына ық­пал еткені. Бірақ сан бар жерде, сапа бо­латыны белгілі. Осындай фильмдер ақыр-соңы сапалы комедиялардың дүниеге келуі­не ықпал етері сөзсіз. Әрине, біртек­тес комедиялық фильмдерден жалыққаны және дәл осы кезде «Дәстүрдің» экранға шық­қаны көрерменді елең еткізгені де рас. Бірақ бұл бір ғана себебі. Жоғарыда айтып өткендей, «Дәстүрге» қоғамның аса назар аударуының басқа да себептері бар деп ойлаймын. Ең алдымен, тақырыбы біздің қоғамға өте таныс әрі ең бір өзекті мәселелердің қатарынан екені белгілі. Екіншіден, әрине, жанры. Хоррордың өзі әу бастан көрерменді қызықтыратын не­гізгі жанрлардың бірі екенін жоғарыда айттық. Осы жанрмен бір Америка ки­носының өзі әлем экранын жаулап, қан­шама табыс тауып отыр. Үшіншіден, про­­­катқа шығар алдында фильмнің жар­намасы өте жақсы болды. Әлеуметтік же­лілерді, тизерін айтпағанның өзінде, Қанат Бейсекеевтің бір ғана «Замандас» бағдарламасы бұл фильмге едәуір жарнама жасап берді деп ойлаймын. Оның үстіне, режиссері Қуаныш Бейсектің атышулы «Ирина Кайратовна» тобының клиптерін, сондай-ақ «Отыздан асып барамын» фи­льмін түсіргені белгілі. Топ та, фильм де кө­рерменге өте жақсы таныс. Осылардың бар­лығы көрерменнің фильмге деген қы­зығушылығын арттырғаны бел­гілі. Әри­не, басты әрі негізгі себеп – фи­льм­нің өзі­нің қалай жасалғаны. Біздіңше, фи­льм жанр табиғатын толық сақтаған. Ак­тер­лерік ойын, операторлық жұмыс, мон­таж, т.б., яғни кинематографиялық тұр­ғыдан тәп-тәуір шыққан фильм деуге бо­ла­ды. Бір жарым сағат бойы экран ал­дын­да тапжылтпай ұстап отыратыны да рас. Бұл да жақсы жетістік деп ойлаймын. 

Алайда көптеген көрермен секілді, фи­льмнен соң мені де бір сұрақ мазалады. Фильмде бір ғана жағымды кейіпкер бар, ол – ауыл мешітінің имамы. Және соңына қарай, әсіресе кульминациясында бар ба­­­сымдық имамға, ол оқитын жын-пе­рі­лерді қуатын сүреге беріледі. Әрине, жын-пері хоррор жанрында жиі кез­десетін мотивтердің бірі ғой. Бірақ дәл осы мотивтің ше­шімі бұл фильмде қа­лай көрініс тапқа­ны ойлан­тып қой­ды. Оған аса мән бе­ріл­мес те ме еді, егер имам, жаңа ай­­тып өткендей, фи­льм­дегі жалғыз жағымды кейіпкер болмаса. Жаңағы эпизодты бү­кіл ауылда Бо­лат­тың бейнесін­дегі зұлымдық­ты құрықтауға жан адам­ның қауқары жет­пейді, осындайда тек әлдебір тылсым күштің, яғни сүренің ғана күші жетеді деп қа­былдауға да болатын шығар. Алайда фильмде жын-пері мотиві күт­пеген жер­ден басталады, яғни оның пай­да болуы­ның алғышарттары нанымды беріл­меген. Ал ол өте маңызды еді. Өйт­кені бұл мо­тив­тің ұшы имамға әкеліп ті­рейді. Сон­дықтан қазір осыған байла­ныс­ты түрлі пікірлердің туындап жатқаны заң­ды деп ойлаймын. 

– Хоррор фильміндегі алғашқы кейіп­керлер қанішер болғанымен, олар жиір­кеніш тудырмайтын. Алғашқы хоррорларда мелодрама мен романтика басым келетін, қазіргі «Дәстүрде» мистика көбірек. Әлде бұл қалыпты жағдай ма?

– Ең алғашқы хоррор жанрындағы фи­льмдер біз үшін аса қорқыныш ту­дыр­мауы мүмкін. Бірақ сол заманның кө­рер­мені үшін ерекше әсер етті. Ол фильмдерді қа­былдағандар да, айыптағандар да бол­ды. Жалпы мистика хоррор жанрындағы фильмдерде жиі кездеседі, кейде тіпті негізгі элементтерінің бірі ретінде қол­да­ны­лады. Алдында айтып өткенімдей, «Дәс­түр» жанр табиғатын әдемі сақтай оты­рып, мистикаға назар аударған және оны шебер қолданған. Сондықтан фи­льм­де мистикаға басым назар аударыл­ға­нын жаңалық деп қабылдаудың қажеті жоқ. Осы тұста әлемнің белгілі фильм­деріне сілтеме жасағанын немесе тәжі­ри­бесін қолданғанын да байқауға болады. Мысалы, негізінен хоррор жанрында фи­­­льмдер түсіретін белгілі америкалық режиссер Тай Уэстің кинематографистер, кө­рермен тарапынан өте жақсы қабыл­данған әрі тұсаукесері 2022 жылы Венеция фестивалінде өткен «Пэрл» деген фильмі бар. Осы фильмнің соңына қарайғы бір эпизодта басты кейіпкер алдында ғана өзі өлтірген әке-шешесін үстел басына отыр­ғызып қояды. Осыған ұқсайтын көрініс «Дәстүрдің» соңғы эпизодтарының бірін­де де кездеседі. Немесе бөлмедегі құрт-құ­мырсқалар, иә болмаса Болаттың қа­бырғамен өрмелеуі, т.б. секілді сәттер хор­рор жанрында түсірілген фильмдердегі та­ныс көріністер ғой. 

– «Дәстүрдің» атауына қатысты да сын кө­бірек айтылып жатыр. Егер «Дәстүр» болмағанда қалай атауға болар еді?

– Фильмнің тақырыбы мен мазмұнына жүгінсек, атауы сәтті берілген деп ой­лай­мын. Бұл жерде фильм авторлары әрбір адам үшін қастерлі халық дәстүрлерінің мазмұны емес, формасына ғана мән берілетінін айыптап, сынап отыр. Ауыл әкімінің ақылымен, Болаттың ата-анасы қыздың әке-шешесіне келіп: «Бүкіл ауыл естіді. Қыздың тағдыры енді не болады, одан да дәстүріміз бойынша екі жасты қосайық», – дейді. Әрине, бұл тек кеше ғана мектеп бітіріп, үлкен сахнаға шықсам деген үкілеген арманы бар бүлдіршіндей жас қыздың болашағына балта шапқан жалғыз ұлын түрмеден алып қалу үшін жа­салған қадам екені белгілі ғой. Бұл жер­де өздері айтып отырған дәстүр алдында ғана үлкен қылмыс жасаған Болатты ақ­тап алу үшін керек болып тұр. Әрі қарай қыз­дың әкесінің Болаттың әкесінен қо­мақты ақша алатын, мешіттегі неке қию, тойдағы, т.б. көріністерді есімізге түсі­рейік­­ші. Ауылдарында қандай қылмыстың болғанын біле тұра, бәрі білмегенсиді. Өйт­кені той да, неке қию да, бәрі-бәрі «дәс­түр» бойынша өтіп жатыр. Яғни, екі жас­ты бір-біріне атастырып, ел мен елді жа­қындатқан, мың жылдық құда болып, өрі­сін кеңейткен, ұрпағының, әулетінің қа­мын ойлап, болашағына алаңдатқан осы­нау дәстүрдің шын мәніндегі маңы­зының жұрнағы да қалмаған. Оның ор­ны­на өзінен кішілерге, әлсіздерге әлім­жет­тік көрсету, қыз зорлау, бірақ ештеңе бол­мағандай, әрі қарай тайраңдап жүре беру, жағымпаздана, жарамсақтана жүріп, бақай есебін түгендеп алу, көз алдарында қыз­дары зорланады, бірақ оны білсе де біл­мегенсу, т.б. бұл ауыл адамдары үшін шын мәніндегі дәстүрге айналған. Біз­дің­ше, фильмнің «Дәстүр» деп аталуының астарында осындай ой жатқандай. 

Бүгінде қазақы дәстүрдің мазмұны жоғалып, тек сыртқы формасы қал­ғанын сынау осыдан екі-үш жыл бұ­рын түсірілген Серік Апрымовтың «Ауыл» деген фильмінде де бар. Ол енді авторлық кино бағытында түсірілген фильм ғой. Ол фильмнің де негізгі нысаны – қазіргі қа­зақ ауылы мен оның тұрғындары. Басты кейіпкері сол ауылдағы жалғыз қона­қүй­дің иесі, ауыл шетіндегі зиратты трак­тор­мен сырып, ондағы адамдардың мәйітін қа­зып алып, басқа жаққа жерлемекші. Мақ­саты – жаңағы зираттың орнына бен­зин сататын орын ашу. Бірақ үнемі «біз дәстүрімізді сақтауымыз керек» дейді де жүреді. Істеп жүргені – зұлымдық, аузын­дағы сөзі – жаңағыдай. Осы фильм­де кішкентай баланың тұсауын кесетін эпизод бар. Ауылына талай зұлымдық жа­сап жүргендер сол жерде дәстүр туралы жа­лынды сөздер айтады. 

Көріп отырғанымыздай, бүгінгі таң­дағы дәстүр тақырыбы «Дәстүр» филь­мін­де тұңғыш рет қозғалып отырған жоқ. Сти­листикасы, формасы, жанры жағынан әрқилы екі фильмде де бір мәселенің айтылуы кездейсоқ емес. Олай болса, бұл біздің қазіргі қоғамдағы бар мәселе деген сөз ғой. 

– Соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы эфирге жиі шығып кетті. Баян Есентаеваның «Бақыты» да сондай мәселені арқау етті. «Дәстүрге» де хоррор деп қарағанымызбен, астарында зорлық-зомбылыққа қарсылық көрсетілген. Дегенмен фильм – идеология құралы деп есептесек, бір жағынан ашық насихат жасап отырған жоқпыз ба?

– Иә, өте маңызды мәселені қозғап отыр­сыз. Мұндай фильмдердің біртіндеп көбейіп келе жатқанына – ең алдымен күн сайын естіп-көріп жүрген негативке то­лы жаңалықтардың да әсері бар деп ой­лаймын. Байқасаңыз, қоғамда қай та­қырып көбірек қозғалады, сол тақырып көп уақыт өтпей-ақ сценарий болып жазылып, фильмдер түсіріліп жатады. Әсі­ресе, әлеуметтік желілер, интернет тек өзіміздегі ғана емес, әлемдегі жаңа­лық­тар­дан лезде хабардар болуымызға мүм­кіндік беруде. Әрқилы мазмұндағы ақ­парат легінің қарқыны соншалық, адам­дар оларды талдап, қорытып үлгере алмай жа­тады. Екіншіден, қазір көрерменді эк­ран алдында тапжылтпай ұстап отыру да оңай емес, сондықтан адам санасына мей­лінше әсер ететін фильмдер түсіруге тал­пыну да себептердің бірі деп ойлай­мын. Оның үстіне, мұндай қатігез көрініс­тері бар дүниелер ютубқа шығатын се­риал­дарда пайда бола бастады. Мысалы, «Дәс­түрге» дейін «5:32» сериалы шықты. Ол сериалдың да қорқыныш, үрей туғы­за­тын, қатыгез көріністері бар хоррордан еш айырмашылығы жоқ. 

Сондықтан зорлық-зом­бы­лық­ты көрсететін фильмдердің пай­да болуына ықпал ететін себеп­тері көп деп ойлаймын. Бұл мәсе­лені біржақты қарастыру мүмкін емес. Қазіргі қоғам қаншалықты күр­делі болса, мұндай фильм­дер­дің пайда болуы да сон­ша­лықты күрделі мәселе. Екеуін бір бірінен бөліп қарастыра алмайсыз. 

Шын мәнінде, осындай күр­делі кезеңде, керісінше, адам жанын нұрландыратын, санасына ізгілік себетін дү­ние­лердің көптеп түсірілуі өте маңыз­ды. Бар мәселе автор­лар­д­ың таланты мен ниетіне, пайымына байланысты. 

– «Дәстүр» нені мансұқтайды? Саяси көзқарас па, діни фанатизм бе, әлде… Сіздің ойыңыз қалай?

– Фильм қазіргі қоғамда ең жиі қоз­ғалатын тақырыптарды алып, хор­рордың қалпына (формасына) салған. Кейіпкерлердің есімдері, ауылдың, дү­кендердің аты, былай қарасаңыз, саяси мә­селені қозғағандай көрінеді. Бірақ бұл кинода әбден таптаурын болған тәсіл, мұнысымен фильм ешқандай жаңалық ашқан жоқ деп ойлаймын. Екіншіден, жоғарыда айтып өткенімдей, соңына қа­рай, фильм оқиғасының шешуші сәтінде дін өкіліне аса назар аударылып, басым­дық беріледі. Яғни, астарынан қаласаңыз да, қаламасаңыз да, барлық жамандық атаулыдан құтқаратын тек мешіт деген ой оқылады. Алайда жын-шайтанды сүремен аластау мотиві арқылы жанрды халықтың дүниетанымының кейбір сәттеріне жақындатуға талпыныс та болуы мүмкін. Қалай десек те, фильм өз жанрынан ауытқымай, қаншалықты жақсы шықса да, осындай сәттері ойлантып қойғанын жасырмаймын. 

– Қуаныш Бейсек – жаңа буынның өкі­лі. Кәсіби режиссер емес, әуесқойлықтан бас­таған адам. Жалпы, оның фильм түсіру­ге деген бағыт-бағдарын қалай қабылдай­сыз?

– Қуаныш Бейсек бұған дейін клип­тер, сериалдар, қысқаметражды фильмдер мен «Отыздан асып барамын» атты то­лық­метражды фильмін түсірді. Жас ре­жиссерді толғандыратын тақырып­тар­дың кей­бір белгілерін сол түсірген дүние­лері­нен аңғаруға болады. Алдындағы «Отыздан асып барамыммен» салыстырғанда «Дәстүр» филь­міне режиссердің кинематографиялық тұрғыдан біраз дайындықпен келгені байқалады. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ