Алматыда туған інісінің атынан заңсыз құжат жасатып, үйді көңілдесіне сыйлап жіберген азаматқа қатысты сот отырысы өтті.
Алматыда ер адам туған інісінің үйін көңілдесіне сыйлап жіберген
фото: variant-omsk.ru
1,498
оқылды

Алматыда туған інісінің атынан заңсыз құжат жасатып, үйді көңілдесіне сыйлап жіберген азаматқа қатысты сот отырысы өтті. Бұл туралы адвокат Тілеужан Кішкенебаев Zan live YouTube-арнасында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz halyq-uni.kz-ке сілтеме жасап.

"Бостандық ауданының қылмыстық істер жөніндегі сотынан шықтық. Сот өз үкімін жариялады. Яғни, біздің сенім білдіруші Рахман Шалқардың арызымен қозғалған қылмыстық іс бойынша өзінің туған ағасы Ержан Шалқарға қатысты сот 6 жыл, 6 айға бас бостандығынан айыру жөнінде жаза тағайындады", – деді Тілеужан Кішкенебаев.

Оның айтуынша, Ержан Шалқар туған інісінің үйін өз атына жалған құжаттар жасау арқылы өткізіп алып, кейін көңілдесінің атына аударып жіберген. Соның салдарынан інісі үй-күйсіз, далада қалыпты.

"Біз алдағы уақытта азаматтық тәртіппен Шекер Ақсарайдың атына өтіп кеткен үйді қайтару бойынша мәселе көтереміз. Шекер Ақсарайға қатысты бөлек қаулы сұрағанбыз. Бірақ сот өзінің қылмыстық істің шегінен шыға алмайтынын айтып, оған бөлек шағымдану керектігін түсіндірді", – деді адвокат.