Сарапшылар мемлекет нарықтық экономиканың заңдылықтарына мықтап бет бұра бастады, бұл үрдіс сол қадамдардың салқыны деген тұжырымға келген. Әйтсе де, Үкімет жеңілдетілген ипотеканың ізбасары саналатын «9-20-25» бағдарламасы іске қосылатынын хабарлады.
Қостанай өңіріне ресми сапары барысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов баспана нарығындағы басты мәселе жеңілдетілген ипотека қайта қолжетімді болатынын айтты.
«Біз мұндай қажеттілік бар екенін түсінеміз, өйткені жастарға бірінші баспана қажет. Осыған байланысты біз «9-20-25» бағдарламасын әзірледік. Оны Отбасы банкі арқылы іске қосайық, іске асыруға 150 миллиард теңге бағытталады. Жастардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін. Бағдарлама арқылы жыл сайын 8 мыңға жуық жас отбасы жеңілдікті шарттармен тұрғын үй сатып ала алады», – деді Премьер-Министр.
Құрылыс саласына қолдау қажет-ақ. Өйткені баспаналы болуға ниетті азаматтардың саны азаймай тұр. Ал «7-20-25» бағдарламасына лимит енгізілгелі, үй алатындардың көрсеткіші де тым төмендеп кеткен. Мәселен, Бірінші кредиттік бюроның мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы еліміздегі ипотекалық несие көлемі 1,8 трлн теңгеде тұрақтап, 17,3 пайызға төмендеген. Яғни, былтыр берілген ипотекалық несиенің жалпы саны – 116,6 мың. Оның басым бөлігін жастар құрап отыр. Бюроның есебінде былтыр несиеге үй алған азаматтардың 20 пайызы 30 жасқа толмағандар екені көрсетілген. «Бұл бірінші кезекте жастарға арналған жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың әсері. 2023 жылы тұрғын үй алуға берілген орташа сома – 15 млн теңге, ең жоғары сома – 2,1 млрд теңге», – делінген есепте.
Кредиттік бюро мамандары, банк секторы бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеден төмен деп қорытындылайды. Сонымен қатар базалық мөлшерлеменің өзгеруі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне әсер етпеген. Мәселен, базалық мөлшерлеме – қаңтар айында 16,75 пайыз, ал желтоқсанда 15,75 пайыз болғанымен, банктердің сыйақы мөлшерлемесі тұрақты болған.
«Қаңтарда ипотекалық кредиттер портфелі 5,8 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,3 пайызға жоғары. Жалпы соманың 61 пайызы – 2022-2023 жылдары берілген жаңа несиелер», – дейді бюро мамандары.
Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, қазір жылжымайтын мүлік нарығында қолжетімді ипотека аз. «7-20-25» қаржыландыру айтарлықтай төмендеген, ал Отбасы банкінің шарттары әп-сәтте өзгеруі мүмкін. Мұның бәрі сұраныстың төмендеуіне әкеледі, ал басқа бағдарламаларды қаржыландыру әлі басталған жоқ.
Сарапшының айтуынша, ипотекалық бағдарламалар жылдам ақша арқылы жылдам айналымды қамтамасыз етеді. Нарықта ақша айналымы артқан кезде, сәйкесінше көптеген жобалар басталады, құрылыс динамикасы артады. Сондықтан жеңілдетілген ипотека секілді жылдам құралдар болмаса, оның салдары да теріс болмақ.
«Егер тұрғын үйді пайдалануға беру туралы айтатын болсақ, 2,5 миллион адам әлі де тұрғын үйге мұқтаж екенін ескерсек, әрине қазіргі құрылыс көлемі жеткіліксіз деуге болады. Оның үстіне, 2024 жылы құрылыс көлемі төмендеуі ықтимал. Бұл, ең алдымен, инженерлік желілердің тозуы мен шектеулеріне байланысты. Мәселе тек Астанаға ғана қатысты емес, Қазақстанның әрбір қаласы үшін де өзекті. Осы себепті басқа қалаларда үлкен динамика көрсетеді деп ойламаймын», – дейді ол.
Тұрғын үй саласындағы трендтерге тоқталар болсақ, мамандар биыл тұрғын үй құрылысы аз болады деп сендіреді. Басты себеп – коммуналдық желілердің тапшылығы мен тозуынан бастап, ипотеканың жоқтығынан құрылыс салушылардың жаңа жобаларға салуға ресурсы тапшы.
Екіншіден, сұраныстың төмендеуі құрылыс компанияларының банкроттық қаупін арттырады. Сондықтан сатып алушылар үлестік қатысу шарттары бойынша мәмілелерге ерекше мән беріп таңдау керек және төмен бағаға сүйеніп, қызу шешім қабылдамаған абзал.
Сонымен қатар бастапқы нарықтағы пәтер бағасының орташа өсімі – айына 0,1-0,5 пайыз. Қайталама нарықта да төмендеуге ешқандай себеп жоқ.
«9-20-25» жаңа ипотекасын іске қосу тұрғын үй бағасын бірден 10 пайызға дейін көтеруі мүмкін. Егер инфляция мен базалық мөлшерлемені төмендету трендтері жалғаса берсе, онда 2024 жылдың аяғы мен 2025 жылдың басында ипотека құны жылдық 12 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.
Сарапшылар отандық экономика әлі де мұнай бағасына тәуелді екенін алға тартып отыр. Егер баға барреліне 80 доллардан аспаса, онда құрылыс нарығы да қиын ахуалға ұшырамақ.
Ипотека мөлшерлемелеріне қатысты мамандар несиелердің құны 2024 жылдың аяғы мен 2025 жылдың басында жылдық 12 пайыз деңгейінде болуы әбден мүмкін деген болжам айтады. Егер ЕДБ тәуекелге барғысы келмесе, онда олар ипотека құнын төмендетпейді.
Халық көптен күтуіне себепші болған «9-20-25» жаңа ипотека бойынша 9 пайыз қазақстандық нарықтағы ипотекалық несиелер арасындағы ең төменгі мөлшерлеме болмақ. Бұдан төмен тек «7-20-25» бағдарламасының пайыздық мөлшерлемесі еді. Бірақ ай сайынғы лимит белгіленгелі аталған ипотека бойынша несие алу қиындай түсті. Оны ипотекаға өтініш қабылдау басталған сәтте жарты сағатта өтініш қабылдаушы порталға орта есеппен 12 мың адам кіреді. Мұның бәрі тұрғын үйге деген сұраныстың әлі де өршіп тұрғанын көрсетеді.
Ал тұрғын үймен қамтамасыз етуге келер болсақ, сарапшылар көрсеткіш 8 жыл ішінде 4,7-ден 3,9-ға дейін жақсарғанын айтады. Дегенмен тұрғын үйдегі өмір сүру сапасы әлі де төмен. Мысалы, соңғы халық санағы бойынша бес және одан да көп адамы бар 756 мың отбасы бір бөлмелі пәтерлерде тұратыны анықталған. Сондай-ақ барлық үйлердің шамамен 30 пайызында кәріз және орталық су құбыры жоқ. Сондықтан тұрғын үймен қамтамасыз етуді ғана емес, сонымен қатар өмір сүру жағдайларын да қарастыру қажет.
Кәмила ЕРКІН