Жалған хабарламаны жіберу үшін 16 жастағы жасөспірім сыныптасының телефонын пайдаланған.
Ақтөбеде жалған хабар таратқан жасөспірімге қатысты іс қозғалды
836
оқылды

Ақтөбе қаласында терроризм актісі жөнінде жалған ақпарат таратқан жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Ресми мәліметке сәйкес, 1 ақпанда сағат 10:00 шамасында «112» телефонына қала мектептерінің бірінде теракт әзірленіп жатқаны және оқушыларға қауіп төніп тұрғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел қызметтер тексеру барысында хабарламаның жалған екенін анықтады.

Полицейлер мән-жайды зерттеу кезінде қоңырау шалушы осы мектептің жоғары сынып оқушысы екенін анықтады. Жалған хабарламаны жіберу үшін 16 жастағы жасөспірім сыныптасының телефонын пайдаланған.

– Терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.

Терроризм актісі туралы жалған хабарлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сонымен қатар аталған оқушының ата-анасын да жауапкершілік әрі жалған хабарлама салдарынан жедел қызметтерге келтірілген шығынды өтеу күтіп тұр.