Алматы облысында Абыхан Жексембеков атындағы орта мектепке «Педагогикалық өлшемдер» ғылыми-практикалық зертханасы ашылды.
Алматы облысында ғылыми-практикалық зертхана ашылды
2,773
оқылды

Жобаны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетімен бірлесіп жүзеге асырды. Бұл туралы Aikyn.kz AstanaTV-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Бастапқыда балабақша болған ғимарат Еңбекшіқазақ ауданында 1994 жылы алғаш қазақ мектебі болып ашылды. Қазір іргелі білім ошағына айналған мекемеде әр сынып заманауи тәжірибелік құралдармен, интерактивті тақтамен жабдықталған. Бүгінгі «Тұлғаға тағзым – Тәуелсіздік тартуы» республикалық конференциясында мектеп оқушыларының және ұстаздар қауымының жетістіктерін сараланып, жоспарлар талқыланды.

«Биылғы біздің ерекшелігіміз, біз Абай атындағы ұлттық педагогика университетімен «Педагогикалық өлшемдер» зертханасын ашып отырмыз. Бұл істен күтеріміз өте мол. Өйткені осы университеттің педагогтері, профессорлары, докторлары мұғалімдерімізге педагогикалық қолдау көрсетіп, ғылыми-практикалық жұмыстарға жетекшілік етеді. Осында келіп сабақ өтеді. Түзілген онлайн жоспарларымыз бар», – деді  А.Жексембеков атындағы орта мектептің директоры Гүлбахыт Қасымжанова.

Абыхан Жексембеков атындағы орта мектеп пен Абай атындағы ҚазҰПУ өзара меморандумға қол қойды. Оның негізінде жаңа зертхана филиалы өз жұмысын Абай атындағы университеттің Педагогика және психология кафедрасының жанында ашылған «Педагогикалық өлшемдер» ғылыми-зерттеу зертханасымен бірлестікте жүргізеді. «Педагогикалық өлшемдер» зертханасының мұғалімдерді даярлауда, мектеп пен университет арасындағы инновациялық ынтымақтастықтың жаңаша практикалық алаңына айналуға барлық мүмкіндіктері бар.

«Өздеріңізге белгілі бүгінгі таңда біздің елімізде жалпы 800 жайлы мектеп салынып жатыр. Ал биыл еліміз бойынша 400 жайлы мектеп салынбақшы. Осы жайлы мектептерге мұғалімдерді сапалы дайындау мақсатында біз, 10-11-сыныптан бастап мұғалімдік мамандыққа ерте кезден баулитын педагогикалық сыныптарды ашпақшымыз», – деді  Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков.

Жаңа ғылыми-практикалық зертхананың филиалы ұстаздарға біліктілігін арттырып, оқушыларға жаңа бағытта білім беруге жол ашады. Осылайша, мұғалімдер білім алушылардың арасында ерте бастан талапты педагогтерді дайындап шығаруға ниетті.