Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңестің биылғы жылдың алғашқы отырысы өтті.
«AMANAT»: Жастарды жұмыспен қамту және қылмыстың көбеюі талқыланды
1,271
оқылды

 Күн тәртібінде қаралған басты мәселенің бірі – жастар арасында отансүйгіштік пен мемлекеттілік құндылықтарын қалыптастыру. Сондай-ақ дөңгелек үстелде қатысушылар жұмыспен қамту, суицидтің алдын алу, қылмыстың көбеюі, жастардың құқықтық мәдениетін тәрбиелеу және тәлім-тәрбие, білім мәселелерін талқылады.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, «Жастар рухы» ЖҚ өкілдері әрі сарапшылар қатысты.

Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлының айтуынша, 2023 жылдың мамыр айынан бастап Республикалық жастарды қолдау кеңесінің жеті отырысы өткен. Соның нәтижесінде 10 сұрақ қаралып, орталық мемлекеттік органдарға 133 ұсыным жолданған. Бүгінде оның 122-сі жүзеге асса, 11-і іске асыру сатысында.

– Қазір еліміздің 20 аймағында өңірлік Жастарды қолдау кеңесі қызмет атқарады. Кеңес құрамына біліктілік талабына сай арнайы квота арқылы жасақталып, бүкіл саланы қамтуды тырыстық. Осы  арқылы әр саланың проблемалары мен өзекті сұрақтарын ашық айтатын азаматтарды бір арнаға тоғыстыра алдық деп ойлаймын. Мысалы, өткен жылы 79 аймақтық кеңес отырысы өтіп, 195 сұрақ қарастырылған. Сөйтіп, жергілікті атқарушы органдарға 302 ұсыным берілді. Оның 166-сы жүзеге асып, 136-сы  орындалуда, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Өткен жылғы кеңес жұмысының жеңісі Қазақстанда вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салынуы. «Кеше Парламент Мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Енді вейпті сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу; әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде жасалған, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн – 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, адам бойындағы патриотизм оның іс-әрекетінен көрініс табады.

– «Шағын Отанына» деген сүйіспеншіліктен бастау алатын патриоттық сезім кемелдену жолында сан түрлі кезеңдерден өтіп, жалпыхалықтық патриоттық санаға, еліне деген саналы сүйіспеншілікке көтеріледі. Ол – мемлекет діңгегі беріктігінің моральдық негізі.  Сондай-ақ жеке тұлғаның белсенді азаматтық ұстанымы мен Отанына аянбай қызмет етуге дайын болуының маңызды ресурсы. Ал патриотизмді қоғамдық сананың ең маңызды құрамдас бөлігі ретінде жете бағаламау қоғам мен мемлекеттің әлсіреуіне әкеледі, – дейді Нартай Аралбайұлы.

 Өз кезегінде Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова патриоттық сезімді қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, былтырғы жылдың қыркүйек айында Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тәрбие мазмұнына «Біртұтас тәрбие бағдарламасын»  енгізді. Бағдарлама ұлттық, адами құндылықтарға негізделген.

Бұл құжатта жастардың бойында қалыптасуы тиіс білім берудің мақсаттары мен міндеттері айқындалған: бірлік пен ұлттық бірлік, патриотизмге, еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматқа тәрбиелеу. Бұдан басқа, алдын алу және кешенді шараларда мемлекеттік органдармен тұрақты өзара іс-қимыл және ынтымақтастық қамтамасыз етіледі, деді Меруерт Медетбекова.

Сондай-ақ ол баланың уақытын тиімді пайдаланудың маңыздылығын, оның ішінде сабақтан тыс уақытта сабақтан тыс жұмыстарды атап өтті.

Қазіргі қазақстандық қоғам өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, атап айтқанда, өз бетінше шешім қабылдайтын, ынтымақтастық жасауға қабілетті, бастамашыл адамдарды тәрбиелеуге жаңа талаптар қояды. Мұндай қасиеттер балалар мен жасөспірімдерде адамгершілік мақсаты бар қоғамдық қозғалыста қалыптасады. Осыған байланысты еріктілер ұйымдарының қызметі жетілдірілуде. Бүгінде елімізде балалар мен жастар ұйымдары, пікірсайыс қозғалыстары, жастар және мектеп парламенттері белсенді жұмыс істейді, – дейді департамент басшысы.

Республикалық және өңірлік деңгейде 15 жобалық офис, дебат және өзін-өзі басқару штабы, 20 мектеп және студенттік дебат лигасы құрылған. Сондай-ақ 3 500 қосымша білім беру педагогінің, дебат клубтары басшыларының, педагогтердің және мектеп пен студенттік өзін-өзі басқару үйлестірушілерінің біліктілігі арттырылды. Соңғы бес жылда белсенді еріктілер саны артты. Qazvolunteer.kz  онлайн платформа іске қосылып, оған барлық еріктілер тіркелген. Жалпы, балалар мен жасөспірімдерді қамту көрсеткіші жыл сайын артып, оның 72% оқушылардан тұрады.

Сонымен қатар Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан студент жастар арасындағы идеологиялық және тәрбие жұмысы, адал еңбек, отаншылдық, әлеуметтік жауапкершілік, патриотизмге бағытталған кешенді шараларды іске асырып жатқанын айтты.

– Министрлік студент жастар арасында масылдықтың белең алуы, жеңіл ақша табу, банктерден несиелер алу, лудомания, қымбат заттарға орынсыз ақша жұмсау (телефон, әшекейлер, сағат, киім, т.б.) мен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік бағытында жұмыс істеп  жатыр. Мысалы, жастардың арасында құмар ойын мен лудоманияның таралуын анықтау мақсатында 55 000-нан астам студенттен анонимді сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде, оларда ойынға тәуелділік проблемалары бар екені және 16 мен 18 жас аралығында бастау алатыны  анықталған, – деді Ақерке Абылайхан.

 Оның айтуынша, Қаржы миниторингін реттеу агенттігі «AMANAT» партиясы өкілдерімен бірлесе отырып, «Нархоз» университеті базасындағы оқу-әдістемелік бірлестікте 1-курс студенттеріне арналған «Қаржылық сауаттылық негіздері» курсы әзірленді.  Жоба бойынша енді жыл сайын оқуға түскен 100 мыңнан аса 1-курс студенттерді қамтымақ.   

ҚР МАМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың ақпараты бойынша, 2029 жылға қарай 1 миллион ауыл жастарын жұмыспен қамтамасыз ету, 1,5 млн жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, ресурстық орталықтар арқылы 3,8 млн әлеуметтік қызмет көрсету жоспарлануда. «Сондай-ақ 2029 жылға дейін 18,2 мың жасқа жеңілдетілген несие берілмек. Ал 50 мың адам тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілмек»,  дейді Қайрат Қамбаров.

Отырыс барысында қатысушылар қазір жастар арасында қылмыстың да көбейіп жатқанын сөз етті. Оған тиек болған Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әлкенев– Соңғы 3 жыл ішінде қылмыстық жауапкершілікке 4 919 кәмелетке толмаған жасөспірім тартылған. Жасөспірімдер жасаған қылмысы: ұрлық, тонау, бұзақылық, алаяқтық, есірткі қылмысы және жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар. Әсіресе, алаяқтық пен есірткі қылмысы бойынша жасөспірімдер саны айтарлықтай өскен. Бұған негізінен кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуы және олардың сабақтан тыс уақытта бос болуы әсер етуде. Қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың жалпы саны 48 % жеткен. Ал оның тең жартысы оқымағандар мен жұмыссыздар. Яғни, 9-сыныптан кейін оқуын жалғастырмаған балалар. Өкінішке қарай, мектеп бітіргеннен кейін өмір сүру жолы өздеріңің таңдауында. Мұны біз бақылап, міндеттей алмаймыз, – деді.