Жуырда Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов ауыл шаруашылығы саласында жеке банк құруға қатысты ұстанымын айтты.
«Бұл тұста, ең алдымен «Агробанк» дегеніміз не?» дегенді түсінуіміз керек. Елімізде ауыл шаруашылығын қолдаудың құралдары өте кең, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзінің субсидиялау бағдарламалары тағы бар. Егер бұл тек ауыл шаруашылығына несие беретін тар салалы банк болса, оның толыққанды банк белгілері болмайды. Депозиторлар ауыл шаруашылығындағы тәуекелді жүйеге әртараптандырылған, әмбебап банктердің мүмкіндігі жоғары екенін түсінеді. Банк идеясының өзі әлі жеткілікті түрде өңделмеген», – деп мәлімдеді Тимур Сүлейменов.
Агробанк жүйесі бойынша біздің елде тәжірибе жоқ емес. Тәуелсіздіктің алаң-елеңінде «Агропромбанк» деген қаржы ұйымы жасақталып, бірнеше жыл жұмыс жүргізген. Аталмыш банк сол кезде ауыл шаруашылығы саласы бойынша ғана операцияларды іске асырып отырған болатын. Ғұмыры қысқа болса да біраз жұртқа шапағатын тигізіп үлгерген екен. Аталмыш құрылымды жасақтаудағы негізгі мақсат – елдің агросекторында Кеңес Үкіметінен қалған мұраны сақтап қала отырып, саланы ілгерілету болды. Осылайша, өзге салалық қаржы институттарымен бірге аталмыш банк те 1995-1996 жылдарда банк саласындағы реформадан аман өтпеді. Құрылым таратылып, «Тұран Әлем банк» жүйесіне біріктірілді. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Көпмағамбет Елемесовтің пікірінше, біздегі салалық банктер ғұмырының қысқа болуы мемлекеттік бюджетке тәуелді болуында. Оған нарықтағы экономикалық тұрақсыздық та өз салқынын тигізіп отырады.
Қаржы институттарының қарымы қандай?
«Агропромбанк» деп аталған қаржы ұйымының өз жұмысын тоқтатқанына да 30 жылға жуықтап қалыпты. Одан бергі уақыттың бедерінде жағдайдың оңалып бара жатқанын көріп отырғанымыз шамалы. Дегенмен мемлекет түрлі реформаны да қабылдап жатқаны белгілі. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы мен ауыл халқының тұрмысын түземекке талпынып, бірнеше қаржы институтын да құрып тастадық. Бірақ неге екені белгісіз, саланың соншалықты гүлденген шағы болмапты.
Экономист Арман Назардың айтуынша, жалпы салалық банк құру үшін «велосипед ойлап табудың қажеті жоқ». «Әуелі өзге елдердегі мұндай қаржы құрылымдарының тәжірибесін бір зерделеп алу керек. Әсіресе, Швейцария мен Германияның, Нидерланд пен Жаңа Зеландияның агробанктерінен үлгі алуға болар еді. Ол елдерде таза мемлекеттік немесе аралас банк жүйесі қалыптасты. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, шаруа қожалықтарына арзан несие ұсыну үшін ауыл шаруашылығына арналған банк қажет. Себебі біздің мемлекеттің негізі осында жатыр. Оның тиімділігі де осы жерде болмақ. Банк бірінші кезекте шаруаларға арзан несие ұсынуы шарт», – дейді экономист.
Дегенмен елімізде Ұлттық банк төрағасы айтқандай, ауыл шаруашылығын қаржыландыру мен несиелеу бағытында бірнеше қаржы институты жұмыс істейтіні белгілі. Солардың тағы бірі – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ. Ұйым аграрлық секторды кредиттеу мәселелерімен 2001 жылдан бері айналысып келеді. 2026 жылға қарай корпорация АӨК субъектілері мен жеке қаржы институттарының құзыретін арттырып, қаржыландырудың тұрақты және қолжетімді жүйесін дамыту жолымен агроөнеркәсіптік кешенді индустрияландыруға, оның қарқынды дамуына және әртараптандыруға ықпал ететін қызметтің тиімді моделін жүзеге асырмақ екен. Бір айта кететіні, Аграрлық несие корпорациясы соңғы 3 жылда 1 трлн теңгеден астам сомамен елдегі 50 мың фермерді қаржыландырған. Сонымен қатар жыл сайын несиелеу көлемін ұлғайтып, фермерлердің өз жобаларына қаржыны көбірек тартуларына мүмкіндік жасай бермек. Корпорация 2023 жылға қаржыландыру көлемін 330 млрд теңге деңгейінде жоспарлағанмен, бұл соманы 370 млрд теңгеге дейін ұлғайтқан. Демек, қаржы институттары бекер қарап отырмаған сыңайлы. Қолдан келгенше шешімін тауып жатыр.
Қазынадан қаражат құю тиімсіз
Еліміздегі кейбір экономистердің уәжі бойынша, аграрлық саладағы қаржы институттары мемлекеттік қазынаға тәуелді болғандықтан, өздерінің жобалары мен несие тетіктерін ұсына алмайды, қаржы қазынанікі болғандықтан міндетті түрде жалтақтап отырады. Шынымен де, «Қазаншының өз еркі, қайдан құалақ шығарса» деген мәтел осы тұста тілге оралады.
«Менің ойымша, аграрлық салада жұмыс істеп жатқан ҚазАгроҚаржы сынды институттарды агробанк етіп жасақтап, арнайы лицензия беру керек. Сол кезде мемлекеттің қаражатына байланбай, өздері шетелден қаржы тарта алатын болады. Одан бөлек, біздің жүйеге несиелеудің түрлі тетігін енгізуі мүмкін. Жалпы, «Агробанк» құру туралы Үкіметке ұсыныс бердік. Тіпті, бірнеше рет отырысы да болды. Бірақ Үкімет мүшелері банкке құйылған қаржының игерілуі мен оның қайтарымына байланысты қиындықтар туындайтынын көлденең тартып отыр», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мұрат Ергешбаев.
Үкіметтің мұнша сақтануында да мән бар сияқты. Расын айтқанда, елімізде мемлекеттік бюджет есебінен құрылған екінші деңгейлі банктердің бірнешеуі құрдымға кетіп тынды. Ал енді бірнешеуін банкроттықтан аман алып қалу үшін тағы да қазынадан қыруар қаржы құйылды. Сол қаржы институттарының қалай болса солай таратқан ақшасы осы күнге дейін толық жиналмай отырғаны тағы бар.
Былтырғы жылдың соңында Ақтөбе облысының шаруалары Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі өкілдерінің қатысуымен өткен жиында Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамын қайта құруды ұсынған болатын. Талқылау барысында Агробанк мәселесі тағы да көтеріліп, халықтың түрлі сауалының астында қалған Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері министрліктің бұл мәселенің көптен бері талқыланып келе жатқанын тілге тиек ете отырып, басқа мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптардың жағынан қолдау тапса, ауыл шаруашылығы министрлігі іс жүзінде банк құруды жүзеге асыруға кірісуге дайын екенін мәлімдеген.
«Қазір несие беретін ұйым көп. Олар шаруаның мүддесін ойламайды. Қайта шаруалардың есебінен еселеп табыс табуды көздейді. Шаруалар – әуелден қағаз-құжатқа қырсыз қауым. Соны жақсы білетіндер оларды тақырға жиі отырғызып кетіп жатыр. Сондықтан дәл қазіргі шақта Қазақстанға Агробанк қажет. Ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері. Демек, осы бағыттағы жаңашылдықтардан, озық тәжірибелерден теріс айналмаған дұрыс. Болашақта салалық банк құрылып жатса, ол басқа банктер секілді пайда үшін емес, ауыл шаруашылығын дамыту мүддесін биік қоюы шарт», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Көпмағамбет Елемесов.
Осы тұста елімізде бизнесті қолдау мақсатындағы түрлі холдингтің дені жалпы өндіріс процесін ұйымдастыруға емес, тек ауыл шаруашылықтарын қаржыландыруға бағытталып отырғанын айта кету керек.
Қазақстанда Агробанк құру мәселесі әлі де көтеріле бермек. Олай дейтініміз, сала жүйелі әрі ықпалды бір қаржылық қолдауға зәру. Демек, бұған қатысты нақты шешім қабылданар сәт жақындап келе жатыр.
Бердібек ҚАБАЙ