Аида Мұхтарқызы – тамақтану эксперті, жалпы тәжірибедегі дәрігер, превентивті дәрігер. Ол дәлелді медицина қауымдастығының мүшесі. Жақында көпшілікке танымал дәрігер «Сенің саулығың – сенің миллиондарың» кітабының тұсауын кесіп, халықты дұрыс тамақтануға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Осы орайда, «Айқын» тілшісі сарапшы-дәрігермен аз-кем сұхбаттасқан еді.
Нутрициологтардың көбеюіне кім кінәлі? – Дәрігер Аида Мұхтарқызы жауап берді
2,001
оқылды

Аида ханым дәрігер болуды әу баста шешіп қойған. Бала күнінен бұл салаға жақындығы байқалып, мектеп бітірісімен бірден медицинаны таңдайды. 

«Бес-алты жасымнан дәрігер болуды армандадым. Бала кездегі арманымды өмірлік қызметіме айналдырдым десем де болады. Биология пәніне деген қызығушылығым ерекше еді. Мектеп бітірерде қандай мамандыққа бет бұрамын деген мәселе болған жоқ. Өйткені өмірлік таңдауымды баяғыда-ақ жасап қойғанмын. Кітап жазуға да бала күнімдегі арманым түрткі болды. Өзім кітапқа құмар болғандықтан, әйгілі жазушыларды көп оқығандықтан, түбінде бір туынды жазатыныма бек сендім. Тіпті, өз қиялымдағы кітаптың суретін де салып қоюшы едім. Міне, бұл арманым да жүзеге асты. Кітап жазуды қолға алуға халықтың сұранысы себеп болды деп ойлаймын. Өйткені желіде айтылған маңызды дүниелерді емделушілерім кітап қылып шығаруды өтінді. Адам денсаулығы үшін ең маңызды, өте қажет деген дүниелерді осы туындыға енгізуді жөн көрдім», – дейді дәрігер. 

Сұхбат барысында Аида Мұхтарқызы қазіргі таңда нутрициологтардың көбейгеніне қатысты пікір білдірді. Дәрігер дәл осындай қызмет ұсынатындарға қойылатын басты талапты да жасырған жоқ. 

«Қазір нутрициологтар өте көп, мойындаймын. Бірақ мен дәрігерлік білімі бар адамның ғана осы саланы алып жүргенін қалаймын. Яғни, медициналық білімі болуы керек. Адамды емдегенде оның физиологиясы мен анатомиясын жатқа білу қажет қой. Қазір екі-үш айлық курс оқып алып, нутрициолог болып кеткендер бар. Бұл дұрыс емес. Мұндай жауапкершілікті алу үшін медициналық білімнің болғаны жөн. Меніңше, нутрициологтардың көбеюіне халықтың сұранысы да себеп болды. Өйткені, қазір нарықта сатылатын өнімдердің 70 пайызы химия мен синтетикадан құралған. Ал мұны тұтынған халық ауырады. Халық ауырған сайын, маркетингтік жүріс қағидалары да жақсы жұмыс істейді. Осының салдарынан нутрицологтар да, биологиялық белсенді қоспалар да көбейіп кетті», – дейді дәрігер. 

Осы орайда, білікті маман халықтың дұрыс тамақтануға қаншалықты бет бұрғанына да тоқталды.

«Қазір дұрыс тамақтануға қатысты көпшіліктің көзі ашыла бастады. Бірақ осы жолды ел тегіс ұстанады дей алмаймын. Шамамен, халықтың 30 пайызы ғана дұрыс тамақтануға ден қоюда. Халықтың 60-70 пайызы әлі күнге дейін өз денсаулығына мүлде көңіл бөлмей, зиянды тағамдарды тұтынады. Біздің дұрыс тамақтанбауымызға басты себеп – қоғамдағы өмір сүру салтының төмендігі. Яғни, тұратын үйі, мінетін көлігі, жақсы қызметі бар адамдар ғана дұрыс тамақтануды, спортқа ден қоюды ойлап, жүзеге асыра алады. Ал осы бір базалық қажеттіліктерді жаба алмаған адамдар күйбең тіршілік қамымен жүре береді, тамақтану ең соңғы орында қалады», – дейді сарапшы. 

Дәрігер Аида Мұхтарқызының қазір өршіп тұрған дерт жайлы жазбасын жақын күндері сайтымызда жариялайтын боламыз.