Тілеген дұға-тілектің қабыл болып, орындалуына сенген жұрттың бір әрекеті – киелі орындарға барып зиярат ету. Қазақ даласында қасиетке тұнып тұрған орын көп.
Тарихы терең, қасиеті ерен
1,156
оқылды

Соның бірі ретінде еліміздің оңүстік аймағындағы Ақбура әулие кесенесін сөз етпекпіз. Қазақстанның әр түкпірінен жиналатын қасиетті мекенге шетелдіктер де қызығып, біз сенген аңыз бойынша олар да осы жерден дертіне шипа іздеп келеді. 

Ақбура – Ясауидің қойған аты

Аңыз бойынша Ақбура әулие Қожа Ахмет Ясауидің замандасы әрі шәкірті болған. Астына ақ түйе мінген әулие ерекше күшке ие болып, таң намазының екі бас сүннетін Қазығұрттағы бұлақ басында оқыса, қалғанын  Йассыдағы мешітте оқитын болыпты. Тылсым күшке ие болған әулие туралы кесене шырақшысы Өмірсерік Бұқарұлы былай айтып берді: 

«Ақбура әулие осыдан мың жыл бұрын осы Қазығұрт тауының бөктерінде өмір сүрген.  Әулие туралы бір дерекпен бөлісейін. Сол заманда Түркістанда Әзірет Сұлтанның мешіті болған. Қожа Ахмет Ясауи сол мешітте жиналған жамағатпен бірге бесін намазын Ақбура әулие келген соң бастайтын болыпты. Әп-сәтте Түркістанға жеткізетін ақ түйенің аузынан ақ көбік бұрқырап баратын болған деседі. Шын мәніндегі әулие Ақбердіні Ахмет Ясауи ақ түйемен жүретіндіктен «Ақбура» деп атаған. Ал емшілік қасиетінің болғанына байланысты жұрт оны әулие сөзімен қосып, Ақбура әулие атап кеткен», – дейді шырақшы. 

Әулие атымен аталатын киелі жерде бұлақ бар. Шырақшының сөзінше, бұлақ суы тау етегіндегі елдің қажетіне жарап, қысы-жазы тоқтаусыз ағып жатады. 

Атын естіген ел де көп

Көктем шығысымен-ақ Ақбура әулие кесенесіне келетін туристер көбейеді. Былтыр шамамен 500-ге жуық турист келген. Өмірсерік ақсақалдың айтуынша, мұнда жаз мезгілінде зиярат етушілердің көбейгені сонша, тіпті кесене алдында көлік қоятын орын болмай, ұзын-сонар кезекке тұрып жатады екен. Аядай ғана ауылдан төрт шақырым жердегі киелі орынға қазақстандықтар ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден, керек десеңіз, Германия, Түркия елінен зиярат етіп келетіндер де жетерлік. 

Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, сөз етіп отырған киелі жерде суретке түскен Аймира есімді орыс қызының жеке парақшасын тауып, сыр тартып көрдік. 

«Біраз жыл бұрын төрт адамнан құралған экспедициялық топ Ақбураға келдік. Кешкі уақыт таяп қалған, жол нашар болғандықтан, жаяу жүрдік. Байқағанымыз, барар жолдың қалай болуына қарамастан, адам ағыны өте көп болды. Әулиенің кесенесі таудың етегінде болғандық­тан, бірден көзге шалына қоймады. Біздің мақсат – таудың ұшар басына шығу болған. Күн бата шырақшыны кездестіріп, сол жерде түнеп қалдық. Ертеңіне тау басына қарай бет алған сәтте жол-жөнекей түрлі мүсіндегі жоталарды кездестірдік. Оның ішіндегі шөгіп жатқан қос өркешті түйенің жотасы көзімізге оттай басылды. Аңыздарға сенсек, түйенің кейпіндегі жартас осы әулиенің бурасы екен. Тыңдаған адамға ертегі іспеттес. Таудың ең биік нүктесіне жеткен кезде үңгір бар екенін білдік. Үңгірдің суы мұздай еді. Кесенеге қайта келгенде шырақшы бізге бұрын-соңды естімеген оқиғаларды айтып берді. Келгендердің барлығы судың кез келген дертке дауа болатынын айтты, біз де шипалы суын өзімізбен бірге елімізге алып кеттік», – дейді Аймира. Ол айтқан түйе кейпіндегі жота туралы шырақшының өзінен де сұрадық. 

– Ақбура әулие осы жерде дүниеге келіп, осы жерде өмірден өтті. Мініп жүрген түйесі де әулие дүние салған соң осы жерде шөгіп, жан тапсырды деген әңгімелер кең тараған. Шынымды айтсам, тау бөктерінде түрлі жануарға ұқсас жота көп. Әпсана бойынша иесінің қазасына қайғырып шөккен түйе жартасқа айналған болуы да мүмкін, оны дөп басып айту қиын, – дейді шырақшы. 

«Түсімде көріп келдім»

Киелі жердің суы да шипа, талай дертке ем деседі кесенедегілер. Әңгіме барысында кесене шырақшысы мына бір оқиғамен бөлісті.

– Шамасы осыдан екі жыл бұрын тері ауруын асқындырып алған орта жастағы әйел дертіне шипа іздеп келген. Киім кисе, денесі ауырады. Дәрігерден дауа таппай, емшінің емі қонбапты. Сонда бізге де алғашқы рет келуі ғой. Бұл жер туралы түсінде көріпті. Айтуынша, түсіне Ақбура әулиенің өзі кірген екен. Бұлақтан аққан суға шомылып, шипа суды ішсе, дертіне ем болатынын айтқан. Жолдасымен келген әйел суға түспес бұрын кесене ішінде дұға тілеп, кейін бұлақ суын үстіне құйып кетіп жүрді. Араға екі-үш күн салып бір ай үзіліссіз осы жерге келген еді. Кейінірек оның бұл аурудан құлан-таза айығып кеткенін естідік. Былтыр да келіп, зиярат етіп кетті, – деді шырақшы.

Өмірсерік ақсақалдың айтуына қарағанда, буын ауруына шалдыққан адамның көбі осы жерге ем іздеп келеді. Кез келген адам бір нәрсеге мұқтаж болғандықтан, киелі орын­дарды аралап, тілек тілейді. Бірақ кесенелерді араласа барлық адамның тілегі қабыл болып кетеді деуге тағы болмас. Сондықтан тілегенім орын­дал­мады деп қолды бір сілтеп кетудің қажеті жоқ. Ал шетелден келген қонақтар еліміздің киелі жерлерін аралауға келгенде Ақбура әулиенің осындай тылсым күшін естіп, ат басын осында бұрады. 

Киелі жерге қолдау жоқ

Шырақшы Өмірсерік ақсақалдың киелі жерді келушілерге таныстырып жүргеніне 5 жылға жуық уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде әрі туристік ортаға айналып отырған Ақбура әулиеде ешқандай өзгеріс болмаған. Әңгіме барысында шырақшы «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалғанына күйініп, өңірдің болашағына алаңдаулы екенін айтты.

«Ақбура әулие киелі жерлердің, туризм бағытындағы орындардың қатарына еніп жатқанына қуанамыз. Бірақ бүгінге дейін жарықтың болмағаны келушілер санының азаюына әсер ете ме деп ойлаймын. Әсіресе, шет аймақтардан, басқа елден келген қонақтар, әрине бұл туралы айтпайды емес, айтады. Бұл – бізге сын. Қазығұрт ауданына қарасты барлық өңірге жарық, жылу жүйелері тартылған да, ал киелі жерге тартылмаған. Осыған ашынамын. Бұл мәселені бақылауымда ұстаймын деген кісілерді де екінші рет көрмедім. Одан бөлек, қазіргі заманға сай құрылыс орындары мен қонақүйлердің бой көтеруіне рұқсат жоқ. Бұған дейінгі салынған екі-үш бөлмелі үйде қыс айында жылу болмайды. Қыста келетін адамның аз екенін ескерсек те, жаз айларында туризм саласындағы жастар легі арта түседі. Ол кезде оларға қонатын жердің табылуы да қиынның қиыны. Егер мемлекет тарапынан да қолдау көретін болсақ, киелі жер туристік бағытта да дами түсер еді», – дейді кесене шырақшысы.

Қолдауға зәру мекенге табан тірейтіндердің басым бөлігі зиярат етіп келеді. Шырақшының айтуынша, олардың «садақа» жәшігіне салған тиын-тебені кесене маңын тазарту жұмыстарына, оған атсалысқан көмекшілерге жұмсалады екен. Алладан тілек тілеп келетін зиярат етушілерге түнейтін орынның жеткі­ліксіздігінен кейбірі шырақшының үйіне қонады. 

Көптің назарын өзіне аударған өңірге мүлде қолдау көрсетілмейді деп айта алмаймыз, Өмірсерік Бұқарұлы кесене ғимаратын жаңартып отыратын ағайынды кәсіпкерлердің еңбегіне дән риза. 

– Біз қазірге тек жеке кәсіпкерлер тарапынан қолдау көріп отырмыз. Демеуші көп. Өз кәсібін дөңгелетіп отырғандар осы маңдағы жағдайы төмен отбасыларға жәрдем қолын созып келеді, Шымкент қаласында үш ағайынды кәсіпкер бар. Олар былтыр келіп кесенеге ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарын жүргізіп кетті. Егер мемлекет тарапынан жарық жүйелерін кіргізуге, зиярат етушілерге арналған орындар салуға рұқсат берілсе, осы демеушілер бұл жұмысты да аяқтап беруге сақадай сай тұр, – деді Өмірсерік ақсақал.

Бүгінгідей жаһандану дәуірінде жұтылып кетпеу үшін, рухани-мәдени мол мұрамызға мән беріп, ұлттық құндылықтарымызды саралау тарихи- мәдени қасиетті жерлерімізді жаңғыртудың маңызы зор әрі туристерді тартудың негізгі құралы болмақ. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ