Мәжіліс депутаты елде құқықбұзушылықтардың алдын алу дұрыс ұйымдастырылмайтынын айтты.
«Заңды белден басып, ойына келгенін істейтіндер көбейді»: Депутат тиісті органдардың жұмысын сынға алды
838
оқылды

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев кейінгі кезде заңды белден басып, ойына келгенін істейтіндер көбейіп кеткенін айтты. Осы мәселеге қатысты Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутат тиісті органдар өз жұмысына салғырт қарап, құқықбұзушылықтардың алдын алу дұрыс ұйымдастырылмайтынын жеткізді.

«Күні кеше Қарағандыда болған оқиға – соның айқын дәлелі. Айдың күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп соққыға жығу – барып тұрған бассыздық. 

Құқық бұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жай ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат.

 Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік»,  деді депутат. 

Оның айтуынша, осындай оқиғалар елімізде жетерлік. Осы күнге дейін депутаттық корпус бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынса да, Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдамай келеді.

«Адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақ халатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғауымыз керек. Бұл уақыт күттірмейтін шешім!»,  деп нақтылады Е.Бейсенбаев. 

Депутат бұл бір ғана оқиға емес екенін айтып, Алматыда автобус жүргізушісімен болған қайғылы оқиғаны мысалға келтірді.

Осы тұста депутат бұл жағдайларға себеп болып отырған бірнеше факторға тоқталып өтті.

Бұл жағдай нені көрсетіп отыр? 

Ең алдымен, тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді. 

Екіншіден, көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін байқатады. Олар өз құқығын былай қойғанда, заң алдындағы міндеттері мен жауапкершілігінен де хабарсыз. Заң мен тәртіп бәріне бірдей қағидатын ұстану – әрбіріміздің міндетіміз.

Үшіншіден, Ұлттық құндылықтардан ада, әдеп пен ар-ұятты артта қалушылық деп санайтын, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді.  

«Бұл ешқандай жақсылыққа апармайды. Салдарын көріп отырмыз. Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін, әрбір азаматтың құқығы қорғалған, өз өмірі мен денсаулығына қауіптенбейтін Әділетті Қазақстанды қалаймыз және оны құрамыз.

Президентіміз айтқандай: «Бізде заң мен тәртіп бұзушылыққа төзбейтін жағдай қалыптасуы керек»,  деп атап өтті ол. 

Сондықтан уәкілетті органдарға келесі шараларды қолға алуды ұсынды.

  1. Құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тез арада табуы тиіс.
  2. Оған қатысты сотты ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету.
  3. Соңғы уақыттары адамның жеке басына қауіп төндіретін, тіпті оның өмірін қиятын қылмыстар қоғамдық сипат алуда. Сондықтан  тез арада кез келген қылмыстарға қоғамда мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыруымыз қажет.