ХХІ ғасыр ақпарат майданы деген тіркесті 2000 жылдардың басында жиі естіген боларсыз. Көпшілік қауым бұл «соғыстың» қандай боларын ол кездері болжай алмаған да болар.
Ақылы «ақыл»
831
оқылды

Себебі бүгінге дейін сол соғыстағы басты нысана қарапайым бұқара екенін әлі де аңғара алмай келеміз. Әп-сәтте өміріңізді өзгертуге мүмкіндік беретін «техникаларды» үйрететін тренерлердің өз тәжірибесімен бөлісетін кәсіби мамандардан қандай айырмашылығы бар?

Халық арасында бизнес-тренерлер мен коучтердің кім екені жайында жаң­сақ түсінік қалыптасқан. Олардың айырмасын білмеу де орынды, себебі «coach» сөзі – ағылшын тілінен аудар­ғанда «жаттықтырушы» деп аударылады. Ал бизнес-тренерлерге келер болсақ, көпшілік оларды бизнесті басынан-аяқ қалай жүргізуге болатынын үйретеді деп ойлайды. Бір ғана тренинг арқылы өз ісін қалай ашуға және қалай миллион­даған табыс табуға болады деген сауал­дың жауабын алғысы келетіндер де жетерлік.

Асылында, бизнес-тренерлер – тре­нинг немесе шеберлік сыныптары арқылы клиентке кәсіпкерліктің белгілі бір бағытын ғана түсіндіретін маман. Мысалы, бір тренер тиімді сату әдіс­­­теріне үйретсе, екіншісі кәсіпкерлерге арналған салықтық жеңілдіктер туралы дәріс беруі мүмкін. Ал коучтің бизнес-тренерден айырмашылығы сізге дұрыс сұрақтар қою арқылы мақсатыңызды айқындауға көмектеседі. Мысалы, «Оңай сатылым дегенді қалай түсінесіз?» немесе «Өз қызметіңізді сатуды қалай қа­­­­­былдайсыз?» деген секілді сұрақтар болуы мүмкін. Бұл психологтің сеансына көбірек ұқсайды. Нәтижесінде, бо­йыңыз­­­­­­­­дағы ресурстарды анықтайсыз, ішкі дауысыңызбен «тілдесіп», мақсатқа жету жолындағы кедергілердің себеп­терін түсінесіз. Қысқаша айтқанда, бизнес-тренер не істеу керектігі жайлы нақты қадамдарды көрсетсе, ал коуч сізді өзіңіз қалаған шешімге жетелейді.

Қазір Қазақстанда қанша ресми және бейресми бизнес-тренер мен коуч бар екенін нақты айту мүмкін емес. Өйт­кені бұл салада заңға негізделген серти­­фикат немесе лицензия берілмейді. Ал әлеуметтік желілер тренингтер, веби­­нар­лар мен мастер-кластардың жарна­масына толы. Мұндай қызмет түріне сұраныс артып қана қоймай, оның құны да аспандап тұр. Экономиканың өзге салалары секілді бұл жерде азық-түлік не жанар-жағармай бағасы қызметтің өзіндік құнына тікелей әсер ете алмайды, сондықтан оның қандай себептерге сүйеніп қойылатыны да беймәлім. Мә­селен, коучтердің жеке консульта­­­­ция­сының құны сағатына 5 000-нан 150 000 теңгеге дейін тіпті одан да әрі өсе береді. Бағаның басты критерийі ретінде жаттықтырушының жеке бренді, білімі жайлы шетелдік сертификаты, тәжі­­рибесі негізге алынады. Көп жағдайда қызмет құны коучтің қаржылық «тәбе­тіне» тікелей байланысты.

Ал бизнес-тренерлер бір күндік тре­нинг үшін 50 мыңнан 5 млн теңгеге де­йін ақы сұрауы мүмкін. Мұның бәрі қатысушылардың санына, тренингтің форматы мен тақырыбына, орынды жалға алу және көлік шығындарына бай­ланысты.

Дәріс бердім, мінекей!

Бірақ таяқтың екі ұшы болатыны се­кілді ақпарат майданында өзін тәжі­рибелі кәсіпкер етіп көрсетіп, «аңқау ел­ге арамза молда» болып жүргендер де жетерлік. Әсіресе, әлеуметтік желілерде «ба­қытқа жетудің үш қадамы, бай болу құпиялары» секілді жарнамалардан көз сүрінеді. Мұндай «мамандар» сөзінің епті­­­­­­­лігімен-ақ алаяқ деген аттан ай­налып өтеді. Себебі олар 90-жылдарда танымал болған емші-балгерлердің қамытын кимеу үшін тылсым күштер арқылы өміріңіздің жақсы жаққа өзге­­руіне уәде бермейді. Керісінше, олардың дәрістері материализмге толы әрі екі сөзінің бірі ғылыми тұжырымдар туралы болмақ. Әрқайсысы әртүрлі тақы­рыпты қаузағанымен, олардың айтар ойының тамыры бір жерде тоғысады. Мысалы, дәрістен шыққан соң бай, талантты да табысты болуға кедергі болып жүрген өзіңіз жайлы теріс ойларыңыз екеніне «кәміл сенуіңіз» бек мүмкін.

Сиқырлы «сезамды» уәде ететін тре­нингтер шынтуайтында іш пыс­тырар­лық. Жиынның жартысы ұйымдасты­­рушының ең жақсы қонақүйлердегі демалыс слайдтарын тамашалаумен, банк­тік шотына түсіп жатқан миллион­даған ақша аударымдарының скрин­шоттарын, қымбат көлігін көрсетіп мақ­­­та­­­нуымен өтеді. Содан кейін жи­­нал­ғандарға бұған қалай қол жеткізуге болатыны түсіндіріледі.

Ең басты құпия – өзіңе сену, көп жұ­мыс істеу, тәуекелге барудан қорықпау, хоб­биден қалай ақша табуға болатынын ойлап, «мен жетістікке жете алмаймын» деген сөзді ұмыту. Дәріс беруші басынан өткен оқиғаларды баяндаумен тыңдар­мандарын одан әрі еліктіреді. Табысқа жетудің жалғыз сыры жұмыс істеу екенін бала күнімізден-ақ естіп келеміз. Бірақ мұндай «құнды» кеңес үшін ешкім ата-анасынан бір айлық еңбекақысын бер­мегені анық. Бірақ мұндай жиынға қа­тысушылар айдан анық ақиқат үшін қо­­­мақты қаражатынан айырылуға әзір екенін түсіне бермейді, тіпті шара аяқ­талған соң алдандым-ау деп ойлау­дың орнына «әсерлі пікірлерімен» бөліседі. Жиналғандар үлкен ақиқат үшін көп ақша төлейді және тіпті алданбайды. 

Дегенмен кез келген бизнес сияқты, коучинг те инвестицияны қажет етеді. Өйткені адамдардың әлсіз тұсына ак­цент беру арқылы тұзаққа түсіретін «ин­фо­­­бизнесмендер» алдымен әлеуметтік желідегі парақшасын өзінің әдемі өмі­рінің суреттерімен әспеттейді. Бірін­ші­ден, коучтің сыртқы әлпеті өте ма­ңыз­­ды. Сіз үстіне созылған жемпір іле сал­­­­­­­­ған адамнан бизнесті қалай жақсы жүргізу керектігі туралы кеңесті тыңдай аласыз ба? Әрине жоқ, осы себепті жат­тықтырушы өте қымбат костюм, бренд сағаты, жоғары сапалы парфю­мериясын жария етуге асық тұрады. Байқампаз аудитория оның бойындағы ұсақ-түйек детальдарға дейін мән береді. Сондықтан оның шұлығынан бастап, қалтасынан шығаратын қаламсабы да «қымбат» болуы заңды.

Қазақстандағы оқырмандардың дү­ние-мүлікке ерекше мән беруі, әрине коучтарды қиын жағдайда қалдырады. Мә­селен, көршілес ел Ресейде сіз Стив Джобсқа еліктеп, көк джинсы мен крос­совкада дәріс оқи аласыз. Бірақ шығыс мәдениеті сезілетін біздің елде әлі де мұн­дай имиджді қабылдай бермейді. Себебі мұндай «кәсіпкердің» әлеуетті клиенті Стив Джобстың кім екенін біл­месе де, шынайы Rolex сағатын көшір­меден ажырата алатын пысы­қайлар табылады.

Ұялмаған «дәрігер» болар

Халық кез келген мағынасыз сөзге сенуі үшін оны қалай айту керегін білуі керек. 1970 жылы Калифорния универ­ситетінің профессорлары Дональд Нафтулин, Джон Уэр және Фрэнк До­нелли мынадай қызықты эксперимент жүргізеді.

Олар медицина факультетінің сту­денттерін медицинаның сол кездегі жа­рық жұлдызы, АҚШ-тың ең озық дәрі­гері деп Майрон Фокстың дәрісіне ш­ақы­рады. Шын мәнінде, ондай дәрігер болған емес. Экспериментті ұйым­дас­тырушылар киноларда кездесетін дәрі­гер образына жақын әрі келбетті актерді жалдады, оны ақ халатпен ауди­­торияға алып келді. Тыңдаушылардың ешқай­­сысы бұл дәрігердің ауди­­ториядағы дә­ріске ауруханаға кіргендей киінгеніне на­зар аударған жоқ. Расында, халаты жоқ дәрігер қандай дәрігер?

Эксперименттің шынайы өтуі үшін ұйымдастырушылар медицинаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын актерді арнайы дайындаған жоқ. Жай ғана университет кітапханасынан бірнеше кітап пен «Үй дәрігері» анықтамалығын ұсынды. «Доктор Фокс» өзіне ерекше ұнаған бірнеше латын терминін түртіп алды. Бастапқыда ұйымдастырушыларды студенттер қай кезде алаяқты анықтай алатыны қызықтырды. Бірақ нәтиже одан да қызықты бола түсті.

Доктор Фокс аудиториямен үш сағат бойы сөйлескен. Ол қауіпті аурулармен қалай күресу керектігін, күрделі хирур­­­гиялық операцияларды қалай жасау керек екенін айтты, тіпті студенттердің күрделі сұрақтарына «салмақты түрде» жауап берді. 

Дәрістен кейін тыңдаушыларға сауал­нама беріледі. Болашақ дәрігер­лердің үштен екісінен астамы бұл дәріс оларға институттың бірнеше жылда берілген білімінен де құнды болғанын жеткізген. Ал қатысушылардың 38%-ы доктор Фокстың тәжірибесін дәрігерлік тәжірибеде қолданатындарын жазса, 12%-ы дәріс өте қызықты, бірақ кейбір жерлерде түсініксіз болғанын хабарла­ған. Доктор Фокс дәріс барысында медицинада мүлдем жоқ бірнеше терминді ойлап тапты. Студенттердің тек 3%-ы атақты дәрігердің дәрісі мағы­насыз мәліметтерге толы болғанын ашық айтқан. 

Әрі қарай тәжірибе одан да қызықты жағдайлармен толығады. Эксперимент аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар оның сәтті аяқталғанын атап өту үшін актерді мейрамханаға шақырады. Сол жерде медицина профессоры «доктор Фокспен» өз кәсібінің қыр-сыры туралы кездейсоқ әңгімелеседі. Кенеттен актер нағыз дәрігерге оның емдеу әдістерінің дұрыс еместігін дәлелдей бастайды. Ак­тер тыңдаушылардың реакциясына сенгені соншалық, ол өзі дәрігерлерден гөрі медицинаны жақсы түсінемін деген тұжырымға келген. 

Жаңылмайтын жақ болмас...

Тіпті ертерек, 1951 жылы поляк пси­хологі Соломон Аш мынадай қы­зық­ты эксперимент жүргізеді. Ол бір бөл­меде қарапайым сұраққа жауап бе­ретін 12 қа­тысушыны жинап: «Суреттегі үш сызық­тың қайсысы ұзағырақ» деген қарапайым тапсырма береді. Мұндағы басты құпия тек бір ғана шынайы субъект болады, ал қалған қатысушылар психологтен нұс­қаулар алған. Олардың бәрі бірдей ең қысқа таяқша ұзын деп өтірік айтты. Эксперимент әртүрлі адам­дармен 18 рет қайталанады, тек екі субъектен басқа қатысушылар қалған­дары қателеседі деп айтып батылдық та­нытқан.

Бұл бізге бизнес-тренерлердің курс­тарында неге скептиктердің кездесе бер­мейтінін айқындап береді. Өйткені адам басқалар қателесуі мүмкін деп ойлаудың орнына өзінің білімсіздігіне көбірек сенеді.

Осы себепті болар, көптеген тренинг мен сессия өтетін залда ұйымдас­тыру­шы­лардың өз адамдары отырады. Егер қатысушылар арасынан скептиктер шы­ғып дәріскер бос сөз айтып жатыр деп мәлімдесе, олар батыл көрерменді «өзі­ңіз жалқау, өзгеруге құлықсыз ақымақ шы­ғарсыз, сол себепті дәрістегі сөздерге кері реакция білдіріп отырсыз» деп бірден орнына қойып тастайды. Адамдар арасында өзін жалқаулығы мен ақы­мақтығы үшін сөгетіндер жиі кездесе­ді. Сондықтан «бүлік шығарушы» қарсы­ластарының дұрыстығын мойындап, тез басылуы да ғажап емес. 

Айтпақшы, олардың бейнесі де маңызды. Адам пікірталас кезінде сүй­кімді спикерге сенуге бейім болатындай етіп ұйымдастырылған. 

Сіз кімсіз, «К» мырза?

Ерте ме, кеш пе, коуч тренингке қатысушылардың әрқайсысына жеке жүгінеді. Сұрақтарға жауап бойынша ол жеке портрет жасайды. Дәл осы жағдайға негізделген Бертрам Форердің әдісін «инфобизнесмендер» қазірдің өзінде тиімді пайдаланып жүр. 1948 жылы бұл психолог экспериментке қатысушыларға «олардың жеке портретін сипаттайтын» парақшалар таратты. Ал шын мәнінде олардың барлығында жазылған мынадай бір мәтін еді:

«Сіз үшін басқа адамдардың сізді жақсы көріп, таңдануы өте қажет. Сіз өте сыншылсыз. Сізде бойыңызда жа­сырын жатқан көптеген қасиет бар. Кіш­кене қателессеңіз болды, дұрыс шешім қабылдадым ба деп күмән­данасыз». 

Бертрам Форер өзінің осы экспери­­менті арқылы көріпкелдер мен астро­­­логтерді әшкереледі. Ал оған бұл әдіс туралы жол жағалап жүретін «көріп­­­­келдерге» осы айланы үйреткен ойын-сауық паркінің иесі айтқан.

Мұндағы басты қулық әр адам өзін осылай сипаттайтынында. Сол себепті барлық қатысушы «жеке сипаттаманы» шынайы деп қабылдаған. Тренингтерде мұндай әдістер дәріскердің кәсібилігіне деген қатысушылардың сенімін арт­­тырады. Бір жағынан, жеке мәселе­­­лерде көпшілік алдында талқылау адам­ды аб­дыратып, аудиторияның алдында дәр­менсіз халге түсіреді. Ары қарайғы ақ­параттарға оның тайталасатын да ойы болмайтыны осыдан. 

Әлін білмеген әлек...

Трененинг қатысушыларға «жайлы болсын» деген оймен қымбат конфе­ренц-залдарды жалға алады. Бірақ оның астарында келушілердің мұндай сән-салтанаты жарасқан орында өзін ыңғай­сыз сезінуінен ақша жасау пиғылы тұрады. 

Қымбат бутикке кіргенде, бұл сезімді бәріміз бастан өткерген шығармыз. Себебі онда кішкентай ғана бұйым жала­­­қыңыздың жартысына тең. Алды­мен мұндағы бағаларды көрген адамның көзі шарасынан шығып кете жаздаса, ол жерден ешкім қуып шықпайтынын түсінген соң өзін олигархтар секілді ұс­тауы ғажап емес. Осылайша, сіз тре­нингке жазыла салысымен, бұған дейін аттап баспаған мұндай зәулім ғимаратқа топ ете қаласыз. Тіпті, кофе-брейк те ұсынады. Сонымен, күрделі терминдерді араластырған жұртқа онсыз да мәлім ақпарат сол жерде аудиторияға жаңаша ұсынылады. Коуч-тренерлер өзінің қымбат көлігіне мініп сізді бір-бірімен қабыспайтын екі әлемнің ортасында қалдырып кете барады. Бір кездері са­тып алғаныңызға балаша қуанған ескі көлігіңіз бен басыңыздағы баспананың өзі сізге аздық ететіндей. Арманыңыздың алды Жерорта теңізінен бір-ақ шыққа­нын өзіңіз де байқамайсыз. Енді сізді «айналдырып отырған кәсібіңізді қалай дүниеге әйгілі брендке айналдыруға болады?» деген ой ғана мазалайды.

Курс қатысушыларының басым көпшілігі келесі күні таңертең күмәнді дәріс үшін көп ақша бергеніне өкінсе де, өз қателігін жарияға жар сала бермейді. Керісінше, өзін ақтау үшін әлеуметтік желілерде ұзынсонар посттар жазып, «инсайттарымен» бөліседі. Бұл – коучтің келесі құрбандары үшін таптырмас «тұзақ». Себебі мұндай «жағымды» пі­кір­­­лер кез келген инфокәсіпкердің порт­фолиосына айналады.

Біз коуч үшін тағы не істей аламыз?

Осылайша, тренингті ұйымдас­­­­тыру­­шылар тегін жарнама алады. Әрі ол – инфобизнесменнің «кәсібіне» күмән келтірушілерге таптырмас қару. Тре­нингтен соң бірнеше адам өз бизнесін кеңейтуі де мүмкін. Бірақ ол курстардан алған толассыз білімнің емес, «жоғалған пайда синдромының» есебінен. Мұның басты мәні мынада: адамдар жоғалт­қандарын қайтарып алу үшін бірнеше есе көп күш пен ақша жұмсауға бейім. Адамның бұл әлсіздігін құмар ойындары жиі пайдаланады. 100 доллар жоғалтқан адам ұтылғанын қайтарып алу үмітімен ставкаларды көтере береді де, ақыр соңында бәрін жоғалтады.

Тренингке қатысқан адам бизнесте ірі тәуекелдерге барып, қауіпті, бірақ өте тиімді шешімдер қабылдай алады. Мысалы, ол өзінің кішкентай асханасын беделді мейрамханаға айналдыру үшін несие алады. Егер бәрі ойдағыдай болса, бизнес-тренер келесі жиындарда кәсіпкердің осы кейсімен бөліседі. Керісінше жағдайда, сізге өз қателік­теріңізді бетіңізге басады.

Нәтижесінде, мұндай тренингтерді хоббиіне айналдырған азаматтар ин­фо­кәсіпкерлердің клиентсіз қал­­­мауына барынша жағдай жасайды.

Кәмила ЕРКІН