Музейде 5 мыңнан астам экспонат бар.
Қостанайдағы қуыршақтар әлемі
Анар Қоныс
1,722
оқылды

Қуыршақтар әлемі – балалар үшін қызыққа толы әлем. Сондай жердің бірі Қостанай қаласында орныққан. 5 мыңнан астам экспонаты бар музей – елімізде біреу ғана. Мұнда тоқыма қуыршақтардан бастап, әр дәуірдің бейнесін бейнелеген ойыншыққа толы. Тіпті, көліктің түр-түрін топтастырып қойған. Елімізде осындай музейдің барын көпшілік біле бермейді.

Музей қаланың қақ ортасындағы қазақ-француз сауда орталығының 4-қабатында жайғасқан. Онда түрлі елдің әр дәуірдегі ойыншықтарын көре аласыз.

Жоғарыда айтылғандай, тоқыма қуыршақтарымен бірге, қалайыдан жасалған сарбаздар, миниатюралық велосипедтер, чебурашкалар. Мотоцикл, паровоз, пойыздан бастап, көліктің түр-түрі көзге түседі.

Мысалы, XIX ғасырдың аяғында қолдан құрастырылған машинаның металл моделі, бірінші бу машинасы, троллейбус көшірмелері бар. Арасында бұрандамалар мен бұранды сомынан құрастырылған трансформаторлар, ұшақтар, қару-жараққа дейін қойылған.

Бәрінен бұрын елдің қызығушылығын туғызатын дүние ол – біздің заманға дейінгі II мыңжылдықтағы мысырлық әйелдің бейнесі, фарфордан жасалған І Петрдің мүсіні, венециялық карнавал қуыршағы және үлкен теміржол. Тіпті, еуропалық модель қуыршақтарға дейін қойылған.

Ал орыс қуыршақтарының жиынтығы өзі бір әлем. Сабан шөптен жасалған кішкентай қыздың бейнесі ғана емес, той көйлегін киген бойжеткенге дейін бар. Заманына ілескен бүгінгі күннің қуыршақтары Барби мен Кеннді де жүздестіресіз.

Осы қуыршақтар арасында өзімізге ыстығы – қазақ қыздарының бейнесі. Ұлттық нақышта киінген қыздарымыз бейне бір ауыл ішіне жүргендей. Өйткені ою-өрнектеп киіз үйге дейін қойылған.

Бастысы – музейдегі экспонаттың қай-қайсысын алса да өзіндік өзгешелігі бар. Оған қоса, кез келген жан музейдің коллекциясына өз үлесін қоса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, музейдің негізін қалаған бір саяхатшы. Өзін жария еткісі келмеген. Бірақ олар болашақта коллекцияны едәуір кеңейтіп, орталық мұражайға айналдырмақ.