Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымы Нұрзада Амангелдінің өнертабысы World Summit Awards әлемдік байқауының 2023 жылғы қысқа тізіміне енді.
ЕҰУ ғалымының өнертабысы – World Summit Awards сыйлығынан үміткер
2,088
оқылды

Бұл – БҰҰ беделді сыйлығының халықаралық сарапшылары тарапынан іріктелген жалғыз қазақстандық жоба. Байқауға барлығы 180-нен астам мемлекеттен инновациялық әзірлемелер ұсынылды.

Нұрзада Амангелдінің жобасы Inclusion and emprowment номинациясы бойынша ұсынылған 80 жаһандық инновациялық өнертабыстың ішінен іріктеліп таңдалды. Ақпараттық технологиялар факультетінің «Жасанды интеллект технологиясы» кафедрасының аға оқытушысы қазақша ымдау тілін танудың қолжетімді жүйесін БҰҰ дүниежүзілік байқауына ұсынды. Бірегей әзірлеме жасанды интеллектке негізделген және қымбат сенсорларды, бірегей камераларды немесе суперкомпьютерлерді қажет етпейді. Қазақ ымдау тілінің автоматты сурдоаударма жүйесі есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың білім алу және басқа да үрдістерге кедергісіз енуіне бағытталған.

«Жобамызды World Summit Awards сарапшыларының мақұлдауы өнертабысымыздың инновациялық құрамдас бөлігіне үлкен сенім бар екендігін көрсетеді. Егер жобамызға халықаралық инвесторлардың назарын аудара алсақ, онда бұл біз үшін үлкен жетістік болады», – дейді Нұрзада Амангелді.

Амангелді Нұрзада биыл Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жылда тағайындайтын «Jana asu» грантын екінші мәрте иеленді. Университеттің бұл бастамасы ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға қолдау көрсетуге бағытталған. 

Қазақстандағы World Summit Awards сарапшысы Анатолий Кременчуцкий қысқа тізімге 60 елден 136 жоба енгізілгенін атап өтті.

«2023 жылы World Summit Awards байқауына Қазақстаннан 8 үміткеріміз болды. Бірақ бәсекелестік өте жоғары болғандықтан, іріктеуден тек бір жоба ғана өтті. Байқаудың аралық қорытындысы 8 ақпанда белгілі болады. Келесі кезекте үміткерлердің қысқа тізіміне енген командалар Чилиге жаһандық конгреске барады. Үміткерлердің әрқайсысына БҰҰ-дан, басқа үкімет өкілдерінен және қазылар алқасының мүшелерінен шамамен 400 адамнан тұратын алаң ұсынылады. Командалар өз жобаларын таныстырады. Содан кейін қазылар алқасы жеңімпазды анықтайды», – деді World Summit Awards марапатының Қазақстандағы сарапшысы Анатолий Кременчуцкий.

Айта кету керек, WSA байқауын Біріккен Ұлттар Ұйымы өткізеді. Халықаралық сарапшылар жаһандық маңызы бар ең жақсы инновациялық шешімдерді бағалайды.