Елімізде мәйіттік донорлыққа рұқсат беру рәсімі электронды түрде жүргізіледі. Жауапты министрлік берген мәліметке сүйенсек, қазірше нақты 6 мың адам қайтыс болған соң, өз ағзасын беруге келісімін берген.
2-3 ай уақытың қалды деген: Шымкентте мәйіттік донор арқылы 3 ота жасалды
© Sputnik / Варвара Гертье
1,740
оқылды

Ал елімізде донорлық ағзаға мұқтаж азаматтар саны 4 мыңнан асып жығылады. Осыған байланысты мамандар ұсынысымен донорлық заңға өзгеріс енуі мүмкін, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Отырар" арнасының жазуынша, 30 жыл ғұмырын ұстаздыққа арнаған Серік Жұманов осыдан 40 жыл бұрын сары ауруға шалдыққан. Айлап ем қабылдағанмен, В гепатиті қайталана беріпті. Дерт дендеп соңы бауыр церрозына айналған. Дәрігерлер бауырының істен шыққанын айтып, трансплантация жасауды ұсыныпты. Шұғыл ота қажет болған науқасқа сай келетін ағза Беларусь елінен табылған. Жасы 70-ті еңсерген атай мәйіттік донорлықтың арқасында аман қалғанын айтады.

«Мен Беларусь еліне барғанда бауыр толық жарамайды деді. 2-3 ай уақытың қалды деген еді. Содан соң 3 айдай сол жақта емделіп жаттым. Бірақ бұл жақта мені дайындады. Көп дәрілер салды. Қашан да қолдау көрсетіп отырды. Бағыма орай, маған сай келетін донор табылып қалды. Дереу сол кісінің бауырын маған салды. 3 жылдай болды бауырды салғанына. Қазір өзімді жақсы сезінемін», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Серік Жұманов.

Айта кетейік, Шымкенттегі №1 ауруханада 2013 жылдан бері бүйрек пен бауыр ауыстыру операциялары сәтті жүргізіліп келеді. Бұған дейін науқасқа керек ағза өз туыстарынан алынып келген еді. Соңғы жылдары мәйіттік донорлық қолға алынып, қалада дәл сондай 3 ота жасалды.

«Бас ми өлімі анықталған соң, дәрігерлердің шешімімен ағзаны 3-4 күннің ішінде ауыстыру керек. Бізде 2018 жылы әйел кісінің туыстары ағзасын алуға рұқсатын берген еді. Оның бауырын Алматыға жібердік, 1 бүйрегі бізде қалды. Ал 1 бүйрегін Астанаға алып кетті», – дейді №1 Шымкент қалалық клиникалық ауруханасының хирургі Тайбек Садықов.

Еуропа елдерінде трансплантацияның 80 пайызға жуығы мәйіттік донорлық арқылы жасалады. Ал біздің қоғамның бұл үдеріске көзқарасы әрқилы.

Қайтыс болған адамның ағзасы мәйіттік донорлыққа бас миының өлімі расталған жағдайда және туыстарының келісімімен ғана алынады. Ал қайтыс болған соң, ағзасын алуға келісім беру немесе бермеуді кез келген қазақстандық электронды порталда таңдау жасап, өзі шешеді. Қазір көп азамат келісім беруден бас тартқан. Оның себебін діни сеніммен байланыстырады. Ал дін өкілдері бұл мәселеге қатысты не дейді?

«Донор болуға шариғатымыз рұқсат берген. Бірақ талаптары бар. Бірінші, ағзасын берген адамға ешқандай зиян тимеу керек. Екіншісі, ағза ақшаға сатылмау керек. Мәйіттік донорлыққа да туыстары рұқсат етсе, болады беруге. Бастысы қаражатқа сатылып кетпеу керек», – дейді ҚМБД Шымкент қаласы бойынша наиб имамы Мұхамеджан Естеміров.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда нақты 6 мың азамат мәйіттік донорлыққа келіскенін айтады. Сонымен қатар еліміздің бас дәрігері келешекте донор болып, бірнеше адамға ағзасын сыйға беруге өзі де дайын екенін жеткізді.