Кей ісі қуантып, кей ісі өкінтіп кететін жандар болады. Шым­кент­тің экс-әкімі М. Әйтеновтің де көңіл толмайтын іс-әре­кеттері елдің есі­нен шыға қойған жоқ.
«Іс бітті, қу кетті» ме?
1,862
оқылды

Әсіресе, көпшілік ұмыта қоймаған дүниенің бірі – ипподром орнына тұрғын үй салуға рұқсат берілгені. Ип­под­ром­ды қала сыртына көшіруге қарсы бол­маса да, аядай аймаққа бір­неше тұрғын үй салып, өзі онсыз да өкпесі қысылып, кептелісі кө­бейіп тұрған аумақтың ауасын та­рылтып жібергені талай тұрғын мен сәулетшінің өкінішін ту­дырды.  

270 түп ағаш кесілмейді, бірақ...

Одан бөлек, көпқабатты тұрғын үй салған соң тұрғындар жү­ре­тін жол да қарастырылуға тиіс. Осы рет­те BI Group компаниясы салып жат­қан элиталық үй тұрғындарының Бәй­дібек би даңғылына шығуы үшін Нау­рыз паркіндегі бірнеше сотық жер­дегі тал-теректерді отауға рұқсат бері­ліп, жобасы бекітіліп те қойған еді. Құ­­­рылыс нысанының жобалық-сме­та­лық құжаттары әзірленіп, бұл мақсатқа бюд­жеттен қаржы да қаралып үлгерген. Құ­рылыс жұмыстары 2024 жылы, яғни биыл басталуға тиіс болатын. Алайда қо­ғамда бұл мәселе де үлкен пікірталас ту­дырды. Біткен, әп-әдемі дүниені бұ­зу, әсіресе қалаға көрік, қала берді ауа бе­­ріп тұрған тал-теректі жайпау тұр­ғын­­дардың тағы да наразылығын ту­дыр­ды. «Парктегі 100 сотық, яғни 1 гек­тар жердегі тал-терек оталып қана қоймайды, жолдың айналасы міндетті түр­де сауда-саттық орынға айналады» деп шулады жұрт. Шымкентте «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет» деген қа­ғи­да жүрмейді деп қынжылды ел. 

Алайда көп уақыт өтпей-ақ қала әкі­мі Ғабит Әбдімәжитұлы бұл мә­се­ле­ге нүкте қойды. Шымкент қаласын­д­а­ғы бұрынғы ипподромның орнында са­лынып жатқан «Атамұра» тұрғын үй кешенінен Бәйдібек би даңғылына шы­ғатын жол салу жоспарланып, бұл жол­дың жалпы ұзындығы 218 метрді, ал ені 14 метрді құрауға тиіс еді. Алайда жол құрылысын жүргізу үшін эт­но­сая­бақ аумағындағы 270 түп ағашты кесуге тура келеді. Әрі саябақтың жанынан мұн­дай жолдың өтуі этносаябаққа де­малуға келетін тұрғындардың қауіп­сіз­ді­гіне қатер төндіруі мүмкін екені де бел­гілі болған. Осы жағдайды ескерген Шым­кент қаласының әкімі аталған жол құрылысын тоқтату жөнінде тап­сыр­ма берді. 270 түп ағаш та кесілмейді. Ен­ді «Атамұра» тұрғын үй кешенін қа­­­­ламен байланыстыратын жолды бас­қа тұстан салу үшін балама жоба әзір­лен­бек. Бұл туралы қала басшысы жыл­дың соңғы күндерінде қаланың өсуі мен дамуына жауапты сала басшы­лары мен барша ел ағалары бас қосқан жиында айтып өтті. 

Әрине, бұл тұста қазіргі қала бас­шысын ақтап алу ниетіміз  жоқ. Бірақ осынау күрделі мәселе дәл осы активпен бұрынғы басшының ке­зін­де де талқыланған жоқ па еді?! Әлде ол кезде жауапты сала басшылары мен ел ағалары дәрменсіз болды ма? Қазіргі қала әкімінің мегаполиске келгеніне бар-жоғы 4 ай болғанын ескерсек, сала бас­шылары, мәслихат депутаттары сол күйі өзгерген жоқ. Бұл мәселе осынау топ­­тың еш қарсылығынсыз әбден пі­сіп-жетіліп, жоба бекітіліп, тіпті құры­лыс жұмыстары үшін қаржы да қаралып қойған. Енді бүгін қазіргі қала әкімін қолдап, этносаябаққа демалуға келетін тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төн­діруі мүмкін деген тұжырымға келіп отыр. Демек, бұл біздің әлі күнге дейін бас шұлғу принципінен айнымай тұр­ға­нымызды көрсетеді. Өткен үшін еш­кім жазаланбайды. Осы жобаны жа­сауға, қаржы бөлгізуге дейін қанша уа­қыт пен жүйке кетіп, құжаттандыру ша­ралары жүргенін шамалай беріңіз...

Бүлінгенді жөндеген...

Жуырда қала басшысы Ғабит Сыз­дықбеков тағы бір бы­лық­ты түзеді. Шымкент қаласының орталығында – А.Байтұрсынов пен Түркістан көшелерінің қиылысында ор­наласқан «Спутник» гүлзары ұзақ жыл­дардан кейін тұрғындардың өтіні­ші­мен қайта ашылды. Бұл аумақ та бұрынғы қала басшыларының бүлдіріп кет­кен дүние­сі. Айта кетейік, бір кез­дері шымкент­тік­тердің сүйікті демалыс ор­нының бірі бол­ған бұл аймақ кейін­нен кәсіп­кер­лер­дің қолына өтіп, гүл­зар­дың орнына сауда нысандары салы­нып кеткен еді. Бұл жағдай көп жылдан бері тұрғын­дар­дың наразылығын ту­ғы­зып, дау ту­дырып келген. Кәсіп­кер­лер қаланың ор­талығындағы жайлы жер­ге үлкен, за­манауи сауда орталығын сал­ғысы кел­се, сол маңдағы көпқа­бат­ты үйлер­дің тұрғындары табиғат ая­сын­да бір сәтке тыныстап, демалатын гүл­зардың қалпына келтірілгенін қа­лады.

Қала әкімінің Әл-Фараби ауданы тұр­­ғындарымен есеп беру кездесуінде осы мәселе көтерілген еді. Ғ.Сыздық­бе­ков сол жерге арнайы барып, жағдай­мен танысып, тұрғындар мен кәсіпкер­лер­дің талабын тыңдады және тарап­тар­ға бұл мәселені заң аясында шешеті­нін айтты. Мәселе жан-жақты зерттел­ген­нен кейін гүлзарды қалпына келтіру ту­ралы шешім қабылданды. Кәсіп­кер­лерге басқа жақтан балама жер телімі бе­ріліп, заң талаптарына сәйкес өтема­қы да төленді. Осылайша, ұзақ жылдар­дан бері шешімін таппаған мәселенің түйі­ні тарқатылды. Алайда осы тұста да бір мәселенің төбесі қылтияды. Сонда ке­­зінде билік басына келген қала бас­шы­лары халық игілігін көріп отырған мем­­лекеттің жерін кәсіпкерге сатады. Ке­йін халық наразылығынан соң кә­сіп­керден бірнеше есе қымбат бағасы­м­ен қайтып сатып ала ма?! Жауабы жоқ сұрақ...

Бұл жолы да ешкім жазаланбайды. Іс бітті, қу кетті демеске тағы лаж жоқ.

Жуырда үшінші мегаполис әкі­мі Ғабит Сыздықбеков елді мекендерді аралау барысында тұрғын­дар­дың шағымы бойынша Астана кө­шесіндегі №93 көпқабатты тұрғын үйде бол­ып, жөн­деу жұмыстарына қатысты өзек­ті мәселелерді көрді. Қалалық Тұр­ғын үй бас­қармасының теңгеріміндегі көпқа­батты үйге былтыр ағымдағы жөн­деу жұмыстары жүргізілген. Алайда құ­рылыс кезінде кеткен ақаулардың сал­да­рынан бүгінде шатырдан су кетіп, жер­гілікті тұрғындарды әбігерге салып отыр. 

Қала басшысы жауаптыларға кет­кен кемшіліктерді мердігер мекеме тарапынан тез арада қалпына келтіруді тапсырды. Яғни, былтыр ғана жөндеу жұмыстары жүрген нысан. Оны кезінде әкімдікке қарасты жауапты мекеме қабылдап алды ғой. Сонда қазіргі қала бас­шысы өткенді жөндеумен ғана уа­қыт өткізе ме? Өкінішке қарай, бұ­рын­ғы басшылар, жауапты мамандар бүл­діріп кеткен заңсыздықтары үшін жауап­кершілікке тартылмай ма деген заң­ды сұрақ туындайды. 

Заңсыз салынған ғимараттарды тоқтата ала ма?

Біз «Шымкент қаласы сәулет­ші­лер қауымдастығы» қоғамының төрағасы Асқар Мамырбаевтан қа­ла­ның сәулетіне, құрылысына жанашыр ретінде пікірін білдіруді сұрағанбыз. Асқар Смайылұы – кезінде ипподром­ды көшіріп, орнына тұрғын үй салу бойын­ша дабыл қағып, қоғамдық пікір ту­ғызып жанайқайын білдірген жан­ның бірі. Сәулетші әрі Шымкент қа­ла­сының байырғы тұрғынына үшінші мегаполистің әрбір сүйем жері қымбат. Сон­дықтан ол қаладағы титтей өзгеріс­ке өзіндік ұстанымын білдіріп отырады. Ипподром орнына тұрғын үй салу бойын­ша наразылығын қанша мәрте біл­дірсе де, одан еш тұшымды жауап ала алмады. Енді сәулетші жаңа бас­шы­­дан ол жерге салынып жатқан құ­ры­лыстың тоқтатылуын сұрайды. 

«Кез келген елді мекеннің болашақ дамуының басты құжаты – сол елді ме­кеннің бас жоспары. Шымкент қа­ла­сының қолданыстағы бас жоспарын жа­қында, яғни 2023 жылы Үкімет бе­кітті. Мұның алдындағы бас жоспар 2012 жылы бекітілген болатын. Қала­ның даму жоспары әр он жыл сайын қай­та жасақталатынын ескерсек, бұл өз мезгілінде жасалды деп айта аламыз.

Алматылық «Градкомплекс» ЖШС жа­саған бас жоспар бекітілді. Жұмыс ба­рысында бірнеше рет қоғамдық тал­қы­лауларға қатыстық. Тиісті меке­ме­лер­мен келісу жұмыстары бітіп, бас жос­­­парды Үкімет  бекітті. Біз, Шым­­­кент қалалық сәулетшілер қауым­дасты­ғы, бірнеше рет болған талқылау ба­ры­сын­да өзіміздің ой-пікір, ұсыныс­та­ры­мыз­­ды арнайы журналға жазып қал­дыр­­дық. Бірінші мәселе көше, жол то­рап­тарына байланысты, қалалық маңызы бар ірі көшелердің қала аума­ғын қамтуы және қаладан шығатын бас­ты көшелердің кептеліссіз қызмет ат­­қаруын қамтамасыз ету туралы бол­ды. Бұл ұсынысымыз ішінара қабыл­дан­­ды», – дейді сәулетші бізбен әңгі­ме­­­сінде. 

Асқар Мамырбаев талқылау бары­сын­да қаланың рекреациялық аума­ғы­на байланысты ұсыныс жеткізгенін атап өтті. «Бұрынғы бас жоспарда да, өзек­тендіру жобасында да, қаланың бас­ты рекреациялық аумағы болып са­налатын дендросаябақ, зоосаябақ жә­не ипподром аумағы өзгеріссіз қал­ған болатын. Алайда 2021 жылы сол кез­дегі қала әкімі М.Әйтеновтің пәр­ме­ні­мен ипподром аумағы көпқабатты тұрғын үйлер кешенін салу үшін BI Group компаниясына сатылды. Біз сол кезден бастап дабыл қақтық. Бұл жо­баның қолданыстағы қаланың бас жос­парына қайшы екенін, демалыс аумағын біртіндеп жоғалтатынымызды жеткіздік. (Бұл туралы Сәулетшілер қауы­м­дастығы мен қалалық Құрылыс­шы­лар одағымен бірлескен ашықхат жаздық). Оған жауап берген адам бол­мады. Менің ұсынысым – салынып жат­қан тұрғын үйлер кешенін әрі қарай салуды тоқтату керек. Қазір зоосаябақ батыс жағынан көпқабатты үйлермен қоршалып бітті. Енді солтүстік жағына түсіп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер толық бітсе, бұл аумақта 20 мыңнан ас­там халық тұратын болады. Жоғары ты­ғыздықта салынып жатқан үй тұр­ғын­дарының зоосаябақты да көшіруге та­лап қоятыны даусыз! Оның үстіне, сан мыңдаған көлік онсыз да кептелісі көп Бәйдібек би даңғылына түседі. Көлік коллапсы деген сонда болады. Оған жолайрығыңыз да көмек­тес­пейді. «Ипподромды көшірудің бас­ты себебі деп аттардың шапқан ке­зін­де ауа жетпей тұншығатын сайда ор­наласқан» деген желеуді айтқан бо­латын қала басшылығы. Енді сол сайда жа­сайтын мыңдаған тұрғын тұншық­пай ма екен?! Сұрақ көп, жауап жоқ...», – деп шырыл­дайды сәулетші. 

Сондай-ақ заңсыз құрылыстар туралы бұл өзекті мәселе шеші­мін тапқан емес деген пікірде. Қалалық маңыздағы үлкен көшелер бойында да қызыл сызықты баса отырып, бірнеше күрделі құрылыс салынған. Қала жұрт­шылығы «мамандар тарапынан дабыл қағылған, бірақ құлаққа ілген әкімді көрмедік» дейді ол. 

Сәулетшінің жанайқайы, әрине орынд­ы, оны естір құлақ болса... 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы