Стартап аясында жасанды интеллект көмегімен тележүргізушілер бейнесі дайындалды. Олар тікелей эфирде өңделген жаңалықтарды ұсынатын болатын.
Жасанды интеллект көмегімен жасалған телеарна жүргізушілері
Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Getty images
1,311
оқылды

BBC News басылымы ЖИ тележүргізушілері тәулік бойы жаңалықтарды жеткізіп, әртүрлі тілдер мен екпіндерге бейімделе алатынымен, аудиторияның сенімін жоғалтып алу қаупі бар екенін жазды. Мұндай алаңдаушылықтың себебін Aikyn.kz британдық медиаға сілтеме жасап түсіндіреді.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода 22 минут бойы жаңалықтар жүргізушілері камера алдында тұрып, бір күннің өзекті жаңалықтарын баяндады. Бірақ бұл шынайы емес, жасанды интеллект (ЖИ) арқылы жасалған көрініс.

Бейнероликті Лос-Анджелес қаласында Адам Мосам мен Скотт Забиелски кәсіпкерлердің «Channel 1» стартапы жасап шығарды. Олар осы жылдың соңында телеарналарда ЖИ тележүргізушілері ұсынатын жаңалықтар эфирін шығаруды жоспарлап отыр.

«Телеарна көрерменнің жаңалықтарды қабылдау тәжірибесін жақсартудың қызықты мүмкіндігі осы»,  дейді Мосам.


Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Alamy

ЖИ-дің көрермендермен сенімді байланысты сақтай алатыны белгісіз. «Сіз ешқашан басқа адаммен жасағандай ЖИ-мен байланысты орната алмайсыз. Робот адаммен салыстырғанда жұмысты сапалы орындай алмайды», деп мойындайды Мосам. 

Қазіргі уақытта «Channel 1» стартапында жасанды интеллект арқылы жасалған сценарийлерді тексерумен және қамтылуы тиіс оқиғаларды таңдаумен айналысатын онға жуық қызметкер бар. Мосамның айтуынша, «Channel 1» әрбір сюжетті эфирге шығармас бұрын 13 қадамдық процестен өткізеді. Себебі кейбір тақырыптардың эфирге шықпауын қадағалау қажет. 

Фото hollywoodreporter сайтынан алынды.

Жаңалық маңызы бар оқиғаларды табу және оларды өңдеу  бұл ЖИ үшін қиындық туғызатын мәселе болуы мүмкін. «Channel 1» дайындаған эпизодында оператор мен журналистер түсірген кадрлар негізге алынған. Егер осындай өңделмеген материал мен ақпарат берілмесе, ЖИ жұмысының маңызы жоғалады. Сапалы ақпаратты жинай білу және адамнан сұхбат алу тек адамның қолынан келеді.