18 қаңтар – дүниежүзілік дұрыс салмақты насихаттау күні. Әлемнің диетологтары халықты дұрыс салмақты тағайындаудың ғылыми негізіне назар аударуға шақырады. Өйткені бүгінде, өкінішке қарай, сұлулық стандарттары басқаны міндеттеп келеді.
Талдырмаш болудың әлегі
841
оқылды

Бұл бастама америкалық тарихшы Френси Бергке тиесілі. Профессор өзінің 1999 жылы жарық көрген «Әйелдер ауқаттанудан қорқады: салмақ қуған заманауи әлемге қарсы тұру» (Women Afraid to Eat: Breaking Free in Today’s Weight-Obsessed World) кітабында әйелдер арасында кең тараған сұлулық стандарттары мен түрлі диета көптеген физикалық және психологиялық ауруға себеп болғанын жазады. Сол жылдары «Дұрыс салмақ желісі» (Healthy Weight Network) атты ұйым құрып, қаңтардың үшінші бейсенбісін айтулы күн ретінде атап өтуге қол жеткізеді. Мақсаты – дұрыс салмақтың ғылыми негізіне әйелдердің назарын аударту, тән сұлулығы хақында кең тараған жалған стандарттар мен оның проблемалы салдарын насихаттау болды. 

Ширек ғасырға жуық аталып өтетін айтулы дата күні бүгінге дейін өзекті. Өйткені арық болу үшін өзін ас-ауқаттан тиып, түрлі диетаның құрбаны болып жатқан әйелдер қауымының саны азая қойған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде әлем тұрғындарының 16-20 пайызы анорексиямен бетпе-бет келіп отыр. Осыдан 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш 2-3 пайызға тең болған. Ал дүниежүзінде 10-19 жас аралығындағы әрбір жетінші жеткіншек анорексия мен булимияның құрбаны. Өкініштісі сол, ДДҰ-ның 2022 жылғы зерттеуіне сүйенсек, жасөспірімдердің өлім себебінің арасында (соның ішінде суицид бар) аталмыш психологиялық бұзылыс көш бастап тұр. 

Мамандардың айтуынша, салмақ – деннің саулығының маңызды көрсеткіші. Әрбір адамның дене бітімі әртүрлі, сол себепті қолдан жасалған  мінсіз пошымға ұмтылу ақылға қонбайды, керісінше, физикалық және психологиялық денсаулыққа зиянын тигізеді. 

«Өзіңізді толық деп есептейсіз бе? Апай-то­пай интернеттен ақпарат жинап, яки құрбы­ңыздың кеңесіне құлақ асып, түр-түсі түсініксіз диетаға отыруға асықпаңыз. Алдымен дене салмағының индексін есептеуге кеңес беретін едім. Мәселен, 170 см бойға 65-68 салмақ сәй­кеседі. Ал бізге осындай бойы бар қыздар сал­ма­ғым 55 келіден асып кетті, қалай арықтауға болады деп келеді. Ағзадағы май көлемінің де өз нормасы бар. Қандай да бір диетаға отыруға ниетті ару бұл көрсеткіштің барын ескермейді де, ал бұл норма – деннің сау болуының бірден-бір кепілі», – дейді диетолог Арайлым Мұ­қанқызы. 

Маманның айтуынша, Алматыдағы ірі университеттердің біріндегі қыздар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде 150 қыздың 44 пайызы артық салмақпен күресіп жүргені анықталған. Әйтсе де, сол көрсеткіштің 31 пайызының дене салмағының индексі нормада болған, яғни артық салмағы жоқ. Бұл қыздардың жартысынан көбі ешқандай ғылыми негізі жоқ, зерттелмеген әртүрлі бірнеше диетада отырған. Сондағысы – «мінсіз» бітімге қол жеткізу. 

Психологтердің айтуынша, соңғы жиырма жылдықта жалпы «мінсіздікке» ұмтылу синдромы дендеген. Соның ең «сәндісі» – 90-60-90 бітіміне сай болу. Әлемде әйелдердің тек 5 пайызы бұл көрсеткішке ие. 

«Бұл статистиканың бес пайыз болуы заңды. Өйткені 90-60-90 – ойдан шығарылған сандар. Бойы аласа қыз да, бойшаң ару да бір стандартқа сай болу керек деу ақылға қонбайды. Өкінішке қарай, БАҚ, медиа, әлеуметтік желілер, әлемдік мода талдырмаш қыздарды мінсіз етіп көрсетуде, арық болуды – әсемдіктің символы ретінде насихаттауда. Бұған қоса, арықтауға құлықсыз адамды өзінің ерік-жігерін қамшылай алмайтын әлсіз сипатта көрсетуде. Мұның бәрі 13-25 жас аралығындағы қыздарға ықпал етпей қоймайды. Олар деннің саулығына емес, тәннің сұлулығына маңыз береді. Сондықтан ешқандай қауіп-қатерге қарамастан кез келген тәуекелге барады. Бұл орайда, дұрыс салмақтың қандай болатынын және деннің саулығына маңыз беру керек екенін жаппай айта беруіміз керек. Бүгінде насихат ісі кемшін болып тұр», – деп атап өтті диетолог Арайлым Мұқанқызы. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, анорексиямен бетпе-бет келгендердің 20 пайызы өлім құшады. Өкінішке қарай, анорексия, булимия және тағы басқа тамақтану тәртібінің бұзылуымен байланысты аурулар қолдан жасалды. Бұл қоғамдағы негізсіз стандарттардың құрбаны болған психиканың «жемісі». Дүниежүзі мамандары, тіпті «сәнді» ауру атап кеткен анорексияның бастауында арықтауға деген әсіре ынта-ниет тұр. Кеше ғана аталып өтілген Дүниежүзілік дұрыс салмақты насихаттау күні елімізде кең көлемде атап өтілмейді. Әрі, әсіресе, тамақтану тәртібінің бұзылысымен зардап шегетін жасөспірімдер статистикасы да жоқ. Әйтсе де, БАҚ беттерінде анорексияның құрбаны болған жастардың тағдыры мен олардың ата-анасының жанайқайы жиі жазылады. Көбіне көп проблемамен күресу жолдары айтылып жүр. Алайда дұрыс тамақ­тануды, дене салмағының тиімді индексін, са­ла­матты өмір салтын насихаттасақ игі. 

Асыл ТҰМАР