Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.
ТЖМ мен басқа да тиісті мекемелердің зілзаладан қорғануын мұқият қайта қарау керек – депутат
548
оқылды

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

Халық қалаулысы Алматыда болған жер сілкінісін мысалға ала отырып, Төтенше жағдай министрлігі мен басқа да тиісті мекемелердің зілзаладан қорғану бойынша жұмыстарын мұқият қайта қарап, халықты жер сілкінісінен қорғануға үйретуге шақырды.

«Әріптестер, зілзала – айтып келмейтін апат! Сондықтан біздің ел зілзала апатына дайын ба?! Біле білсеңіздер, бұл үлкен адам шығынына әкелетін қауіп-қатер. Сондықтан оған әркез сақадай сай дайын болған жөн. Бұған бүгін Алматыда болған жер сілкінісі куә.

Алматылықтар орын алуы мүмкін жер сілкінісі туралы хабарлама алмады. Тұрғындар басында әбігерге түсті. Бойын үрей билеген халық жапатармағай сыртқа ұмтылды. Тіпті көпқабатты үйлердің терезесінен секіруге дейін барды. Көліктерімен қала сыртына шығып кетпек болғандарда есеп жоқ. Оның соңы ұзын-сонар кептеліске ұласты.

Бұл – еліміздің ең үлкен қаласы, жан-жақты дамыған, инфрақұрылымы мықты Алматыдағы жағдай.

Абырой болғанда, ғимараттар құламады, адам шығыны жоқ. Десе де, мұндай жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?! Әсіресе, еліміздің таулы аймақтарында, жерасты қазынаны өндіріп жатқан өндірісті өңірлерде зілзала қаупі жоғары.

Сондықтан, Төтенше жағдай министрлігі мен басқа да тиісті мекемелердің зілзаладан қорғану бойынша жұмыстарын мұқият қайта қараған жөн.

Сонымен бірге, тұрғындар арасында да зілзаладан қорғану шаралары бойынша оқу-жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыру керек.

Фейк ақпараттарға сенгіш халықты қорқыныш биледі. Барлық жағдайда өтірік ақпарат тез тарап кететіні бар. Азаматтар тек ресми ақпаратты ала білуі қажет, әрбір тараған материалды жан-жақты тексеруіміз керек. Сол үшін, бізде апатқа дайын болатындай мәдениет қалыптасуы тиіс», – дейді депутат.