Орал қаласындағы Жұбан Молдағалиев атындағы орталық әмбебап ғылыми кітапхана еліміздегі ең көне кітапхана. Ғасырдан астам тарихы бар кітапхана кітап қорына бай.
Көне кітапхана көмекке зәру
1,178
оқылды

Облыстық кітапхана орналасқан ғима­раттың өзі өте көне, тарихи жәдігер. Бұл Орал қаласындағы Карев үйі. Үйді көпес Карев 1901 жылы салдырған. Қазір бұл жерде облыстық кітапхана мен облыстық филармония орналасқан. 

Жоғарыда атап өткеніміздей, Орал қа­ласындағы кітапхана ең көне, тарихи кі­тапхана саналады. Облыстық кітапхана 1871 жылы ашылған. Басында 1871 жылы әскери училищенің базасында орналасқан. Кейін 1924 жылы қалалық кітапханаға айналып, 1930 жылы облыстық кітапхана болып өзгереді. Ал 1939 жылы Надежда Крупскаяның есімі беріледі. Облыстық кітапхана Карев үйіне тек 1947 жылы көшіп келеді. Содан бері кітапхана сол та­рихи ғимаратта. Ал облыстық кітап­ха­наға қайраткер ақын Жұбан Молдағалиевтің есімі 2000 жылы берілген. 

Тарихы терең, шежіресі кең, кітап қо­ры мол болса да бұл кітапхананың да шешілмей тұрған шаруасы шаш етектен. Басты мәселе ғимараттың өзінде болып тұр. 

– Біздің облыстық кітапхананың үл­кен шешілмеген проблемасы бар. Бірін­шіден, бізде кітап сақтайтын орын жоқ. Таршылық етіп отыр. Сіз өзіңіз біз отырған ғимаратты көріп отырсыз. Бұл негізі кі­тапханаға арналмаған. Қазір әлемде за­манауи арнайы кітапханалар салынып жатыр. Ал біз ескі, тарихи ғима­ратта отыр­мыз. Бұл жерде қандай да бір заманауи технология туралы айтудың өзі артық. Бізге бұл орын өте тарлық етеді. Бұл ғи­марат – көне, тарихи жәдігер. Сондықтан да мұны өзгертуге, бұзып, басқаша бірдеңе істеуге болмайды. Осының өзі бізге қол­байлау болып отыр. Қазір облыстық кітап­хана үшін жаңа ғимарат салу мәселесі әбден пісіп жетілді. Бізге заманауи, кең, жарық, оқырман үшін барлық жағдайы жа­салған ғимарат керек, – дейді кітапхана директоры Шолпан Қуа­нышқызы. 

Бүгінде БҚО-да 300-ден астам кітап­хана бар. Онда шамамен 5 миллионнан астам кітап қоры сақталған. Өкінішке қа­рай, жалпы облыс бойынша тек екі кітап­хананың жеке өз ғимараты бар. Қал­ған кітапхананың бәрі клуб, филар­мония, ауылдық әкімдік секілді мекеме­­лердің бір бөлмесінде орналасқан. 

– Жалпы, БҚО бойынша кітапхана ғимараты деген мәселе өте күрделі болып тұр. Бізде екі кітапхана ғана өз ғима­ра­тында отыр. Бұл, әрине өз кезегінде оқыр­ман үшін өте ыңғайсыз, қолайсыз. Біз­дің облыстық кітапхананың өзі өте биік, бірақ бұл жерде мүгедек жандарға жағдай жа­сал­маған. Халқы аз ауылдарда кітапхана жоқ. Біз сол ауылдарға көшпелі кітапхана ұйым­дас­тырғымыз келеді. Бірақ оған да жағдай жоқ. Себебі біздің ешбір кітапха­намызда библиобус жоқ. Қазіргі біздің астымыздағы көліктер әбден ескірген. Егер аудандағы кітапханаларда библиобус болса, олар алыс ауылдарды аралап, қызмет көрсетер еді. Ресейде сондай жүйе жақсы жолға қойыл­ған, – деп қынжылады кі­тапхана дирек­торы. 

Оралдағы тарихи кітапхананың іші мұн­таздай таза. Ауасы кең. Қанша дегенмен тарихи жәдігер болғандықтан, өзіндік бір атмосферасы бар. Бірақ қазір әлемде түрлі заманауи кітапхана салынып жатқан тұста білдей бір облыстың жібі түзу кітапхана ғимаратына жарымай отырғаны сәл ұяттау енді. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы