Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргаритис Схинаспен кездесті.
Сенат төрағасы Еурокомиссияның вице-президентімен кездесті
Фото: Н.Байбулин
1,840
оқылды

Онда тараптар екі жақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.

Кездесуді ашқан Мәулен Әшімбаев Еуропалық Одақ Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін және еліміз екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға баса мән беретінін атап өтті.

«Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишель тараптар арасындағы ынтымақтастықтың серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Біздің депутаттар «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің жұмысына белсенді қатысып келеді. Қазақстан Парламентінің Сенаты еуропалық әріптестерімізбен парламентаралық байланыстарды одан әрі жандандыруға, ортақ мүддені көздейтін мәселелер бойынша тұрақты, мазмұнды диалогты әрі қарай жалғастыруға дайын», – деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ Палата спикері Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға тоқталып өтті.

«Еліміз адам құқықтарын қорғауға толықтай бейілді және осы бағыттағы реформаларды белсенді түрде жүргізіп келеді. Былтырғы 8 желтоқсанда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев адам құқықтары мен заңдылықты қамтамасыз ету саласындағы жаңартылған іс-шаралар жоспарын бекітті. Ол гендерлік теңдіктен бастап, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға дейінгі бастамаларды қамтиды. Бұл біздің адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды үнемі жетілдіруге және сақтауға деген ұмтылысымызды көрсетеді. Осы орайда елімізде кешенді реформалар бағдарламасын жүзеге асыруда үнемі қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Еуропалық Одаққа алғыс айтамыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселелері талқыланды. Мәулен Әшімбаев орнықты даму және осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдарды қабылдау мәселелеріне де тоқталды.

Өз кезегінде Маргаритис Схинас Қазақстанның реформаларды іске асыру бағытының тиімділігін атап өтіп, жан-жақты қатынасты әрі қарай нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.