Бүгінде елімізде 220 электр стансасы жұмыс істейді, оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 ЖЭК объектісі бар.
Қазақстан жаңа қуаттарды іске қосу есебінен өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз ететін болады
1,215
оқылды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында электр энергетикасы саласын одан әрі дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істейтінін баяндады. Бүгінде елімізде 220 электр стансасы жұмыс істейді, оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 ЖЭК объектісі бар. Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, жалпы қолда бар қуаттың көлемі 20,4 ГВт, осы күзгі-қысқы кезеңде тұтыну максимумы 16,6 ГВт құрады.

2023 жылы электр энергиясын тұтыну көлемі 115 млрд кВт/сағ (2022 жылы – 112,9 млрд кВт/сағ) болды. Электр энергиясын өндіру 112,8 млрд кВт/сағ, көршілес елдерден электр энергиясын импорттау 3,4 млрд кВт/сағ, экспорт 1,4 млрд кВт/сағ құрады.

Ел экономикасы мен халқын тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін таяу жылдары жаңа энергия қуаттарын кезең-кезеңмен енгізу және қолданыстағы электр стансаларын жаңғырту көзделіп отыр. Бұл ретте электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясы үлесінің едәуір төмендеуі жаңартылатын энергия көздерін енгізу және газ генерациясы есебінен қамтамасыз етілетін болады. Жаңартылатын, баламалы энергияны және газ генерациясын іске қосу арқылы электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясының үлесі едәуір төмендейтін болады. 

Отырыста ұлттық энергетикалық желінің ағымдағы жай-күйі туралы KEGOС компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, жаңа ірі жобаларды іске асыру туралы «Самұрық-Энерго» басқармасының төрағасы Қайрат Мақсұтов айтып берді.

Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) жөндеу жұмыстарының барысы, Қызылорда облысындағы бу-газ қондырғысы мен Жамбыл облысындағы жел электр стансасының құрылысы туралы өңірлер әкімдері Нұрлан Ноғаев, Нұрлыбек Нәлібаев, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров баяндама жасады.

Премьер-Министрдің айтуынша, электр энергетикасы – ел экономикасының «тамырына қан жүгіртіп», тұрақты дамуға негіз болатын бірегей сала.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында кемінде 14 ГВт көлемінде қосымша қуат көздерін іске қосуды тапсырды. Жалпы ішкі өнімді 2 есеге дейін өсіру үшін бізге осындай көлемде энергия қуаты қажет. Ол үшін энергетика саласы тез дамуы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, нағыз аяз кезінде ҚР энергетикалық жүйесінің дисбалансы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары үшін электр энергиясының тапшылығы мен тоқтауына әкеп соқтырады. Болжам бойынша, Қазақстанда энергия тұтыну көлемі тұрақты өсе беретін болады. Сондықтан қазіргі кезде еліміздегі энергия балансын сақтау үшін батыс өңірлердің газ қуаттарын тарту жұмыстары жүргізілуде.

«Солтүстік және Оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілді. Атап айтқанда, биыл Екібастұз ГРЭС-1-де 1-энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан жылу электр орталықтарын салу мәселесі пысықталуда. Оңтүстік өңірлерде газ генерациялау жобалары іске асырылуда», – деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысының айтуынша, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15% үлесіне қол жеткізу мақсатында Total Energies, Acwa Power және Masdar сияқты стратегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылатын болады.

«Жалпы, 2035 жылға дейін Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне шамамен 26 ГВт базалық және маневрлік генерацияны іске қосу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030 жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Әлихан Смайылов. 

Оған қоса Үкімет басшысы 2020 жылы Гидроэнергетиканы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданғанын айтты. Алайда өткен жылдары экологиялық күн тәртібі өзгерді, су ресурстарының тапшылығы арта түсуде. Осыған байланысты Премьер-Министр наурыз айының соңына дейін 2030 жылға дейінгі жаңа жоспарды қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ Үкімет басшысының айтуынша, бұрын басталған ірі жобаларды іске асыру созылып кетті. Солардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2-нің 3-энергия блогын салу жұмыстары.

«Бір ай мерзімде құрылыс жұмыстарын бастау қажет», – деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса батыс энергетика аймағын Бірыңғай ұлттық жүйеге қосу мәселесі шешімін таппай отыр. Осыған байланысты  KEGOС  компаниясына биыл «Ақтөбе – Атырау» электр беру желісін салу жұмыстарын бастау тапсырылды.

«Бүгінде Энергетика министрлігі жаңа газ генерациялау объектілерін салу орындарын айқындады. Олар – Қызылорда, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбе қалалары. Осы жобаларды іске асыру үшін ақпан айының соңына дейін қажетті рәсімдерді бастау қажет», – деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысы сондай-ақ әкімдіктердің өңірлік электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалғанын айтты.

«Өңірлік электр желілік компаниялары өздерінің инвестициялық бағдарламаларының жасалуы мен орындалуын бақылап отырған жоқ. Бұған желтоқсан айында еліміздің солтүстік өңірлерінде электр қуатының жаппай өшіп қалуы дәлел. Жергілікті атқарушы органдар өңірлік электр желілік компаниялардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етуі тиіс», – деп түйіндеді Үкімет басшысы.