Мал азығын субсидиялау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Бақтықожа Ізмұхамбетов: Мал азығын субсидиялаудың тәртібін бекітетін уақыт болды
1,050
оқылды

Бұл туралы Қазақстанның Еңбек Ері, депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының  мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа депутаттық сауал жолдады.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында ауыл шарушылығын дамыту, шаруаларды қолдауға байланысты нақты бағыттар көзделген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есеге арттыру жөнінде салалық министрлікке тапсырма берген. Қазір бәрі ретімен жүзеге асырылып келеді. Дегенмен мына мәселені қаперлеріңізге салғым келеді.

 «Асыл тұқымды мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығына министрліктің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі № 332 бұйрығымен өзгерістер енгізілген.

Бұйрық бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары басының азығына жұмсалатын шығындардың құнын арзандатуды субсидиялау гидрометеорологиялық қызмет растаған, өңірде азық дайындауға теріс әсер еткен төтенше жағдай жарияланған немесе қалыптан тыс ауа райы жағдайлары басталған кезде ғана жүзеге асырылады. Бұл норма 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енеді.

Біріншіден, мал азығын субсидиялаудың тәртібін біржола бекітетін уақыт болды. Жылдар бойы өзгетіп, үлкен қиыншылықпен азық-түлік қауіпсіздігі үшін жүзеге асқан инвестициялық жобаларды сергелдеңге салуды қою керек. Бұл тәртіп бірнеше рет ашылып, жабылып, өзгеріп, нәтижесінде табиғаты қатаң аймақтардағы асыл тұқымды сауын сиыр шаруашылықтары қиналуда.

Мысалы, Атырау облысының мал азығын сырттан сатып алатыны баяғыдан белгілі. Бұл туралы министрлікке жылдар бойы жазылды. (Бұндай жағдай басқа аймақтарда да бар).

Соған қарамастан осыдан 10 жыл бұрын ашылған «Первомай» ЖШС қаланы сүтпен, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.

Шаруашылықтың кезекті хатына министрлік жоғарыдағы бұйрықты көрсетіп, «Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің
91-бабына сәйкес, өтінішіңізді қарау нәтижелерімен келіспеген жағдайда,
сіз оған шағымдануға құқылы екеніңізді хабарлаймыз» деп жазған вице-министр А. Бердалиннің қолымен.

Бұл тамаша инвестициялық жобаны қолдау емес, керісінше қолдаусыз қалдыру, немесе жауапсыздық.

Екіншіден, бұйрықты өзгертіп, жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды қолдаудың жолын қарастыру керек.

Үшіншіден, субсидия тәртібін өзгерте беру шаруа қожалықтарына үлкен қиыншылықтар тудыратынын тағы да ескеру керек.

Құрметті Айдарбек Сапарұлы! «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес көтерілген сауалға жауабыңызды жазбаша хабарлауыңызды сұраймын.