Бұл норма партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау аясында қабылданды.
«АMANAT»: ауылдағы дәрігерлер үшін 100 ЕТЖ мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді
1,910
оқылды

Бүгін Парламент Мәжілісі екінші оқылымда денсаулық сақтау мәселелері туралы заң қабылдады. Ол ауылдағы медицина мамандарына жаңа көтерме жәрдемақы төлеуді көздейді. Оның көлемі 100 ең төменгі жалақының (8,5 млн теңге) мөлшерінде болады. 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Үкімет «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары-мүшелерімен бірлесіп әзірледі.

«Көптеген ауыл тұрғыны медициналық көмек алу үшін әлі күнге дейін ондаған, жүздеген шақырым жол жүруге мәжбүр... Ауылдағы медицина мамандарына көтерме жәрдемақыны 10 миллион теңгеге дейін арттыру қамтамасыз етіледі. Бұл ауылдағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді», – делінген сайлауалды бағдарламада.

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезінде ауылдағы медицина мамандарының тапшылығы мәселесі партиялықтардың сайлаушылармен барлық дерлік кездесуінде көтерілді. Сондықтан бұл тармақ сайлауалды бағдарламада көрініс тауып, жүзеге асырылуда. Заң мәтінінде көтерме жәрдемақы мөлшері 100 ЕТЖ мөлшерінде көрсетілді. Алайда, ең төменгі жалақы мөлшері жыл сайын өсетіндіктен, көтерме жәрдемақы мөлшері де өсіп отырады деген сөз. Биыл оның көлемі 8,5 млн теңге болып отыр.

Сондай-ақ, заң медицина қызметкерінің Қазақстан Республикасы алдындағы ерен еңбегі мен ерекше жетістігі үшін 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем ұсына отырып, «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» жаңа құрметті атағын тағайындауды көздейді. Сондай-ақ, «Мамандық бойынша үздік» республикалық конкурсы өткізіледі. Оның жеңімпаздарына 500 АЕК мөлшерінде біржолғы ынталандыру сыйақысы табысталады.

Өзге де заңнамалық жаңашылдықтар: ата-аналары кәсіби міндетін орындау кезінде қайтыс болған балаларға білім гранттарын беру; медицина қызметкерлерінің балаларын балабақшаға орналастыру кезінде басым құқық беру және тағы басқалар.

Бұдан әрі заң жобасы Сенатқа келіп түсіп, Парламенттің жоғарғы палатасында қаралғаннан кейін Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі. Заң Президент қол қойған күннен бастап 6 ай өткен соң күшіне енеді.