Былтыр 29 желтоқсан күні редакциямызға Абай облысы Аягөз ауданынан Дулат Құрақбаев есімді азамат хабарласты. Оның айтуынша, сыныптасы Нұрбол Оразғалиев деген азамат жол апа­тына түсіп, омыртқа сүйегіне зақым келген.
Жел біле ме ұшарын, ел біле ме?
1,224
оқылды

«Облыс орталығы Се­мей­ге апару үшін медицина­лық авиация көлігі қажет екен. Ау­­дан­­дық ауруханада жатқанына бүгін 9-күн, әлі күтумен жатыр. Рес­пуб­­ликалық басылым деп Aiqyn-нан көмек сұрауға мәжбүрміз», – деген еді сыныптасы.

Оқырман өтінішінен кейін сол күні (29.12.2023) Аягөз аудандық аурухана басшылығына қоңырау шалып, жағдайды білдік. Бас дәрігер Шалқар Омаровтың айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты медициналық авиация көлігі кешігіп жатыр. Абай облысының Денсаулық сақтау басқармасы да ауа райы ашылса шұғыл көмек көрсетілетінін айтып сендірген. Алайда авиация көлігінен қайран болмағандықтан науқасты сыныптастары 6 қаңтар күні Семейге пойызбен жеткізді.

Шыны керек, қыстың көзі қырауда ме­­­­давиацияның ұшағы мен тікұшақтарын алыс аудандарға ұшырудың тәуекелі көп. Әсіресе, қаңтар айының басында еліміздің шығыс аймағында қатты боран соғып, аудандарға баратын жолдарды қар басып, қаты­­нас үзіліп қалған жағдайлар болды. Қытаймен шекарада орналасқан Марқакөл, Күршім аудандарында қардың қалың түскені сонша кейбір жерде қалыңдығы 2 метрге жетіп, тұрғындарға азық-түлік жеткі­­­­зудің өзі мұңға айналған. Мысалы, Мар­қакөлдің Төсқайың ауылына 12 күн бойы жол болмай қалды. Осының салдарынан инсульт алып құлаған 71 жастағы тұрғынға да Өскеменнің медавиация тікұшағы төрт күн кешігіп жетті. Науқасқа ишемиялық инсульт деген диагноз қойған медициналық бригада қызметкерлері 15 қаңтар күні науқасты аса күрделі жағдайда облыстық ауруханаға жеткізгенімен ажал­дан арашалап қала алмады. Яғни, шұ­ғыл көмектің дер кезінде көрсетілмеуінен осындай жағдайға душар болды. Төсқайың ауылдық округтің әкімі Әділжан Беткенбаевқа телефон соғып, жағдайды білдік. «Мен ауыл әкімі болып жұмыс істегеніме 10 жыл болды. Осы 10 жылда көзіммен көргенім, медициналық авиация көлігі екі рет келді. Біздің Төсқайың ауылы облыс орталығы Өскеменнен 500 шақырым қашықта жатыр. Марқакөл ауылына дейін 100 шақырым, ары Күршімге дейін 320 шақырым бар. Ауылы­мыздағы жедел жәрдем автокөлігін пайдаланып жүргенімізге 8 жыл болды. Таулы жер, жол нашар болғандықтан әбден ескірген көлік. Бір жүріп келсе жөндеуді қажет етеді. Сол себепті, авиация көлігі біз­дің жаққа жиі ұшса дейміз», – деген тілегін айтты әкім.

Шалғай өңірлерге шұғыл медициналық қызметтің не себепті кешігіп жететінін сұрап, «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» РМК басқарма төрағасы Тимур Мұратовқа хабарластық. «Біздің мекеме –медициналық қызмет көрсететін кәсіпорын. Яғни, өзіміздің авиация паркі­міз жоқ, меншік ұшақ, тікұшақ көліктеріміз жоқ. Біз шұғыл медициалық қызмет түрін көрсетерде негізінен «Қазавиақұтқару» АҚ әуекөлігін пайдаланамыз», – деп түсіндірді маман. 

Бүгінде еліміздегі медициналық авиация арқылы шұғыл медициналық көмекті жоғарыдағы «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» (ҰШМҮО) көрсетеді. Яғни, орталық мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тендерлік негізде авиакомпаниялармен келісімшарттар жасайды. Соның ішінде «Қазавиақұтқару» мекемесі тікұшақ қызметтерінің бірыңғай операторы болып танылған. 

«Ауыр жағдайдағы науқастарды тасымалдауға қазір 15 ұшақ жұмылдырылған. Оның 11-і – Ан-2 маркалы ұшақ, одан бөлек 4 ұшақ өңіраралық бағыттар бойынша ұшады. Олар – РС-12 (3 бірлік) және Як-40 (1 бірлік) ұшақтары. Таяуда жаңадан құрылған облыс орталықтары Жезқазған мен Семей қалаларына 2017 жылы шыққан L-410 ұшағы бекітілді. Одан бөлек, Семейде Ан-2 ұшағы және тікұшақ бар. Бұл әуекөліктері көршілес ШҚО аудандарына да көмек көрсетеді», – дейді Тимур Мұратұлы.

АТАҚТЫ АН-2 ӘЛІ ҰШЫП ЖҮР

Атақты дейтініміз, Ан-2 ұшағы кезінде кеңестік бестселлерге айналған әуе көлігі. 1940 жылдардан бастап, 2002 жылға дейін тоқтаусыз шығарылғандықтан, Ан-2 ұша­ғының аты әлемдегі 70 жылдан аса өндірісін тоқтатпаған ұшақ ретінде Гиннестің рекордтар кітбына енді. Бүгінде әлемнің 26 еліне тараған Ан-2 ұшағының осы уақытқа дейін 18 мыңнан астам данасы шығарылып­ты. Кезінде «кукурузник» деген жанама атқа ие болған ұшаққа сұраныстың көптігі сонша оны Польша да құрастырып, Кеңес Одағына сатқан екен, Қытай да дәл осы Ан-2 ұшағының лицензиясы негізінде жа­сал­ған Y-5 нұсқасын 2013 жылға дейін шы­ғарып келіпті. 

Біздің буын Ан-2 ұшағын мініп көрмесе де (арнайы қызмет өкілдері болмаса), атына қанық, себебі ол атағы кеңге жайылған «қанатты тұлпардың» бірі болғаны анық. Ан-2 туралы анекдот та көп... Медавиация ұшағының тізімінен Ан-2 ұшағын көріп, «әлі бар екенсің ғой» дедік. Ашық дерек көздеріндегі ақпаратқа сүйенсек, қазір Ресейде 500-ге жетер-жетпес Ан-2 ұшып жүр. КСРО құрамында болған республикаларда бірен-сараны қалған. Оның он бірін біздің еліміз медициналық авиацияда пайдаланып жүргенін жоғарыда айттық. «Ан-2 ұшағының бір жақсы жері әуежай таңдамайды. Бізде көптеген ауданның әуежай қызметі, сапасы талапқа сай емес. Сол себепті әуе компанияларына шалғай аудандарға Ан-2 ұшағын жіберу ыңғайлы әрі тиімді. Екіншіден, Ан-2 ұшағының жанар-жағармайы тез табылады. Мысалы, облыс орталығынан ауданға ұшып барғанда барлық ауданнан авиакеросин табылмайды ғой. Ал Ан-2 ұшағы автокөлікке құятын Аи-95 маркалы жанармаймен ұша береді. Бірақ ол ұшақпен ауа райы қолайсыз кезде ұшу, қону күрделі. Бұл ұшақ салонындағы медициналық бригада қызметкерлері үшін де қиындық тудырады», – дейді «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының» басқарма төрағасы Т.Мұратов.

Дегенмен 2024 жылдың 15 сәуірінен бастап, Ан-2 ұшағына қатысты жаңа талап шықпақ. Ол бойынша Ан-2 ұшағы да авиокеросин құюы тиіс. Бұл қауіпсіздік үшін жа­салып отырған шара. Сондай-ақ жекеменшік компанияларға жаңа әуекөліктерін сатып алу, ескілерін ауыстыру талабы қо­йы­лып отыр. Болашақта Ан-2 ұшағы бірте-бірте қолданыстан алынып тасталмақ.

ҰШАҚ ОРНЫН ТІКҰШАҚТАР БАСА АЛА МА?

Ан-2 ұшағы секілді тікұшақтар да әуежай таңдамайды, кез келген жерге қона алады. Бірақ тікұшақтың ұшу радиусы 500 шақырымға тең, яғни одан алысқа бару үшін оған жанармай құю қажет. Одан бөлек, тікұшақтар ұшаққа қарағанда төмен ұшатын болғандықтан қатты желдің де кері әсері болады. Егер Ан-2 ұшақтарын мамандандырылған тікұшақтармен ауыстыру керек болса, қосымша 9 бірлік тікұшақ қажет болады екен. Оған бірыңғай оператор деген мәртебені иелініп отырған «Қазавиақұтқару» мекемесінің мүмкіндігі келе ме?

Тимур Мұратұлының сөзінше, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына әуекөлігін пайдалануға беретін компаниялар мемлекет бекіткен тариф құнымен көп жағдайда келісе бермейді. «Мәселен, ЕС-145 тікұшағының ұшуының 1 сағаты 980 мың теңге шамасында деп бекітілген. Ал компаниялар ұшу сағатының құны одан екі есе қымбатқа түседі деп отыр. Мұндай бағада жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес деген уәждерін келтіреді. Осы мәселелерге қатысты келіспеушілктер болып жатады. Себебі бізде көбінесе ауа райына байланысты Ан-2 ұшағы ұша алмай жатады, ал L-410 ұшағының қолайсыз ауа райында ұшатын мүмкіндігі көбірек. Сондықтан қыс мезігілінде L-410 ұшағын жіберуге мүдделі боламыз. Алайда оның ұшу сағатының құны Ан-2 ұшағынан 2-2,5 есе жоғары. Ол жекменшік авиакомпанияларға тиімсіз», – дейді ол.

Медициналық авиация көлігін қамтамасыз етуді бір компанияға беріп, монополияландыру ісін Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова да құптамайды. «Бүгінде медициналық қызмет түрін көрсететін мекеме науқастарды тікұшақтармен тасымалдау қызметтерін тек бір өнім берушіден – «Қаз­авиа­құтқару» АҚ-дан сатып алуға мәжбүр. Оның тиімсіз тұсы көп. Бір нақты мысал келтірейін, екі жыл бұрын қараша айында маған Жамбыл облысынан бір науқастың туыстары хабарласып, оны Астанаға жеткізе алмай отырмыз деп арыздарын айтты. Осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдадым. Республикалық мекеме Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына хабарласып, олардан жылдың аяғында қаражатқа байланысты сондай жағдай туындағанын, санавиация тек ғана балаларға беріледі деген жауап алдым. Алайда мұндай жағдай болмауға тиіс. Шұ­ғыл медициналық авиация қызметі жыл бойына қолжетімді болуы қажет. Сондықтан Үкімет бұл салаға айрықша көңіл бөліп, мәселені жан-жақты қарастыру керек деп ойлаймын», – дейді депутат. 

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы биыл «Қазавиақұтқару» мекемесінен 11 облысты тікұшақпен қамтамасыз етеміз деген уәдесін алыпты. Өйткені 17 облыстың төртеуі медавиациялық көлік­пен қамтылмаған. «Қазавиақұтқару» мекемесі үлгермей жатқан соң биылдан бастап қанатқақты жоба ретінде жекеменшік компаниялардың да қызметін пайдаланып жатырмыз. Мысалы СҚО мен Павлодар облысында шұғыл медициналық қызметін көрсету үшін жеке компаниялардың әуе­көлігін пайдалансақ деп отырмыз», – дейді орталық басшысы Т.Мұ­­ратұлы.

Былтыр 1 қаңтар мен 29 желтоқсан аралығында медициналық қызмет көрсету үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы диспетчерлік қызметіне тұрғындардан 2 886 өтінім келіп түскен. Ол бойынша, медициналық бригада қызметкерлері 2 032 рет ұшақпен, 291 рет тік­ұшақпен ұшып барып, науқастарға шұғыл көмек көрсеткен. Ал мамандар авиация паркін заманауи медициналық ұшақтармен толықтырмай тұрып, өңіраралық ұшуларды сапалы орындау мүмкін емесін айтады.

Айтпақшы, жоғарыда осы мақаланы жазуға түрткі болған аягөздік Нұрбол Ораз­­ғалиевке 16 қаңтар күні Абай облыстық ауруханада операция жасады. «Бел омырт­қасы сынып, жұлынға омыртқа сүйгенің сынықтары кірген» депті дәрігерлер. Сы­­­нып­­тастары хабарласып, «қазір жағдайы бір­­қалыпты, балдақтың көмегімен орнынан тұрып жүр» деген жақсы хабар жет­кізді. 

Бауыржан БАЗАР