Қаңтар айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Сынақ тапсырған талапкерлердің 67%-ы – қазақ тілінде, 32,9%-ы – орыс тілінде, 13 адам ағыл­шын тілінде тестілеуден өткен. Бұл тура­лы Ғылым және жоғары білім министр­лігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді.
ҰБТ: 67% қазақ тілін таңдады
551
оқылды

«Тестілеу 10 ақпанға дейін өтеді. Естеріңізге сала кетсем, тестілеуге қатысуға 136 мың өтініш келіп түсті. Қазір сынақ тапсырушылардың басым бөлігі, атап айтқанда 19%-ы «Математика-Физика» пәндерін, 14%-ы «Биология-Химия» комбинация­сын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Хи­мия-Физика», оны 22 адам тапсырған», – деп атап өтті Р.Емелбаев.

ҰБТ басталғалы шекті балды 67%-ға жуық талапкер жинаған. Орташа көрсеткіш 59 балды құрады. Ең жоғары балл – 133.

Айта кету керек, ерекше білім беру қажет­тіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға бірінші аптада 52 талапкер қатысқан. 

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Бүгінде 12 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкін­дігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 5 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.  

Еске салайық, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда тлапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.