Олар компаниядан ақшасын қайтарып беруді талап етті.
Қаржы пирамидасын құру: Amanat Home басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
Фото: видеодан алынды
1,389
оқылды

2023 жылдың шілде айында Amanat Home кооперативіне ақша салып, артынан алданған салымшылар Halyq Uni редакциясына хабарласып, көмек сұрады. Олар компаниядан ақшасын қайтарып беруді талап етті. Арасында сот үкімі шығып, бірнеше жылдан бері ақшасын күтіп жүрген салымшылар да бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Мен үш жыл бұрын Amanat Home кооперативіне ақша салдым. Екі жыл бойы үйдің берілуін күттім. Ал соттың шешімі шыққанына бір жылдан асты. Бірақ ақша да, үй де, өздері де жоқ. Сол кездегі менеджерлердің бәріне хабарластым, ешқайсы жауап бермейді", – дейді салымшы Айгерім Жүзбек.

Салымшылар әу баста белгілі блогерлер мен әншілердің жарнамасына сеніп, үйлі боламыз деп үміттенген. Бірақ қазір үйсіз-күйсіз жүргенін, сенімі ақталмай, далада қалғанын айтады.

2023 жылдың қазан айында Amanat Home салымшылары Halyq Uni редакциясына хабарласып, тағы да көмек сұрады. Салымшылардың айтуынша, Amanat Home кооперативі 200-ден астам салымшының не үйін, не ақшасын бермеген.

"Біз салымшы ретінде ақша салып, оны қайтара алмағандықтан, 25 адамның үстінен арыз жазуға екінші рет жиналып отырмыз. Бармаған жеріміз жоқ. Не ақшамызды, не үйімізді бермеймін деп нақты айтпайды. Телефонын да көтермейді, бізді бұғаттап тастаған. Сол кезде бізді қабылдаған адамдардың бәрін таба алмай жатырмыз. Енді қайда барарымызды білмей жүрміз", – дейді салымшы Гүлназ Ибраева.

2023 жылдың қарашасында Сенат депутаты Геннадий Шиповских Amanat Home кооперативіне 1 млрд теңге салып, ақшасын қайтара алмай жүрген салымшылардың жанайқайын жеткізді. Сенатордың дерегінше, «Борышкерлердің бірыңғай тізілімінің» деректері мен салымшылардың ақпаратынша, Amanat Home кооперативін сотқа беріп, шешім шығып, ол орындалмай, ақшасын кері қайтара алмағандар саны  – 453 адам. Жалпы келтірілген залал – 1 млрд 200 млн теңге.

Amanat Home салымшыларына қатысты дау Сенат төрінде де көтерілген соң, Halyq Uni редакциясы Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сауал жолдап, кооператив басшыларына қатысты қандай шара қолданылып жатқанын сұрады. Агенттіктің жауабынша, Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Аманат Хоум» ТК (Amanat Home) басшыларына қатысты қаржы пирамидасын құру және басқару күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Одан бөлек, Amanat Home кооперативі ұйымдастырған ұтыстан 1 бөлмелі үй ұтып алған Болатбек Мамырбеков те үйдің құжатын ала алмай, өз атына рәсімдей алмай жүр. Ол бұған дейін далада қалғанын айтқан болатын.

Болатбек Мамырбеков содан бері әлі еш нәрсе өзгермегенін, жауапты тұлғалардан жауап ала алмағанын айтты. «Енді ар-намысымды таптап, мазақ еткені үшін сотқа жүгінемін» деп отыр.

"Көңілбай сол үйге барып, видео түсіріп, ақшасын бердім деп айтыпты. Енді ақша аударғаны рас болса, үйді менің атыма рәсімдеуі керек қой. Құжатын тапсыруға тиіс болған Маржан Рахымбаеваның жауабын күттім, бірақ еш жауап берген жоқ. Мені мазақ қылып отыр ма? Үйді беріп, қайтадан тартып алып отыр. Еш ренжімесін, енді күтпеймін. Мен басқа шара қабылдаймын. Олар уәдесінде тұрмады. Үйді берсін немесе мәселені заң алдында шешеміз", – дейді Amanat Home ұйымдастырған ұтыстан бір бөлмелі пәтер ұтып алған Болатбек Мамырбеков.