Демократиялық байыпты қадам
Демократиялық байыпты қадам
243
оқылды
Еліміздің көшбасшы пар­тия­сы атынан жаңа депутаттық корпус құрамына ұсынылатын тұлғалар сайлауға дейін жұрт­­шы­лықтың алдын ала іріктеуі­нен өтетін болады. Елордада Қа­зақстанның Тұңғыш Президен­тінің төрағалығымен Nur Otan пар­тиясы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Жиын барысында биылғы 18 нау­рызда ұйымдастырылатын пар­тияның Саяси кеңесі отырысының күн тәртібі талқыланды. Бюро отырысын ашқан Елбасы партия жұмысын жандандыру бағдар­ламасының, сондай-ақ «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» атты әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына оң баға берді. Сонымен бірге Н.Назарбаев пар­тияның өңірлердегі жұмысына назар аудартты.
– Партия басшылығы, Мәжіліс пен Мәслихат депутаттары жергілікті жерлерді аралап, соның ішінде шалғай аудандарға дейін баруы тиіс. Халықпен кездесу, проблемаларын жан-жақты зерделеу, оларды шешу маңызды. Бұл мәселенің барлығы өңірлік партия бағдарламаларында көрініс табуы қажет, – деді партия Төрағасы.
Бұдан бөлек, бюро отырысында елі­міздің барлық өңірінде жаңа форматта партияның ішкі іріктеуін – праймериз өткізу туралы шешім қабылданды. Аталған шара 2020 жылдың 30 нау­рызы мен 16 мамыры аралығында ұйым­дастырылмақ.
– Бұл дұрыс шара деп санаймын! Ол ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік береді. Олар өз кезегінде партия атынан мәселелерді шешетін болады, – деді Елбасы.
Отырыстың қорытындысы бойын­ша бюроның қаулысы қабылдан­ды. Оған сәйкес, іріктеуді жүргізу ере­жесінің жобасы алдын ала мақұлданды. Ереже 18 наурызда Саяси кеңес оты­рысында түбегейлі бекітіледі. Праймериз нәтижесінде Nur Otan партиясынан Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауалды партиялық тізіміне кіретін кандидаттар анықталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ партияның 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру­дың Жол картасы бекітілді. Негізі, ағылшынның primaries (бас­тап­қылар) сөзінен шыққан ішкіпар­тиялық дауыс беру институты АҚШ-та алғаш рет 1842 жылы пайда болыпты. Содан бері ол жетіліп, әлемдік қауым­дастыққа тарады. Әсіресе, дамыған елдерде кеңінен қолданылады. Сарапшылардың түсіндіруінше, праймериз – партияның саяси эволю­циясының нышаны, елдің демокра­тияландыру бағытындағы маңызды қадамы. Бұл – Қазақстанда көшбасшы партия енгізіп жатқан салмақты жаңа саяси құрал. Бұл сын барысында Парламент немесе мәслихат депутаты болудан үміткер адам өз бағдарламасын қорғауы, қоғамды алаңдатқан көкейкесті мә­селелерді көтеріп, шешімін ұсына алатынын паш етуі, жергілікті халық өкіл­дерінің басым қолдауын алуы шарт. Праймериз кезінде сайлаушылар әр үміткердің жеке басының қасиетін, топ алдында сөз саптау шеберлігін, тосыннан қойылған салмақты сауалға дереу дәйек табар шешендігін, елді мазалаған мәселелердің байыбына те­рең бара білетін біліктілігін сынай алады. Жалпы, праймериз атауы шетелдік болғанымен, заты мен болмысы қа­заққа жақын. Ежелден осындай топ алдындағы сынақтарда бай-кедей, кәрі-жас демей, халық арасынан от ауызды, орақ тілді халық шешендері мен билері шыққаны, ел басқаруға, билік айтуға тартылғаны мәлім. Ендеше биылғы көктемде – наурыз айының соңы мен мамыр айының ортасына дейінгі аралықта халқымызды қызықты шара күтіп тұрғаны сөзсіз.   Айхан ШӘРІП