Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Бас хатшысы Қайрат Сарыбаймен кездесті.
Сенат Төрағасы АӨСШК Бас хатшысымен кездесті
713
оқылды

Мәулен Әшімбаев Бас хатшыға ілтипат білдіріп, бүгінде АӨСШК-нің рөлі артып келе жатқанын және өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ Палата Спикері кеңестің Астанада өткен VI саммитінде айтылған бастамаларға назар аударып, оны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруды көздейтін Жол картасын іске асыру тетіктеріне тоқталды.

«2022 жылы Астанада өткен саммит кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станның 2022-2024 жылдары ұйымға төрағалығы кезеңіне арналған басымдықтарды айқындап берді. Олардың қатарында Еріктілер қозғалыстары көшбас­шы­ларының слетін өткізу, мүше мемлекеттердің жетекші университеттерінің әріптестік желісін құру, экология мәселелері бойынша жоғары деңгейлі конференция ұйымдастыру, орнықты өзара байланыс жөніндегі кеңес құру сияқты бастамалар бар. Сенат кеңесті институционалды тұрғыдан дамытуға арнал­ған міндеттерді іске асыруға заңнамалық қолдау көр­сетуге дайын», – деген Мәулен Әшімбаев қазір Палатаның тұрақты комитеттері мен ұйым арасында тығыз байланыс қалыптасқанын тілге тиек етті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалығына қатысты мәселелерді талқылады. Одан бөлек, жылдан жылға ұйымның географиясы мен қызмет аясының кеңейіп келе жатқаны айтылды. Нақты айтқанда, эпидеми­ология­лық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, фармацевтика, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыттары енгізілді.

Сонымен қатар кездесуде өркениеттер мен діндер арасындағы диалогті дамыту мәселесі кеңінен сөз болды. Осыған орай Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін дамытудың 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасы жөнінде айтып, алдағы уақыттағы бірлескен жұмыстың бағыт-бағда­рына назар аударды.

«Қазақстанның бастамасымен құрылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне был­тыр 20 жыл толды. Былтырғы қазан айында Астанада съезді дамытудың алдағы 10 жылға арналған тұжырымдамасын қабылдадық. Бұл ретте, Съезд хатшылығы дінаралық және өркениетаралық диа­логті одан әрі нығайту үшін халықаралық ұйым­дармен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі. Біз ұйымның сенім шаралары каталогында өркениеттер, мәде­ниеттер және діндер арасындағы диалогті дамытуға баса мән берілгенін білеміз. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге болады деп есептеймін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Мемлекет басшы­сының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыру аясында Палата атқарып отырған заңнамалық жұмыстар жөнінде айтты.