Дәрігер қай заманда да қастерлі мамандық саналған. Жауапкершілік жүгі салмақты, ат­қаратын жұмысы маңызды бұл салаға екінің бірі өмірін арнай бермейді.
Білікті басшы, білімді дәрігер
3,862
оқылды

Бүгінде қалалық емханаларда кездесетін дәрігер мамандар­дың тапшылығы да содан ба, қалай? Маман­дыққа әркім әрқилы жолмен келеді. Біреу бала күнінен арман етеді. Енді біреуге орта әсер етеді. Себебі сан түрлі...  

Қазақстанның құрметті азаматы, Денсаулық сақтау саласының үздігі, елімізге танымал дәрігер Азамат Мағзұмов бала күнінде құрылысшы-инженер болуды армандапты. Әсершіл жастың бала қиялына бұлайша қанат бітуіне себеп те жоқ емес. Заманында ауыл-ауылға студент жастардан жасақталған құры­лыс отрядтары жиі келіп тұратын уақыт өткен. Оның соңғы қарлығаштарын біздің ұрпақ та көріп қалды. 

Бала Азамат та студенттердің айлы кештегі әсем әндері мен өзара қалжыңдасқан әзіл әңгімелерін сүйсіне тыңдап, олардың Торғай өзеніне қармақ салған демалыс сәттеріне қызыға қарайтын. «Шір­кін, мен де оқуға түсіп, студент болсам» деген арма­ны құрылысшы-инженер болуға жетелейтін. Әрбірден соң өз әлемінде осы ойға бекіп те қойған. Әйтсе де «Адамның айтқаны емес, Алланың қалауы бо­лады» деген бар. Оның үстіне келешегіне темірқа­зық болған әкесі демікпе дертімен ауыратын. Есейе келе «Әкем­нің еміне септігімді тигізсем» деп ойлай бастады. Әрі Қарағанды медициналық институтынан талапкер тарту мақсатымен келген мұғалімдердің ауыл балаларына жүргізген насихаты да әсер етіп, алғашқы ойынан айнуға тура келген. Сөйтіп орта мектепті бітірген жылы өндірісті қалаға жол тартты. Қарағанды талапты жасты жатсынған жоқ. Жолы болып, медициналық институтқа оқуға түсіп, 1978 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 

Азамат Белгібайұлының өмірбаянына көз салған жан оның әкесінің қызмет жолымен ұқсастығын оңай байқар еді. Кейіпкеріміздің өмір жолын сара­лаған тұста атадан перзентке жұғатын жағымды әдет, қанмен келетін кісілік қасиет, көру арқылы қалып­тасатын жүріс-тұрыс қана емес, жұмыс істеу стилі де әкенің әсерінен болғанына көз жеткізесің. 

Әкесі Белгібай Мағзұмұлы – Кеңес Одағы тұсында Торғай өңірінің бірнеше шаруашылығында басшылық қызмет істеген азамат. Ол кісінің қай жерге барса да жұмысты ұршықша иіріп, адал ең­бегімен бедел жинап, абыройы артып отырған­дығын және өте тілді, айтқыш болғанын көз көргендер әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Ақсақалдың айтқан­дары кітапқа да енген. 

Азамат ағамыздың да екі облыстың денсаулық са­ласында басшылық қызметте болып, барған жерінде жақсы нәтиже көрсетіп, қол астындағы қыз­меткерлері мен қаралушы адамдардан алғыс пен ризашылық алып, білікті дәрігер-терапевт болуының аржағында әкенің негізі жатса керек. Жұмыс бабы­мен әр ауылға қоныстанған әкенің табандылығы, кіріскен ісінен жақсы нәтиже шығаратын еңбек­қорлығы бала Азаматтың кішкентай кезінен көргені мен түйгені еді. Сол себепті әкеден көріп, көңілге түй­гені өзі араласқан жұмыста жемісін берді.

Белгібай ақсақал – бір атадан жалғыз. Ал ол кісінің кіндігінен бес ұл, екі қыз тарайды. Азамат аға – баланың тұңғышы. 1954 жылы 5 ақпанда Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қарғалы ауылында дүние есігін ашқан. Әкесінің қызметі ауысқан сайын бала Азамат та жаңа мектептің табалдырығын аттап, бө­тен балалардың ортасына түсетін. Бұл кейіпкеріміздің кейін есейе келе жаңа ортаға тез бейімделгіштігіне бала күнінен дағдыланғандығын көрсетсе керек. 

Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған Азамат Белгібайұлы туған Торғайдың дәуірлеп тұрған тұсында облыстық ауруханада терапевт дәрігер болып еңбек жолын бастаған. Содан бергі 46 жыл уақытта Торғай, Солтүстік Қазақстан облыстарында бас дәрігердің орынбасары, бас дәрігер, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірінші орынбасары болып абыройлы еңбек етті. 

Бүгінде ол Солтүстік Қазақстан облысы әкім­дігінің Денсаулық сақтау басқармасына қарасты Кардиологиялық орталығында бас дәрігер болып еңбек етеді. Білікті басшы, талантты дәрігер осы жылдар ішінде қос облыстың денсаулық сақтау ісіне өлшеусіз үлес қосты. Ұзақ жылғы мінсіз еңбегі, ақжарқын ашық мінезі, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті оны шексіз құрметке бөледі. 

Азамат Белгібайұлына жаңадан ашылған Кардиологиялық орталықтың жұмысын жолға қою жолында аянбай тер төгіп, тынбай еңбек етуге тура келді. Оқуды жаңа бітіріп келген, тәжірибесі жоқ жас дәрігерлерге ашық жүрекке ота жасау оңай емес. Азамат Белгібайұлы мұның да жолын таба білді. Алматы, Астана, Қарағанды қалаларынан жоғары білікті, тәжірибелі мамандарды шақырды. Орталық дәрігерлері де АҚШ, Германия, Жапония, Оңтүстін Корея, Израил, Италия, Швейцария, Ресей, Литва, Сингапур, Франция сияқты алысты-жақынды ше­телдердің медициналық орталықтарында тәжіри­беден өтіп, шеберліктерін шыңдады. 

Арқалықта қызмет істеген жылдары облыс бас­шылығы Студенттер қалашығында тозығы жетіп, жағдайы төмендеп, жұмыс жүйесі құлдырап тұрған аурухананы жөнге келтіруді Азамат Мағзұмовқа тапсырғаны бар. Ғимараты жөндеу көрмеген, дәрі­герлері ауа жайылған, медбикелері тәртіпті ұмытқан ұжымға Азамат аға аянбай тер төкті. Бара салысымен ғимаратты күрделі жөндеуден өткізді. Қыз­мет­керлерді тәртіпке салуға күш салды. Өз дегені­мен жүріп, үйреніп қалғандарды жұмыстан шығаруға тура келді. Білек сыбана кірісіп, дұрыс іс жүргізілсе, міндетті түрде нәтиже болатынын білетін бас дәрігер жағдай реттеле бастаған соң білікті кадрларды жұмысқа тартты. Көкшетау, Жезқазған облыстарына тәжірибе алмасуға барып, олардың жасаған жүйесін енгізді. Қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, жағдайын жасады. Ол заманда еңбек еткен маман бүгінгідей емес, дұрыс бағаланатын еді ғой. Сол тұста өкімет тарапынан медициналық сақтандыру деген жаңа жүйені енгізуге пәрмен беріліп, ауруханалардың жаңашылдыққа қадам жасап жатқан кезі. 

Бір күні Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов бастаған Үкімет адамдары мен сала мамандары сау ете қалады. Көкшетау, Жезқазған облыстарын аралап, оларға жақсы баға беріп келе жатқан тексерушілердің Арқалықтың ауруханаларына көңілі тола қоймайды. Азамат Белгібайұлы басқарып отырған ұжымға келген Иманғали Нұрғалиұлы алдыңғы аралаған ауруха­налар өлшемімен бұған да күмәндана қарайды. Өзіне сенген, күні-түні тынбай жұмыс жүргізген Азамат аға Премьер-Министрдің орынбасарынан ауру­хананы аралап шығуын өтінеді. Имекең ішке кірмес бұрын сырттағы дәрігерлерден жалақысын сұрайды. Облыстық ауруханадан екі есе артық айлық алатын дәрігерлер ризашылықпен жауап береді. Әрі бас дәрігердің еңбегін де атап өтеді. Емделушілер тара­пынан да жақсы лебіздер естіледі. Сонымен қатар Үкімет талабы бойынша жаңа жүйенің де енгізілгенін көрген тексерушілер Азамат Мағзұмовқа риза болып, алғысын білдіреді. Ертеңіне облыс бойынша қорытынды жиналыста Азамат Мағзұмов басқарып отырған жалғыз аурухана талапқа сай мекеме ретінде аталып өтіледі. 

Азамат Белгібайұлы еңбек еткен жылдар ішінде өзін шебер ұйымдастырушы, бастамашыл және талапты басшы ретінде көрсете білгенін жоғарыдағы мысалмен дәлелдегендейміз. 

Құдай қосқан қосағы Назкен Ахмадиқызы үш бала тәрбиелеп өсірген. Олардан он немере сүйіп отыр. Немеренің үлкені Ділназ атасының жолын қуып, дәрігер болуға шешім қабылдаған екен. Бү­гінде С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық меди­циналық университетінің студенті. 

Бұрындары Назкен жеңгемізді орманынан орысы көп елдің қызы деп, сыртынан ғана білуші едік. Сөйтсек, қаймағы бұзылмаған қазақы тәр­биеден қанып ішкен, ұлт үшін басын бәйгеге тігуге даяр жан екен. Келін боп түскен елдің өз қызындай. Торғай­лық­тарды төркініндей түгендеп отырады. Басы аурып, балтыры сыздаған жерлестеріміздің дені дертіне дауа іздеп, Қызылжарға сабылады ғой. Жең­геміз солардың бірін де ақ дастарханынан дәм татыр­май жібермейді. Асты-үстіне түсіп, бәйек болып жүргенін көзіміз көрген. Дүниеде өмірін ерінің жо­лына арнап, азаматының абыройын асқақтатқан бір адам болса, ол – Назкен жеңгеміз екеніне ешкім дау айта қоймас. Өйткені ол кісі адамға қуаныш сыйлау мен жақсылық жасау үшін ғана жаралған. 

Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген даналық сөзі бар. Біздің білумізше, осы үш асыл қасиеттің бәрі де Азамат Белгібайұлының өне бойынан табылады. Кісілігі мен кішілігі жарасқан ағамыз қандай лауа­зымда болса да, қай кезде де өзін қара­пайым, жайдары ұстайтын қасиетімен ерек­шеленіп келеді.

– «Дәрігер біріншіден, сарапшы бола білуі керек. Бұл бізден жан-жақтылықты талап етеді. Көп жылғы тәжірибемді жас маманға үйретіп келемін. Па­циенттермен де тілдесіп, көрсетіліп жатқан меди­циналық қызметтің олқы тұстары болса, оны анықтауға тырысамын. Медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыру заман талабы» – дейді кейіпкеріміз.

Халықтың денсаулығын сақтау жолында еселі еңбек пен тамаша табыстың үлгісін көрсетіп жүрген дәрігер ағамызға ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тілейміз!

Мұхарбек ЖӘКЕЙҰЛЫ