Бизнес өкілдері әлеуметтік зерттеулер жүргізуге және жоғары білікті кадрларды даярлауға қызығушылық танытуда.
ЕҰУ әлеуметтанушылары бизнес үшін зерттеу жүргізеді
1,960
оқылды

Халықаралық RIXOS желісінің бастамасымен Астанада Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Әлеуметтану» кафедрасының филиалы ашылды. 

«Rixos President Astana» қонақүйінде ЕҰУ кафедрасының екінші филиалы ашылды. Онда Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтанушылары бизнес үшін зерттеулер жүргізеді, бірлескен ғылыми жобалар жасайды, сондай-ақ білім алушыларға тәжірибелік және теориялық дәрістер өткізіледі.

 

«Бизнестің білім мен ғылымға деген қызығушылығы артып келеді. Серіктестеріміздің бастамасымен ұйымдастырылған кафедра филиалының ашылуы осыны дәлелдейді. Бірнеше жыл бұрын «Rixos President Astana» қонақүйінде университетіміздің «Туризм» кафедрасы филиалы іске қосылды. Бүгінгі таңда көптеген студенттеріміз «Rixos» қонақүйлерінде тәжірибеден өтуде, ал үздік түлектер қонақүй бизнесінде басшылық қызмет атқарады. Осылайша біз жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық орнатамыз. Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпіріндегі өндірістік орталықтарда ЕҰУ кафедраларының 74 филиалы жұмыс істейді», – деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

ЕҰУ кафедрасы филиалының ашылу салтанатына университет пен қонақүй өкілдері, жас ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Өз кезегінде «Rixos President Astana» бас менеджері Тансель Терджан қонақжайлылық индустриясын дамытудың маңыздылығына тоқталды.

«Қонақжайлылық индустриясы адам ресурстарымен қамтамасыз етілуі керек. Қазір «human to human»  қызметі бүкіл әлемде маңызды. Мен осы саладағы бірнеше мәселені анықтадым. Сондықтан біз ЕҰУ-мен ынтымақтастықты 2017 жылы бастадық. Осы уақыт ішінде біздің серіктестігіміз нығая түсті. «Rixos» қонақүйлер желісінде ЕҰУ студенттері өздерін еркін, өз университетінде жүргендей сезінеді. Біз өзара тиімді ынтымақтастық орнаттық және ортақ мақсат – ел экономикасы үшін кәсіби кадрларды даярлау», – деді ол.

Әлеуметтік ғылымдар факультетінің докторанты Жұлдыз Кәрім кафедра филиалы докторанттардың академиялық дағдыларын шыңдауға көмектесетін және ғылыми өсу үшін жаңа мүмкіндіктер беретін алаңға айналатынын атап өтті.

«Кафедрамыздың тағы бір филиалы ашылып, докторанттардың білімін, кәсіби және академиялық біліктілігін арттыруға мүмкіндік артты. Бұл бастама шетелдік әріптестерімізбен және ғылыми-зерттеу кеңістігімізбен ынтымақтастықты арттыруға көмектеседі», – дейді жас ғалым.

Айта кетейік, ЕҰУ-дың Әлеуметтік ғылымдар факультетінде екі мыңнан астам студент білім алуда.