Бұрынғы полицей қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені үшін қамалды
Бұрынғы полицей қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені үшін қамалды
368
оқылды
Жігіттерді құлдыққа салып, қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды AstanaTV.  Телеарна мәліметінше, Қостанайда дәмхана қожайыны 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайластары да сотталды. Аудан тұрғындарын үрейде ұстаған ұйымдасқан топ былтыр ұсталған. Тимур Алатаев басқарған топ жол бойындағы «Керуен» дәмханасында бір емес, бірнеше қылмыс жасаған. Шағын дәмханаға жұмыс іздеп келгендердің еңбегін қанап, кейбіреуін күшпен құлдыққа салған. Қыз-келіншектерге зорлық-зомбылық көрсетіп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. сотталушы Кафедегі қанды қылмыс Иван Косюктің өлімінен кейін әшкерленген. Ұйымдасқан топ 34 жастағы Меңдіқара тұрғынын шынжырмен байлап, құлдыққа салып қамауда ұстаған.
«Жәбірленуші Косюк қашпақ болған. Сол әрекеті үшін оны пеш жағатын жерде шынжырға байлап тастаған. 2016 жылдың аяғы мен 2017 жылдың басында ол қамауда отырып, кафенің отын жаққан», – дейді Қостанай облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жасұлан Асылбеков.
Аудан тұрғыны 2016 жылы алғаш рет ауруханаға ауыр жағдайда түскен. Бірақ кімнің ұрғанын айтпаған. Артынан анықталғандай оны кір қолымен табадан тамақ жегені үшін өлтіріп, денесін өртеп жіберген.
«Әуелі қоңырау шалып хабарласып тұрды. Сосын смс-хаттар жазатын болды. Кейін мүлде хабарсыз кетті. Үйге келем деген кезінде келмеді. Содан кейін полицияға арыздандым», – дейді қайтыс болған Иван Косюктің анасы Екатерина Косюк.
Бұрын полицияда жұмыс істеген Тимур Алатаев жұмысшыларына түрлі жаза қолданып, күш көрсеткен. Қасақана ұрып соққан. Қалың қарызым бар деп қолхат жаздырып, жәбірленушілерді заңсыз бас бостандығынан айырған.
«Хамам моншада клиенттерге қызмет көрсетуге мәжбүрледі. Айтқанға көнбесең балаңның көзін құртамын деп қорқытты. Қашатын болсаң, ұстап алып денеңді бөлшектеп тастаймыз деп шошытты. Ұрып соқты. Үш рет зорлады», – дейді жәбірленуші Ирина Царева. 
Қылмыскердің екі сыбайласы Евдокимов 14 жылға, Абдулхаев 3 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Үшеуі де жаза мерзімін қауіпсіздігі орта деңгейлі түзету мекемесінде өтейді. Сотталушылар Иван Косюктің анасына 5 миллион теңгеден аса моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.