Қазақстанда бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Қаражат көзі табылса, әлемдік нарыққа қажет пайдалы қазбаның бірнеше түрін игеруге мүмкіндік туады.
Сирек металл өндірісіндегі мүмкіндігіміз қандай?
1,199
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 19 қаңтарда Италияға ресми сапарында бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, шетелдік компанияларды осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды.

«Бүгінде біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады, – деді Қ.Тоқаев.

Соңғы жылдары әлем нарығында бағалы металдарға сұраныс еселеп артып келеді. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 2-3 жыл ішінде дүниежүзінде литий элементіне деген қажеттілік екі есе көбейсе, кобальт 70%-ға қымбаттауы мүмкін. Сол себептен де бағалы металдарға қазірдің өзінде «жаңа заман­ның мұнайы», «екінші алтын» деген атау беріліп, айдар тағылып үлгерді. 

Ашық дерек көздерінде осмий-187 элементінің бір грамының биржадағы құны 10 мың доллардан басталады. Калифорния металының бағасы одан да қымбат, 1 грамм изотоп 4 млн доллар шамасында деп жазылып жүр. Яғни, келешекте мұнайдың орнын басар металдардың әлеуетті нарығы айқындалып та қалғандай. 

Мемлекет басшысы былтыр халыққа Жолдауында сирек кездесетін осынау қазба байлықты игеруге басым бағыт беріп, Үкіметке 2026 жылға қарай зерттелетін аумақты 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жөнінде міндеттер қойды. Геология­лық барлау жұмысын кеңейту өндіріс көлемін артырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құру, экономиканың дамуына айтарлықтай ықпал етеді деп күтіліп отыр. 

Сонымен сирек металл дегеніміз не? Оған қандай металл түрі кіреді? Экономикада қолдану бағыттары бойынша металдар қара, түсті және бағалы металдар болып үшке бөлінетіні баршаға белгілі. Техника ғылымдарының докторы, академик Марат Бітімбаевтың айтуынша, «сирек металдар» термині ХХ ғасырдың 20-жылдарында пайда болған. 

«Жалпы, бағалы металдарды сирек металдар және сирек жер металдары деп екіге бөліп қарастырады. Шетелде сирек металдарды «аз таралған металдар» (Less Common Metals) деп те атайды. Себебі олардың дені сирек кездеседі әрі көбінесе жер қыртысында шашыраңқы (орта есеппен 16 шақырым тереңдікке дейін) орналасады. Сондықтан оны шикізаттан бөліп алу, таза күйінде алудың өзіндік технологиялық қиындықтары бар», – дейді ғалым.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда дәл қазіргі сәтте мемлекеттік есепте сирек жер металдары орналасқан 15 кен орны анықталған. Түркістан, Қостанай, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарындағы бұл учаскелерде бүгінде барлау, іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Марат Жақыпұлының түсіндіруінше, сирек металдардың техникалық кластарға жіктелуі физикалық-химиялық қасиеттерінің жақындығына, өндіріс технологиясының ұқсастығына орай жасалады. «Олар 98 металдың ішінде 68 металл болып, бірнеше топқа бөлінеді. Мәселен, жеңіл сирек металдар тобына литий, цирконий, гафний, ванадий, ниобий, тантал, молибден, вольфрам жатса, шашыраңқы топқа – галлий, индий, таллий, германий, селен, теллур, рений кіреді. Ал сирек жер металдары тобына жататындар – скандий, иттрий, лантан, карий, неодим, прометий, еуропий, гадолиний, тербий, диспрозий, гольмий, эрбий, тулий, иттербий, лютеций деп бөлінсе, радиоактивті топқа – фракций, радий, актиний, торий, протактиний, уран, плутоний және зертханаларда адам жасанды түрде жасаған басқа трансуран элементтері, полоний және технеций деген түрлері жатады», – дейді ол.

Геология комитетінің дерегінше, республикада вольфрамның баланстық қоры – 2,2 млн тонна шамасында. Ал молибден – 1 млн тонна, литий – 75,6 мың тонна, тантал – 4,6 мың тонна, ниобий – 28,1 мың тонна, берилий – 58 мың тонна. Комитет жолдаған деректе ұсынылып отырған сирек металдардың шикізат базасы бары айтылған. 

Бүгінде Қазақстанда пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік есебінде литий оксидінің қоры 6 кен орнында – Юбилейный, Жоғарғы Баймырза, Бакен, Ахметкино, Медведка, Ахмировкада кездеседі. Ал осмий оксиді Жезқазған, Итауыз мыс кен орнында өндіріледі. «Аталған кен орындарында осмийі бар мыс кендерінде ілеспе өндіруді «Қазақмыс» АҚ жүргізеді. Қазақстанда осмий-187 изотопын өндірумен «Жезқазғанредмет» РМК айналысады. Одан бөлек, құрамында тантал бар 17 кен орны, оның ішінде ілеспе ниобийі бар 13 кен орны анықталған. Оның негізгі үлесі Шығыс Қазақстанның сирек металды пегматит кен орындарына және Солтүстік Қазақстандағы Сырымбет кен орнына тиесілі қорлардың шамамен 80%», – делінген комитет жолдаған мәліметте.

Дегенмен бұл нақты көрсеткіш емес. Себебі кен орындарындағы үйінділердегі металдар құрамы мен өзге пайдалы қазбалардан ілеспе жолмен алынатын сирек металдар көлемінің есебі толық түгенделген жоқ. Геологтер литий мен өзге де сирек элементтердің едәуір қорлары орталық және Оңтүстік Қазақстанның байыту фабрикалары мен кен орындарының және Шығыс Қазақстанның сирек кездесетін металл кен орындарының үйінділері (отвал) мен «үйінді құмдарында» шоғырланғанын айтып отыр. 

Айта кетейік, дүниежүзінде литий қоры бойынша бірінші орын Боливия мемлекетіне тиесілі. 2023 жылғы деректе Боливияда барланған литий металы – 23 млн тонна. Одан кейінгі тізбекте Аргентина – 19,3 млн тонна, Тайланд – 14,8 млн тонна, Чили – 9,6 млн тонна, Аустарлия – 6,4 млн тонна, Қытай (5,1 млн тонна) тұр.

Дәл қазір аса бағалы металдардың әлемдік нарығын Қытай өз бақылауында ұстап, нарыққа ірі жеткізуші мемлекет атанып отыр. Отқа төзімді, электр машиналары өндірісінде кеңінен пайдаланатын сирек металдар соңғы жылдары әскери-өнеркәсіп кешен үшін де таптырмас шикізатқа айналған. Әсіресе, Еуропалық Одақ елдерінің аталған металға деген сұранысы жоғары. Естеріңізде болса, былтыр маусым айында Қазақстанға ресми сапармен келген Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер сирек жер металдарын өндіруге ғана емес, қайта өңдеу мен экспорттау үшін де Қазақстанға көмектесуге әзір екендерін жеткізді. Осыдан-ақ батыс елдері үшін бағалы металдың маңызы жоғары екенін байқауға болатындай.

Академик Марат Бітімбаев кен орындарына геологиялық барлау жүргізу ісінде ұрпақтар арасындағы байланыс жиі үзілетініне қынжылыс білдіреді. Ғалымның айтуынша, литий, вольфрам, молибден, титан, циркония, ванадий, сирек жер металдары, сондай-ақ мырыш, қорғасын бойынша сирек металдар қоры бойынша іздестіру және барлау жұмыстарын тыңғылықты жүргізу үшін Қ.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтының әлеуетін пайдалану қажет. «Біріншіден, бағалы металдарды барлау үшін елімізде әлі де перспективасы жоғары аумақтар бар. Барлау принципіне орай, ол жерлерге жаппай шетелдік компанияларды тартудың қажеті жоқ, ондай жағдайда көп нәрсені жоғалтуымыз мүмкін. Екіншіден, шетелдік геологтер келетін кен орнынан жаңа кен көздері табылса, ол компаниялар меншік құқығын иеленетін болады. Ал біз болашақ дивиденттерден айырыламыз. Үшіншіден, Қазақстан геологтерінің қорында бағалы металды арзанырақ жолмен әрі тезірек алуға көмектесетін көптеген қызықты ақпарат бар. Мұны барлап, зерделеу шетелдіктердің көп уақытын алады және олардың жұмысы мемлекетке әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін. Төртіншіден, егер алғашқы іздестіру мен барлауды қазақстандықтар жүргізетін болса, ескі кадрларды да, жоғары оқу орындарының түлектерін де жұмысқа орналастыруға болады және ол қажет. Бұл таукен саласындағы сабақтастықтың жоғалуын тоқтатады», – дейді ол.

Геология комитетінің мәліметінше, Қазақстан шикізат көздерін әртараптандыру мақсатында сирек металдар мен сирек жер металдарын өндіру үшін ЕО, АҚШ, Ұлыбритания және Кореямен серіктестік орнатуда.

«Бұл ынтымақтастық мынадай стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді: кен орындарын және техногендік минералдық түзілімдерді барлауға инвестициялар тарту; өндірілуі қиын кендерді кешенді қайта өңдеу бойынша технологиялар трансфері; СМ және СЖМ өнімдерін өндіруді дамыту, сондай-ақ оларды қолайлы жағдайлар бойынша кепілді өткізу», –делінген комитет жолдаған хабарламада. 

Қорта айтқанда, сирек кездесетін металл өңдеу ісіндегі оң шешімдер мен қазба байлықты игеру жолында бақылауды қазіргіден де күшейту қажет. Одан бөлек ілеспе жолмен шығарылған кен орындарындағы үйінділердегі пайдалы қазбаларды игеру ісін мықтап қолға алынса игі болары сөзсіз. Ашық аспан астындағы тау болып үйілген топырақтың құнын зерделеу ісіне ғалымдарымыз кірісіп те жатыр. Тек ғалымдардың жұмысын қолдау басты міндет болғалы тұр.

Бауыржан БАЗАР