Джеймс Уэбб ғарыштық телескопы жіберген деректер мен суреттер міндетті түрде ғалымдардың арасында пікірталас туғызады. Жақында телескоп бөтен планетадан тіршілік көзін тапты деген жаңалық тарай бастады.
10 миллиард доллар тұратын телескоптың адамның өмір сүруіне ыңғайлы планета тапқаны айтылуда
10 млрд доллар тұратын Джеймс Уэбб телескопы. Фото ixbt.com сайтынан алынды
1,915
оқылды

Ғылым мен технология жаңалықтарын алғашқы болып жариялайтын arstechnica.com мен bgr.com сайттарында Джеймс Уэбб жіберген деректерге негізделген сенсация туралы мақала жарияланды. Aikyn.kz осы материалға сүйене отырып ғылым әлемін дүрліктірген ақпаратты талдайды.

K2-18b экзопланетасы осындай болуы мүмкін. Фото arstechnica.com сайтынан алынды. Авторлығы: M.Kornmesser / ESA-Hubble

Джеймс Уэбб телескопы – АҚШ, Еуропа және Канада ғарыш агенттіктерінің бірлескен жобасы. Ол – 2021 жылдың желтоқсанында іске қосылды және әйгілі Хабблдың мұрагері. 

17 мемлекеттің бірлесіп жасаған телескоптың құны –  10 млрд доллар. Джеймс Уэбб ғаламның терең түкпірлеріне үңіліп, Жаратылыс құпияларын ашуға көмектесетін зерттеулерге қажет деректер жинайды. 

Жерге жіберілген сондай бір мәліметтерден астроном ғалымдар алыстағы планетадан тіршіліктің іздеріне ұқсас дәлелдерді байқаған. Осы болжамдардың негізінде Уэбб телескопы бөтен планетадан адамзатқа бұрын белгісіз болып келген тіршілік көздері  деген ақпарат тарай бастады. Оның қаншалықты шындыққа жақын екенін білу үшін телескоптың жіберген деректерін дұрыс түсіну керек.

Фото bgr.com сайтынан алынды. Авторлығы: dottedyeti / Adobe

Таралған қауесеттер ғылыми қоғамдастықта айтарлықтай пікірталас тудырды және зерттеушілердің бір бөлігі «біз бөтен тіршілікті әлі таппадық» десе, басқалары «жақын арада экзопланетада бөтен тіршіліктің бар екенін дәлелдейтін» боламыз деп мәлімдеуде. 

The Spectator журналында британдық астрофизик Ребекка Сметерст: «Менің ойымша, жақын арада бізде экзопланетадағы биоқолтаңбаның (биосигнатура) бұлтартпас дәлелі бар мақала жазылады деп ойлаймын», – деген.

Ал британдық астронавт Тим Пик бұл пікірді қостап: «Джеймс Уэбб телескопы бөтен өмірді ашқан болуы мүмкін... Бірақ олар бұл нәтижелерді толығымен расталғанша жариялағысы келмейді немесе растағысы келмейді. Бірақ біз биологиялық өмірдің күшті сигналдарын шығаратын планетаны таптық», – деп пікірталасты одан әрі күшейтіп жіберген.

Бірақ бұл биологиялық тіршілік иелерін таптық дегенді білдіре ме? Бұл сұраққа оң жауап беру ертерек. Мына видеода сондай жауаптың бір нұсқасын көруге болады (12 минут):

Уэбб басқа планетадағы бөтен өмірдің биосигнатурасы болуы мүмкін іздерді тапқан. Биосигнатура деп – өткендегі немесе қазіргі кездегі тіршіліктің бар екенін ғылыми түрде дәлелдейтін тіршілік іздерін, көрінісін айтады.

Ғарыш телескопы анықтаған тіршілік көздері K2-18b деп аталатын планетадан табылған. Дәл осы планетадан биологиялық өмірдің күшті сигналдарын телескоп тіркеп жазып алған.

K2-18 b экзопланетасы біздің Жерден 8,6 есе үлкен және біздің Күн жүйесінен 120 жарық жылындай қашықтықта орналасқан. Астрономдар бұл экзопланетада  мұхиттар мен сутекке бай атмосфера бар деп есептейді.

Алайда  Ars Technica атап өткендей, телескоп жіберген мәліметтер мұқият тексерілуі қажет. Ғалымдардың барлық сұрақтарына жауап алынған соң ғана қорытынды тұжырым жасалуы тиіс. Осынша талас пен дүрлігу туғызған – диметилсульфид деп аталатын молекула. Жерде бұл молекуланы тек тірі заттар ғана жасайды. Уэбб телескопы диметилсульфидті өткен жылы K2-18b планетасынан тапқан. Сондықтан да К2-18 б планетасында тіршілік бар екенін білу үшін астрономдар тиянақты тексеруді бастаған.