Соңғы жылдары жолсыз саяхат сәнге айналды. Қазір офроуд (түбірі ағылшын сөзінен шыққан: off-road – жолдан тыс, жолсыз) экспедициямен айналысатын агенттіктер саны күн санап көбейіп келеді.
Бізге қымбат барлық жол
636
оқылды

Әлемде адам аяғы тимеген табиғат тамашалары жетіп артылады, о баста сондай сұлулықты көруге құштар жиһанкездердің ғана ермегі болған бұл саяхатқа кейіннен экстремал күйді сүйетіндер қосыла бастады. Бүгінде психологияға «тәуелді» қоғамда өзін-өзі тануға әуес қауымның да қызығушылығына айналған.

ХХ ғасырдың басында автокөлік өнеркәсібі дамыған уақытта адамдар арасында жеке көлікпен саяхаттау мәдениеті қалыптаса бастады, әйтсе де, туризмнің бұл түрі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қарқынды дамыды. Бұл кезеңде толық жетекті автоның экзотика санатынан жалпы қолданысқа өтіп, жол талғамайтын көліктерге сұраныс артты. Оның үстіне, көптеген дамуға бет бұрған ел ұзын-сонар тасжол салу ісімен белсенді айналысты. Осылайша, ХХ ғасырдың бел ортасында автотуризм алдымен АҚШ-та қарқын алды, ол жақтағы азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына байланысты тіптен жалпы сипатқа ие болды. Одан бертін Еуропа мен Азия елдерінде дамып, көлікпен саяхаттау түрлене бастады. Бүгінде ең танымалының бірі – офроуд.

Табиғат тамашасына тоймайсың

Жолсыз саяхатқа жеке шығатындар аз, олар көбіне ұжымдасып саяхаттайды немесе арнайы компанияның көмегіне жүгінеді. Соңғы сегіз жылын жолсыз саяхатқа арнаған Евгений Козлов жылына кем дегенде төрт сапарға шығады екен. Алғашқыда ел ішін аралайтын жиһанкез бүгінде көрші мемлекеттердің көрікті жерлеріне саяхаттап жүр. 

«Өзім Талдықорғанның тумасымен. Әкем әскери қызметкер болғандықтан, көшіп-қонып жүретін едік. Ағам екеуіміз бала күнімізден саяхатшымыз деуге бо­лады. Әкем зейнетке шыққан соң Талды­қорғанға тұрақтады, мен де сол жерде жұмыс істеп, ата-анаммен бірге тұрған едім. Он шақты жыл бұрын Алматыға қо­ныс аудардым. Саяхатқа деген қызығу­шылығым осы уақыттан басталды деп ойлаймын. Әр демалыс, сенбі-жексенбі сайын қаланың сыртындағы тау-тасты аралап кететін едім. Сөйтіп жүріп тауға шығатын, сол жерде шатыр құрып түнейтін жақсы достар тауып алдым. Оларға ілесіп, Алматы маңындағы тау шыңдарын бағындыруды әдемі әдетке айналдырдық. Мұндай басқосуларда түнімен отты айнала отырып, таңға дейін саяхат туралы әңгіме айтатын едік», – деп бастады әңгімесін Евгений. 

Кейіннен ол көлікке жинап жүрген ақшасын жолсыз саяхатқа жұмсап жі­берген. Өйткені тауға шығатын ұжымында­ғы бір досы Ресейдегі офроуд саяхатпен айналысатын бір топқа қосылып, Баш­құртстан Республикасына жол сапарлап қайтады. 

«Диас досымның Башқұртстанға алты күндік саяхатынан алған әсерін тыңдап, сол түні көз ілмедім десем болады. Әлгі офроуд командаға қосылғым келгені сон­шалық, жеңіл көлік алуға жинап жүрген ақшамның жартысын төлеп, менің де Башқұртстанға жолым түсті. Маусым айы болатын, алғашқы жолсыз саяхатым күні кеше болғандай, әліге дейін есімде. Башқұртстанның жабайы табиғаты – орман-көлі, тау-тасы, үңгірі – бәрі-бәрі сондай таңсық, соншалық тылсым еді. Мұндай мәдени сапар таным-көкжиегіңді ашып, түрлі сезімге бөлейді. Рухани байып, тынығып қайтқан едім», – деп есіне алады жиһанкез. 

Бұл сапарынан келген бойда Евгений қосымша жұмысқа тұрып, көлікке мей­лінше тезірек ақша жинауға бел буады. Жарты жыл ішінде қажет сомаға толтырып, жастарға ұнайтын сәнді жеңіл көлік емес, «Нива» сатып алады. 

«Талдықорғандағы көршіміз Василий ағайдың «Нива» көлігін сататынын естіп, қолымда бар ақшамды беріп, брондап қойдым. Ол кісі өте ұқыпты, көлігін күтіп ұстайтын еді. Сөйтіп, жарты жыл дегенде қалған сомасын төлеп, «Ниваның» кілтін қолыма алдым. Талдықорғаннан Алматыға дейін айдап келе жатып, қиялымда түрлі саяхатымның жоспарын сызған едім. Жолай Қапшағайдың жағасына тоқтадым. Екі қаланың арасында арлы-берлі талай рет өтіп жүреміз, бұл көлдің маңына жолай сан мәрте аялдаған да едім. Алайда бұл жолы бәрі басқаша болды, ол кезде айна­ламды, әдемі айдын көлін, сырға толы табиғатты саяхатшы сезімімен жақсы көріп тұрдым», – дейді Евгений. 

Бүгінде оның еліміздің барлық дерлік өңіріне табаны тиген. Республикамыздағы ұлттық табиғи парктерге, тылсымға толы елді мекендерге жол талғамайтын көлікпен жетіп, ондағы тіршілікпен танысуға құмар. Кей сапарына досын, ағасын, жұбайын ертіп шығады екен. Былтыр әкесімен Қатонқарағайға жүрген сапарынан ерекше әсер алған. Жалғыз баратын саяхаттары да аз емес. Женяның айтуынша, елімізде, әлемде табиғаттың таңғалдыратын тамаша жері көп және олардың бәрін көріп-біліп біте алмайсың. 

«Бір барған жеріңе екінші рет жолың түскенде мүлдем бөлек әсер аласың. Оның үстіне, жылдың әр мезгілінде табиғат құбылып, түрлі түсті реңкке бөленеді. Мұның қай-қайсысына да тоймайсың. Қазір офроуд менің саяхатым ғана емес, болмысыма айналды деуге болады. Жол­сыз сапарға шығуға ниеттеніп жүргендерге кеңесім, өзіңіз тұрып жатқан елді мекеннің айналасындағы табиғатты танудан бастай беріңіз. Сапарыңызды кейінге шегер­меңіз», – деп түйді саяхатшы. 

Сабырлы болсаң ғана сапарға шық

Евгений сияқты жолсыз саяхатқа жалғыз шығуға жүрегі дауалайтындар аз. Өйткені бұл көбіне көп қауіпсіздігіне кепілдік жоқ сапар. Сондықтан мұндай туристік саяхат қызметтерін ұсынатын мамандандырылған агенттік көп. Олар маршруттарды жобалаумен, қонақүй, кем­пинг, жатақхана таңдаумен, паромдарды брондау және виза рәсімдеумен айналы­сады. Қауіпсіздігі төмен, жайлылығы аз саяхат болса да, офроудтың тартымдылығы артып отыр. Өйткені мұнда туристер сапа­рын өз бетінше және ешкімнің көмегінсіз жоспарлау мүмкіндігіне ие, экстремалды көңіл  күй, тың сезім, тылсым әсер, жаңа­ны тануға себеп көп. Арнайы агенттіктер ел ішінен бастап елден тыс мемлекеттерге түрлі сапар ұйымдастырады. 2022-2023 жылы трендте болған офроуд маршруттар­дың үштігі – Иран, Моңғолия, Мысыр. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстандағы офроуд ұжымдар Қазақстанға да жиі сапар­лап тұрады екен. Біздің елде шетелдік туристер үшін тартымды мекендер: Көлсай, Шарын, Бозжыра және тағы басқалары. 

Off-road expedition компаниясының жетекшісі Расул Антоновтың айтуынша, пандемия кезінде үйде отыруға мәжбүр қылған карантиннен кейін жалпы серуен­деу, пикникке шығу, саяхаттау, соның ішінде жолсыз сапарлауға деген сұраныс артқан. Жылына 6-8 сапар ұйымдасты­ратын ұжым офроуд сапар барлық адамға бірдей ыңғайлы бола бермейтінін айтады. 

«Бізге көбіне көп саяхаттауға аса құш­тар жандар жаңа қызық іздеп жүргендер қосылады. Бұдан өзге өзін-өзі іздеп жүр­гендер, сабырын сынап көргісі келгендер де ниет білдіріп жатады. Сапарға шық­пастан бір ай бұрын барлық маршрутты, бетпе-бет келуіміз мүмкін түрлі кедергі мен қиындықты ашық айтып түсіндіреміз. Саяхатқа шықпай тұрып қорқып, айнып қалатындар болады. Өйткені жолда көлік бұзылып қалуы мүмкін, көбіне байланыс аясынан тыс жерде болатынымыз бар және тағысын тағылары. Әйтсе де, бұл сапарға барып-келген соң өкінгендер болған емес», – дейді Расул. 

Офроуд сапардың бағасы әртүрлі. Бұл ұйымдастырушы агенттікке, жолға шыға­тын көліктің түріне, баратын жердің алыс-жақынына, тап болатын кедергілер және басқа да себептерге байланысты түрлене береді. Елімізде жолсыз сапарға шығатын агенттіктердің ел ішіндегі ең арзан сапары 200 мың теңгеден басталады. Ал Африка елдеріне сапарлайтын компа­ниялардың пакеті  3000-4000 доллардан басталады. 

Бүгінде офроуд сапарға шығатын блогер-саяхатшы көп. Мақаланы соның бірі – YouTube-тегі «дОроги дорОги» арнасының авторы Евгений Шаталовтың сөзімен аяқтағымыз келіп тұр: «Біздің ұранымыз «Бремен музыканттарының» әнімен үндес – «Нам любые дороги дороги». Өйткені бізге офроуд сапардың әрқайсысы қымбат, қызық, ұмытылмас. Оның саяхатшылардың ерекше махабба­тына ие болуы сондықтан».

Асыл ТҰМАР