«Темір тұлпарларды» техникалық тексеріс саласында кезекті реформа басталды.
Техникалық байқауға темірдей тәртіп керек
753
оқылды

Оның аясында мемлекеттік бақылауды күшейту, техбайқау стансаларын құру ісін күрделендіріп, оны ашуды қазіргі хабарландыру тәртібінен рұқсат алуға ауыстыру және басқа да жаңашылдықтар көзделген. Сондай-ақ бұл тексерістен көліктерді жалған түрде, қашықтан өткізе салатын операторларға қатысты айыппұл арттырылады. 

Арамза схема – адамдар өміріне қауіп

Үкіметтің бұған бармасқа амалы жоқ. Қазақстанда техникалық байқаудан жалған өту оқиғалары қарқынды көбейіп барады. Салдарынан «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлауынша, былтырғы жылдың 10 айында ғана 3 мыңнан астам диагностикалық картаның күші жойылған. Себебі оларда автомобильдерді техникалық байқау қағидаларының бұзылғаны әшкереленді.

Схема қарапайым: көлігі әбден көнерген, сондықтан оның бұл тексерістен өтпесін түсінген қожайыны көзбояушылыққа барады. Интернеттен, әлеуметтік желіден бұл проблеманы «бармақ басты, көз қысты» жолмен шешіп беретін тексеріс бекеттерін іздейді. Ондай орталыққа автомобильмен бару да талап етілмейді. Тек фотосын және деректерін сұратқан төлемімен қоса жіберсе болғаны. Әрі қарай техбайқау «маманы» «Техбайқау» бірыңғай ақпараттық жүйесіне көліктің мәліметтерін енгізіп, диагностикалық картасын табыс етеді.

Салдарынан қалалардың көшелерінде, ауыл-аймақтың жолдарында шеге толы шелектей қаңғырлаған ескі-құсқы көліктер саны ұлғаю үстінде. Олар түрлі жол-көлік оқиғасына себепші болады, жүргізушілер мен жүргіншілердің өміріне, денсаулығына қауіп төндіреді. Жол апаты кезінде олардың автосақтандыруының жоқтығы анықталып, зардап шеккен тарапты тақырға отырғызады. Қысқасы, әлеуметтік кернеудің артуына ықпал етеді. 

Қолданыстағы заңнама құзырлы органдарды алдаған, тіпті алаяқтыққа барған жүргізушілерге жұмсақтық танытады: техбайқауды фиктивті немесе бұзушы­лық­­тармен өткен көлік иелері тексерістен қай­­та өтуге тиіс. Олар «Электронды Үкіметтің» «1414» қысқа нөмірінен техникалық байқаудан қайтара өту қажеттігі туралы SMS алады. 

Жалпы, сарапшылар бұзушылықтарды анықтау тұрақты негізде жүргізілмейтініне назар аудартады. Мысалы, диагностикалық карталардың ашықтан ашық сатылатыны туралы ақпарат құралдары мен қарапайым азаматтар дүркін-дүркін дабыл қаққан соң бұл саладағы бұзушылықтарды анықтау үшін Үкіметке 2023 жылғы шілдеде арнайы жұмыс комиссиясын құруға тура келді. Осы комиссия диагностикалық карталарға мониторинг жүргізе келе, олардың 3 324 бірлігінен түрлі жөнсіздіктер тапты. 

Көлік құралын міндетті техникалық байқаудан өткізу қағидаларына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, бұдан былай мұндай карталардың күші жойылады. 

«Жалған техбайқау нәтижелері жоққа шығарылғаннан кейін көліктің диагностикалық картасының egov mobile мобильді қосымшасында көрсетілуі доғарылады. Осы шаралардан кейін азаматтарымыз техбайқауды «сатып алудан» аяқ тартады, адал өтуге ден қояды деп үміттенеміз. Өйткені жолдарда адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі – бірінші кезекте жүргізушілердің мойнында», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарама төрағасы Ростислав Коняшкин.

Жаңа жаза нені қарастырады?

Бірақ үміттің ақталмай жатуы сирек емес. Үмітті ақтауға итермелеген де жөн. Әйтпесе, бұл жолы «өтірігінің құйрығы бір тұтам» болғанын біліп, қызарақтаған, немесе еш қымсынбаған көлік иесі келесі жолы ескі әніне қайта басып, жалған картаға қайта жүгінбесіне кім кепіл? Комиссияның жылда құрыла беруі неғайбыл. 

Сол себепті ел Үкіметі бұл кеселдің бірден тамырына балта шабу үшін диагностикалық карталарды оңды-солды сататын орталықтарға салынатын айыппұл көлемін арттыруға кірісті. 

Мысалы, былтырғы 2023 жылдың басынан бері 131 айыппұл салыныпты. Сонымен қатар адал емес 350 техбайқау опе­­­­­­раторының қызметі тоқтатылды.

Мәжіліске Ұлттық экономика министрлігі енгізетін заңнамалық түзетулер қол­даныстағы Әкімшілік құқықбұзу­шы­­лық кодексінің 616-бабын толықтырады.

Оған сәйкес, құқықбұзушылықтардың үш түрі үшін айыппұл сомасын ұлғайту ұсынылып отыр. Біріншісі – механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемеле­рiнiң техникалық жай-күйiне сәйкес келмейтiн параметрлерді көрсете отырып, тех­никалық байқаудың диагностикалық ка­ртасын беру. Екіншісі – техбайқау операторының мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өткізбей, диагностикалық картаны беруі. Үшіншісі – міндетті техникалық байқауды бақылау-диагностикалық жабдықтарды пайдаланбай немесе ақаулы және тексеруден өтпеген жабдықты пайдалана отырып өткізу.

Осы үшеуі бойынша енді шағын кәсіпкерлерге – 50 АЕК немесе биыл 184 600 теңге (қолданыстағы заңда – 10 АЕК), орта кәсіпкерлік нысандарына – 70 АЕК немесе 258 440 теңге (қолданыстағы редакцияда – 20 АЕК), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК немесе 369 200 теңге (қазір – 30 АЕК) айыппұл салынбақ.

Айыппұл арқалаған соң бір жыл ішінде техникалық тексеріс операторы заң бұзуға қайта барса, онда айыппұл көлемі еселеп өседі. Жаңа заң жобасында лауазымды адамдарды, шағын кәсіпкерлікті – 100 АЕК (қолданыстағы редакцияда – 30 АЕК), орта кәсіпкерлікті – 120 (40), ірі кәсіпкерлік субъектілерін – 150 (50) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлмен жазалау және автокөліктерді міндетті техбайқаудан өткізу рұқсатынан 3 жылға айыру ұсынылған. 

Заң қабылданса, онда рұқсатынан айрылған техбайқау операторының қожайыны, акционерлері, оған қатысушы тұлғалар 3 жыл бойы жаңа операторды құра алмайды, өзге оператордың құрамына енуге де құ­қығы болмайды.

Қазір Қазақстанда арнайы тізілімде 2 352 техникалық байқау операторы тіркелген. Оның ішінде 745-і қызмет етіп, еліміз бойынша жалпы саны 1 420 техникалық байқау стансасын құрған.

Дамыған елдер тәжірибесі не дейді?

Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаментінің сарапшысы Ғалия Омарованың айтуынша, бүгінде қолданылып жүрген 10 АЕК (36 920 теңге) айыппұл – тиімсіз, сондай-ақ адам өліміне соқтыратын жол апаттары сияқты жалған техбайқаудан туындайтын салдарларға, тіпті де сайма-сай емес. Сайма-сай шара – қауіпті көліктердің техникалық тексерістен өте алмауы, тиісінше, жолға шығуына тыйым салынуы болмақ. Алайда диагностикалық карта ақыға үлестіріліп жатса, бұған қол жеткізу қиын.

«Жағдайдың ушыққаны сонша, қазіргі кезде техбайқаудан автомобильдің фотосуреттерін WhatsApp мессенджері не басқалай жіберу арқылы өтуге болады. Басқаша айтқанда, заңсыз онлайн тексеру жолға қойыл­ған. Анықталғандай, техникалық байқау орталықтарының жалпы санының шамамен 60%-ы көліктерді атүсті, формальды тексереді. Яғни, техбайқау автомобильдің келуінсіз немесе оны мұқият диаг­ностикалаусыз өткізіледі. Ал дамыған елдерде бұл саладағы талап қатал. Мысалы, Ұлыбританияда 1967 жылдан бері техникалық байқауды Көлік министрлігінің өзі жүргізеді. Соның қатаң тексерісінен өткенін көрсететін тиісті белгісі жоқ автомобильді пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салынады», – деді сарапшы. 

Қазіргі кезде елімізде техбайқаудан өткен 2,5 миллионнан астам машинаның 98%-ы барлық талапқа сәйкес келеді деп танылған екен. Осының өзі көзбояушы­лық­тан хабар береді. 

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөліктер саны 5 млн 260,6 мыңға жетті. Респуб­лика жолдарында зымырап жүрген автокөліктердің жетпіс пайыздан астамы – ескі-құсқы темір-терсек. Барлық автомобильдің 51%-ның «жасы» 20 жылдан асып кеткен. Тағы 21%-ның қолданылғанына 10-20 жыл өткен. 

Салыстырмалы түрде алғанда жаңа, 7-10 жыл аралығындағы машиналардың үлесі – 14%, 3-тен 7 жыл аралығындағысы – небәрі 6%. Тек 8%-ы ғана зауыттан шыққанына 3 жылдан аспаған жаңа көлік. Елімізде конвейерден түскеніне 7 жыл толмаған көліктер ғана техбайқаудан өтуден босатылады. 

Ресми дерек бойынша, 2023 жылдың 11 ай ішінде 13 207 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оларда 18 510 адам зардап шеккен. Бейбіт күнде ескі көліктер ел арасында қырғын салып жатқандай. 

Тексерілетін көліктердің 98 пайызының бүкіл талапқа сәйкестігі туралы мәліметті тағы бір жайт жоққа шығарады. Жолдарда жүйелі түрде рейдтік тексерулер жүргізген жол полициясы тексерулерінің қорытындысы сорақы деректерді әшкереледі. 

Мәселен, қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін, пайдалануға тыйым салынатын ақаулары бар автомобильдерді жүргізгені үшін 2020 жылы 120,5 мың, 2021 жылы – 130,7 мың және 2022 жылы – 142,6 мың жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қауіпті көлікті айдайтындар саны жыл санап, артып барады. 

Бұл былықтардың әрі қарай қанат жаюына тосқауыл қою үшін Үкімет техбайқау операторларын құруды қолданыстағы хабарлама тәртібінен рұқсат беру тәртібіне көшіруге ниетті. Сонда жаңа техникалық байқау стансасының ашылуына рұқсат бермес бұрын уәкілетті орган оның біліктілік талаптарына сәйкесін тексереді. Техбайқау бекетінің қағаз жүзінде емес, іс жүзінде құрылуын, тиісті ғимарат-нысанының, қажетті диагностикалық жабдықтарының, мамандарының болуын бақылайды. 

Ұлттың саулығы, азаматтардың өмірі – мемлекеттің басты құндылығы. Демек, оны сақтау да мемлекеттің басты, басымдықты міндеті. Олай болса, сол үшін бизнестің шектен шыққан шағын бір бөлігінің қызметін қатаң тәртіпке келтіру де әділдіктің бір көрінісі болса керек.

Айхан ШӘРІП