Бүгінде зейнетақы жүйесінде жаңа әлеуметтік саясат негізінде ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда.
Жаңа жарна зейнетақыны арттырады
коллаж: Елдар ҚАБА
925
оқылды

Мәселен, 2023 жылы 5 желтоқсанда Мемлекет басшысы «2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойған болатын. Осыған сәйкес, салада бірнеше негізгі өзгеріс күшіне енді. Атап айтқанда, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жұ­­мыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) ен­гізілмек. 

Әрине, оның мөлшері қызметкердің ай сайынғы табысына байланысты болады және жұмыс берушілердің қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жұмыс берушіге бірден салмақ салмау мақсатында жарнаны кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланған. Атап айтқанда, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап  жарна 1,5 пайыз, келесі жылғы 1 қаңтардан бастап – 2,5 пайыз, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 3,5 пайыз, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 4,5 пайыз, 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап 5 пайыз болады.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын салық салынатын кіріс шегеріміне жатқызу жұмыс берушінің жүктемесін теңестіруге бағытталған. Заңнамаға сәйкес, жаңадан енгізілген зейнетақы жарнасы тек 1975 жылы және одан кейін туған азаматтар үшін төленбек.

Осыған байланысты 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жоғарыда аталған көр­сеткіштерге сәйкес әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақылар өседі.

Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдері 9 пайызға өседі. Оған қосымша мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі­нің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Сонымен қатар 2024 жылдың қаңтарынан бастап базалық зейнетақы мөлшерін есептеу тәртібі біршама өзгерді.

Егер бұрын еңбек өтілі жоқ немесе 10 жылға дейін болса, оның мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызын құраса, енді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл мөлшер 65 пайызға дейін көтерілді.

Қызметкерді зейнетақымен қамсыз­дандыру жауапкершілігі халықаралық тәжірибе негізінде әдеттегідей мемлекет, қызметкер және жұмыс беруші арасында бөлінеді. Мемлекет басшысының «Әді­летті Қазақстанның экономикалық бағ­дары» атты халыққа Жолдауы аясында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында 2024 жылы зиянды еңбек жағдай­ларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы төлемдер енгізілді. 

Төлемдер төрт көзден жүзеге асырылады: республикалық бюджет, өмір­ді сақтандыру компанияларынан сақ­тандыру төлемдері, жұмыс беруші­­лер­дің қаражаты және БЖЗҚ-дан МКЗЖ есе­бінен.

Төлемдер зейнеткерлік жасқа тол­ғанға дейін жүзеге асырылады. Осы кезеңде жұмысшылар жеңілірек жұмысқа ауыса алады немесе демалысқа шығып, жасына байланысты зейнетақы тағайындалғанға дейін төлемдер ала алады.

Жақында Қазақстанның зейнетақы жүйесі алғаш рет әлемдік индекске еніп, бірден АҚШ-тан екі орынға озып кетті. Біздің ел Испания мен Франция сияқты кейбір еуропалық елдерді де басып озды. Демократиялық елдердің көпшілігінде белгілі бір жас шегіне жеткенде зейнет­ақымен қамсыздандыруға арқа сүйеу – әр адамның құқығы. Әлемнің әртүрлі елінде зейнетақы жүйесінің қалыптасуы көптеген факторға, соның ішінде еңбек өтілі, орташа жалақы, ел бойынша зейнетақының орташа мөлшері, сондай-ақ белгілі бір мемле­­­­кеттің зейнетақы заңнамасына байланысты. 

Қазір Қазақстанда зейнетақы базалық және ынтымақтастық зейнетақыдан құралады, сондай-ақ базалық зейнетақының кезең-кезеңімен өсуі байқалады. Базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа толған барлық адамға төленеді. Ал ынтымақты зейнетақы – 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әзірленген кемінде 6 ай еңбек өтілі болған кезде төленеді. Зейнет­ақы төлеудің тағы бір көзі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) болып саналады, ол қолда бар жинақ – жарналар және есептелген инвестициялық табыс есебінен жұмыс істейді.

Бүгінде әлемде зейнетақы жүйелерінің бірнеше түрі жұмыс істейді: тарату (ортақ), жинақтаушы және аралас. Бірінші жағдайда, жұмыс істейтін адамдар негізінен зейнеткерлерді қамтамасыз етеді. Алайда зейнеткерлер санының артуымен мұндай жүйе өз міндетін түпкілікті орындай алмайды.

Жинақтаушы жүйенің қызметі басқаша: мұнда адамдар өз болашағы үшін жұмыс істейді – азаматтар немесе олардың жұмыс берушілері өмір бойы жалақының бір бөлігін аударады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жүйеге ешқандай демографиялық тенденциялар әсер етпейді.

Mercer CFA институтының мамандары қазір инфляцияға, өсіп келе жатқан пайыздық мөлшерлемелерге және инвес­тициялардың кірістілігін төмендететін геосаяси ахуалға байланысты бүкіл әлемдегі зейнетақы жүйелері бұрын-соңды болмаған қысымға ұшырағанын айтады.

Институт есебінен Нидерланд (85,0) әлемдегі ең жақсы зейнетақы жүйесі атағын қайтарып алғанын көруге болады. Одан кейін сәйкесінше екінші және үшінші орын алған Исландия (83,5) және Дания (81,3) елдері. Сонымен қатар Израиль, Аустралия, Финляндияның зейнетақы жүйесі жоғары индекске ие. Ал индекстің ең төменгі мәні Аргентинаға тиесілі болды (42,3).

Талдау және жан-жақты бағалау нәтижелері бойынша Қазақстанның зейнет­ақы жүйесі осы рейтингте 20-орын­ға тұрақтаған. Нәтижелер көрсетіп отырғандай, біздің елімізде ерікті зейнетақы жарналары мен инвестиция­лық табыс үшін салықтық жеңілдіктердің болуы, жұмыстан босатылған жағдайда салымшылардың зейнетақы жинақтарына құқықтарының сақталуы, инфляцияны ескере отырып және зейнетақы активтерін инвестициялау ар­­қылы олардың ағымдағы құнының сақ­­талуы және тағы басқа өлшемдері бо­йынша ұстанымдар ел позициясын сақтап тұр. Мамандар егде жастағы қызметкерлердің еңбек қызметін жалғастыра отырып, өздерінің зейнетақы жинақтарын алу мүмкіндігін оң бағалаған. Бір кемшін тұсы – ең төменгі базалық зейнетақының мөлшері, базалық зейнет­ақыны индекс­теу және индекстеудің жүйелілігі, халықтың жинақ деңгейі (оның ішінде зей­­­нетақы), халықтың берешегі, зейнет­ақы жинақтарын өсіп келе жатқан активтерге инвестициялау мүмкіндігі және т. б.

Фин зейнетақы орталығы мәліметтеріне сүйенсек, көптеген елде мемлекеттік зейнетақымен белгіленген жасқа жеткенде зейнетке шығуға болады. Ал кейбір елдерде икемді зейнеткерлік жас бар. Бұл зейнетақыны белгілі бір диапазонда алуға болатынын білдіреді. Бұған Канада, Финляндия, Норвегия, Швеция және АҚШ кіреді.

Кәмила ЕРКІН