Коммуникация дамыған заманда тұрақты мекенжайын ауыстыру еш қиындық туғызбайтыны белгілі. Атақонысы Еуропаны тастап, адам аяғы баспаған континенттен өмірге ыңғайлы орын іздеген америкалықтардың бүгінгі ұрпағын көші-қон мәселесімен таңғалдыра алмайсың.
Америкалықтар үлкен мегаполистерден неге шағын қалаларға көше бастады?
Нью-Йоркті тастап, америкалықтар шағын қалаларға көшуде. Фото glavny.tv сайтынан алынды
2,927
оқылды

Әртүрлі әлеуметтік топқа жататын америкалықтар арасында соңғы бірнеше жылда ірі мегаполистерден шағын қалаларға көшу үрдісі күшейе түскенін businessinsider.com сайты бірнеше рет жазды. Осы мақалаларға сүйенген Aikyn.kz америкалық «көшпенділерді» жаңа мекен іздеуге мәжбүрлейтін себептерді түсіндіреді.

Қарбалас өмірге толы ірі қалалардан қашып, адамдар шағын қалашықтарға көшуде. Фото vikna.tv сайтынан алынды. Авторлығы: Unsplash

Америкалық басылым өмірге ыңғайлы әрі жайлы мекен іздейтін отандастарына бірнеше аймақтарда орналасқан шағын қалалар тізімін ұсынған. 2024 жылы таңдауға болатын шағын 4 қаланың сипаттамалары да әртүрлі болғанымен, оларды байланыстыратын ортақ бір нәрсе бар: ірі қалаларда қолжетімді технологиялық орта және коммуникациялық қызметтер, өмір сапасының жоғары болуы мен өмір сүру құнының төмендігі.

Америкалықтар шағын қалалардан ыңғайлы әрі жайлы мекен іздейді. Фото moya-planeta.ru сайтынан алынды

Нью-Йорктен Остинге дейінгі ірі қалаларда баға жылдан-жылға өсуде. Ал шағын қалалар көшіп келгендерге қала өмірінің барлық артықшылықтарын ұсынады, бірақ бұл жерде тұру әлдеқайда арзанға түседі. Мұндай қалалардың әкімшіліктері де өздерінің артықшылықтарын жарнамалап, көшіп келушілерді ынталандыру үшін қосымша жеңілдіктер ұсынады. 

Мысалы, Лас-Вегасқа калифорниялықтар қымбат мүлік пен табыс салығынан қашып көшіп келуде. Ал Техас штатындағы Нью-Браунфелс қалашығы да ыңғайлы орналасуы мен жұмыс орындарының арқасында Остин мен Далластан көшіп келушілерді қызықтырады. Канзас штатындағы Топека қаласы жақын маңдағы үлкен қалалардан шаршағандарға жақсы балама ұсынады. Юта штатындағы Прово болса өмір сүруге арналған ең жақсы орындардың бірі болып саналады.

Шөл далада орналасқан Невада штатындағы Лас-Вегас. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторлығы: Wendy Lee

66 жастағы Ричард Катц әйелі екеуі 20 жылдан астам өмір сүрген Вирджиниядан кетіп, зейнеткерлік өмірлерін өткізу үшін 2022 жылы Невада шөліндегі қалаға көшіп келген.

«Лас-Вегас – табиғи апаттар жоқ, ауа райы тамаша және зейнеткерлікке шыққан адамға керемет мүмкіндіктер ұсынатын жер», – дейді Катц.

Лас-Вегастағы үйлер. Фото estet-house.com сайтынан алынды

Лас-Вегастың атақты казинолары мен ірі қонақүйлері, әртүрлі дүкендері, жоғары дәрежелі мейрамханалары мен шоулар, цирк қойылымдары өтетін ғимараттар орналасқан Strip ауданынан тыс жерде белсенді серуендеуге, ашық ауада кез келген әуесқойларды қуанта алатын үлкен қаланың артықшылықтары бар. Ең басты артықшылық – жылжымайтын мүлік  бағасының басқа қалалармен салыстырғанда арзандығы.

«Егер сіз Вегасқа инвестиция салмасаңыз, кейін өкінуіңіз мүмкін», – дейді Лас-Вегастағы жылжымайтын мүлік агенті Эндрю Аревало.

Канзас штатының орталығы Топиканың ұсынатын үйлері. Фото estet-house.com сайтынан алынды

Американың ортасында орналасқан Канзас штатының орталығы Топикаға көшіп келгендерге үй сатып алуға 15 000 доллар, үй жалдағандарға 10 000 доллар жәрдамақы төленеді.

2021 жылы Бостоннан Топикаға көшкен Адам Аутло жалға алу ақысын 75%-ға үнемдеп, өзіне ауданы үлкен үй жалдағанын айтады. «Еркін жүріп-тұру және үйімнің кіреберісінде көлік тұрағы болуы мен үшін әдеттегідей нәрсе», – дейді ол.

Техастағы шағын Нью-Браунфелстегі үйлер. Фото estet-house.com сайтынан алынды

Техастағы шағын Нью-Браунфелс қаласы болса Остин мен Далласқа қарағанда қоныс аударушыларды көбірек қызықтырады. Бұл шағын қала қазір қолжетімді үйлері мен жұмыс мүмкіндіктеріне байланысты жаңа тұрғындарды өзіне тартуда. Жылжымайтын мүлік жөніндегі маман Анна Лагос 2014 жылы Калифорниядан Техасқа көшіп, Сан-Антонио және Остин сияқты қалаларда тұрып көрген. Бірақ оларда өзіне қажетті орта мен жайлылықты таба алмаған соң, Лагос Нью-Браунфелске көшіп келіп, америкалық арманына жеткен.

Нью-Браунфелстен 823 шаршы метр үйді 325 000 долларға сатып алған Лагос: «Калифорнияға қарағанда біздегі Техаста әлдеқайда мүмкіндіктер көп. Біз әрқашан жеке үйіміздің болуын қаладық. Осындай үйді Калифорниядан сатып алу үшін көп жылдар бойы жұмыс істеуіміз керек еді», – дейді арманына жеткен америкалық.

Юта штатындағы Прово қаласы керемет табиғатымен қызықтырады. Фото tripadvisor.ru сайтынан алынды

Юта штатындағы Прово қаласы тұрақты мекенжай ретінде тұруға ең жақсы орынның бірі деп саналады. Денвер және Солт-Лейк-Сити сияқты ауа райы салқын қалалар пандемия кезінде көптеген дүрлігу тудырғаны белгілі. Өйткені жақсы мекенжай іздеушілер ашық ауада көптеген іс-шаралар ұсына алатын осындай қалаларға көшкен еді.

Енді ыңғайлы мекенжай іздегендер дәл сондай жақсы ортаны, жеңілдіктер мен сенімді жұмыс нарығын Проводан да табуда. Прово Adobe, Meta, Microsoft және Amazon сияқты технологиялық алпауыттардың кеңселері бар «Кремний беткейлері» деп аталатын аймақта орналасқан.

Үй бағасы шамамен 450 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл жалпы АҚШ-тағы орташа ұлттық деңгейден сәл жоғары – 408 537 доллар. Шетелдік сатып алушылар да шаңғы тебетін беткейлерге жақын жерден қолжетімді үй таба алады.

Жергілікті жылжымайтын мүлік агенті Жан Таннер: «Сіз таңертең сноубордпен жүріп, төмен түсіп, әлі де 11-ге дейін жұмыста бола аласыз», – деп үй сатып алушыларды қызықтырады.

Американың шағын қалаларындағы жайлы өмір туралы мына видеода:

Міне, осындай жайлылық пен экономикалық себептерге байланысты америкалық көшпенділер Лос-Анджелес пен Далласты тастап, Техас пен Невададағы кішігірім қалаларды таңдай бастаған.

Бұл шағын қалаларда өмір сүру құны төмен және экологиялық таза орта, бұзылмаған табиғат сияқты артықшылықтар бар. Тұрғылықты мекенін ауыстырғысы келгендер көшу арқылы ақшаларын, болашақ табыстарын үнемдейді.