Бүгінде ғалам түрліше құбылып, адамзат сол ауыспалы өзгерістің ортасында өмір сүріп жатыр десек те болады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы мың өзгеріс, тың жаңалықтарымен әлемді ғажайыптарға кенелтуде.
Аспалы бақтың түрлі кереметі
1,926
оқылды

Ауыл шаруашылығы деп айтқанымыз болмаса, бүгін бұл саланы қаланың дәл ортасында отырып гүлдендіре беруге болады. Мұны қазір Agri city деп атап жүр. Демек, шаруашылықпен айналысқыңыз келсе, міндетті түрде ауылға барып, егін егудің керегі жоқ. Қажет болса, қалада отырып-ақ бақша өсіріп, өнім жинауға болады екен. Ол үшін кең дала, керемет бақшалық та қажет емес. Ебін тапқандар Еуропада жетіп артылады. Көрші Қытайда да қабырғаға гүлдесте құрып, өмірін гүл қылып отырғандар баршылық. Мұндай бақшалықты жұрт қазір «Аспалы бақ» деп атайды.

 Аспалы бақ дегеніміз не?

Бүгінде аспалы бақ ландшафт дизайнының танымал бөлігіне ай­налуда. Аты айтып тұрғандай, өсім­діктер әдеттегідей көлденең емес, тігі­нен отырғызылады да, айналаға ерекше көрініс береді. Мұны техно­ло­гиялық жетістік деп атасақ та болады. 

Мұндай бақ – көбіне гидропониканың көмегімен тік аспалы панельдерде өсімдіктерді өсіру үшін арнайы құрылғылар қабырғаға бекітіледі де сол жерге көшет егіледі. Көптеген заманауи аспалы бақ дұрыс күтім жасаған жағдайда ондаған жылдар бойы гүлденіп тұра береді. 

«Біздің елде климаттық жағдайға байланыста аспалы бақтар өсірілмейді. Еуропаға тәжірибе алмасу мақсатында барған кезде мұндай бақтардың алуан түрімен таныстым. Бізде мұндай бақшалар тек белгілі бір мақсатта сәндік үшін ғимараттың ішінде өсіріледі. Бірақ мұнымен әуестенетіндер өте аз. Негізі, бұл да бір мәдениет. Қазір үй жағдайында терезенің алдына немесе балконда гүл өсірумен айналысатын әуесқой жандар көп. Олар үйлерінің терезесінің алдын немесе балконды түгелдей гүл ыдыстарымен толтырып тастайды. Бөлме тола гүлмен ыдысқа сіресіп тұратын үйлерді жиі көреміз. Мұндай жандар аспалы бақшалықты меңгеріп алса, орынды үнемдеуде үлкен мүмкіндік болатыны сөзсіз еді. Сондықтан қабырғаға гүл өсіруді үйренуіміз керек деп ойлаймын», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі, жас ғалым Арманжан Абеуова.  

Аспалы бақтарды кеңселерде, мейрамханаларда немесе кез келген мекеменің ауласында да, тіпті үй ішінде де орнатуға болатынын түсіну маңызды. Мұндай бақтар өзге өсімдіктерге тамаша балама болып табылады екен. Гүл құмыраларының көп орын алатыны рас. Өзі аз орынды одан сайын ығыстырып тастайды. Сондықтан Арманжанның пікірінің жаны бар. 

Қазір Ресейде де осындай аспалы бақтар үлкен сұранысқа ие бола бастаған. Ал Украинада Green Garth деген компания аспалы бақ орнатумен айналысады. 

Компания командасы вестибюль, қоғамдық жолдар немесе конференц-залдар мен дәліздерге аспалы бақша салады. Тіпті, арнайы дизайнға тапсырыс беріп, қалауыңызша безендіре беруге де болады. 

Желекті қабырғалар қай жерде болады?

Аспалы бақтардың өзі бірнеше түрге бөлінеді. Біріншісі – тірі жасыл, мүк және жасанды жасыл желекті қабырғалар. Жасанды жасыл жапырақ қабырғаның сәні болғанымен, мәні бола бермейтіні шындық. Алғашқыда әсем болып көрінген жасыл желек қабырғаның жасанды жапырақтармен безендірілгенін көріп, бірден көңілің суып қалатыны рас. Тірі жасыл шөппен көмкерілгені болса, әрине қызыға қарайсың, тіпті жанынан алыстап кете алмай байланасың. Ал мүк қабырғалардың өзіндік бір құпиясы болады. Себебі мүк басқан қабырға тым көнелік пен өзіндік эстетикалық стильді еске салғандай әсер қалдырады екен.

«Аспалы бақшаны қай жерде орналастырса да болады. Жасыл желекке күн сәулесі түсетіндей орын болса жеткілікті. Мұны қонақүй фойесі немесе үйлердің қабырғасына да өсіруге болады. Ең бірінші, қоршаған ортаға жайлылық пен адамға ерекше сезім ұялататын құпиясы бар. Сонымен бірге ауаны баптап тұратын қасиетке ие. Қазір үлкен ғимараттардың барлығын әйнектен салып жатыр. Міне, осы әйнек үйлердің бір қабырғасына аспалы бақша орнатса, бұл енді керемет болар еді», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алтын Шаяхметова. 

Расымен де, қазір әйнек ғимараттардың қаптап кеткені шын. Экологтердің пайымдауынша, әйнектен тұрғызылып жатқан алып ғимараттар жергілікті климатқа да өзінің кері әсерін тигізіп, ауа температурасын өзгертеді екен. Әсіресе, ауа баптағыш болмаса, әйнек үйлердің іші жазды күндері күйіп кететіні тағы бар. Сондай үйлерге тік бақшалық таптырмас пана болмақ. 

«Үй ішіндегі қабырғаларға папоротниктер, фикус репенстері, пилея, калатея және түрлі шырмауық гүлдері жақсы сән береді. Бұлар – жасыл қабырғаларда қолданылатын өсімдіктердің ең танымал түрлері. Бірақ әркім өзінің қалауынша баптап, түрлі гүлдерден гүлдесте құруына да мүмкіндік зор. Тек технологиясын меңгеріп алса болғаны», – дейді астаналық агроном әрі бөлме гүлдерін өсірумен айналысып жүрген бақташы Рауза Сағынтай. 

Аспалы бақтар табиғи таза ауа жүйесін реттеумен бірге қаладағы толассыз шуылды азайтуға да септігін тигізеді. Бүгінде Оңтүстік Корея елінде адамдар өз жұмыс орындарына шағын да болса аспалы бақша мен гүлдесте өруді сәнге айналдырған. Себебі олар гүл мен жасыл желек ауадағы кислородтың мөлшерін молайтып, ми жұмысының жақсы қызмет атқаруына көмектесетінін дәлелдеген. 

Алып бақтар

Қазірдің өзінде әлемнің әртүрлі елдерінде көптеген ғимараттың қасбеттерінде орнатылған мұндай бақтарды күнде болмаса да ғаламтордан байқап қалып жатамыз. Мұндай ашық бақшаларда мүк, жүзім және басқа да өсімдіктер өсіріле береді. Олар көбінесе ашық ауада орнатылғандықтан ерекше сипатқа ие болады. Ашық даладағы аспалы бақтардың табиғи топырақта өсірілгені тиімді. Себебі мұнда тікелей күн сәулесі мол түсіп, бақшаның гүлденуіне ерекше жағдай туғызары сөзсіз. Бұл ауланы ерекше сәнге бөлеп тұрудан бөлек, өнім алуға да мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстанның оңтүстігінде мұндай тік бақтарды жүзімдік деп те атай береді. Жүзімнен бөлек, өзге де шырмауық гүлдері арқылы аспалы бақтардан түрлі саяжайлар мен дәмханаларды безендіріп жататындарды білеміз. Ал алып ғимаратты түгелдей баққа айналдырған жандар да бар екен. 

Мысалы, италиялық сауда орталығының қабырғасындағы үлкен бақ Гиннестің рекордтар кітабына еніп отыр.  

Розанно қаласындағы сауда орталығының қабырғаларында тұрған бұл бақ 1 263 шаршы метр аумақты құрайды. Дизайнерлер өсімдіктердің рекордтық санын шамамен 44 мыңға жеткізген. Жобаны жүзеге асырған италиялық сәулетші Франсиско Болланиның командасы өсімдіктерді бір жыл бойы өсіріп, оларды коммерциялық ғимараттың қабырғаларына орналастыру үшін тағы 90 күн жұмсағанын атап өтті. Бір қарағанда, ғимарат топырақ қабатымен жабылған сияқты көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде бұлай емес, өсімдіктер қабырғаларға бекітілген арнайы контейнерлерге отырғызылады. Аспалы бақ отырғызудың бұл инновациялық технологиясы өте қымбат болып шыққан. Шамамен, жоба құны 1 миллион еуроға бағаланып отыр. 

Аспалы бақшаны құрудың мақсаты – таза эстетикалық ғана емес, бұл жоба сәулет шедеврін жасауға бағытталғанын айтады сауда орталығының директоры Симоне Рао. Оның айтуынша, сауда орнындағы бақ энергияны үнемдейтін қондырғы қызметін атқарып отыр екен. Қабырғаларға отырғызылған өсімдіктер бөлмедегі температураны реттеуге, келушілерді тікелей күн сәулесінен қорғауға, көмірқышқыл газын сіңіруге және шу деңгейін төмендетуге көмектесетін көрінеді. 

Ал Германиядағы Гиссен деп аталатын университеттік қалада ерекше үй бар. Ескі үйді менеджер Холгер Лайк пен профессор Фолькер Виссеман бірлесіп жасыл желекке айналдырған. Келушілердің қызығушылығын тудыратын жасыл үй бүгінде ескіріп кеткен көрінеді. Десе де, жасыл үй әлі де болса келушілерге есігін айқара ашып отыр. Алдағы уақытта бұл үйге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмек көрінеді. 

Қашан пайда болды?

Аспалы бақтарды құру идеясы ежелден-ақ адам санасында қалыптаса бастағаны белгілі, интернет тік бақша идеясын алғаш рет 1988 жылы Парижде пайда болды деп жазады. «Идеяны француз ботанигі және дизайнері Патрик Блан өмірге алып келді» дейді. Әрине, біз бұл тұжырыммен мүлде келіспейміз. Себебі тарихи деректерде, тіпті көне жазбаларда Эрам бағы, Иранның аспалы бағы туралы деректер бар. Әйгілі және ең ежелгі тарихи бақтардың бірі болып саналатын өнер туындысы Ильханидтер кезінде (шамамен 654–750 жылдар) қаланған екен. Содан бері қабырғалар мен шатырларды «көгалдандырудың» ұқсас әдісін көптеген ландшафт дизайнерлері сәтті қолданып келе жатқанға ұқсайды. 

Сонымен қатар тарихта Семирамида аспалы бағы – Вавилонның патша сарайындағы алып құрылысты да айтпай кетуге болмас. Бұл – әлемнің жеті кереметінің бірі. Аталмыш сәулет туындысы ежелгі дәуірде билік жүргізген патша Навуходоносор ІІ-нің бұйрығымен өзі тұратын сәулетті сарайдың кең ауласында тұрғызылған екен.

Тарихи деректерге қарағанда, Навуходоносор б.з.б. 605–562 жылдар аралығында патшалық етіп, Вавилон империясын құрған. Вавилон қаласының атағын әлемге танытудағы тағы бір көрініс дәл осы бақ болса керек. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Сондықтан аспалы бақшалықты 1988 жылы Парижде пайда болды деп пайымдау жаңсақтық болар. 

Сонымен, сыртқы бақтар қабырғалар мен қаспеттерге сән беріп қана қоймай, ауа температурасының ауытқуынан, ультракүлгін сәулеленуден және қатты жаңбырдан, дыбыстың өтпеуінен тамаша қорған бола алады. Ең бастысы, орын үнемдейді. Жергілікті жағдайлар әртүрлі болуы мүмкін, соған қарай қабырғаларға арналған өсімдіктер де климатқа байланысты таңдалады. «Егер аспалы бақша салу жұмысын қолға алсаңыз, алдымен өсімдіктің түрін саралап, қоршаған ортаға әсерін біліп алған абзал», – дейді мамандар. 

Бердібек ҚАБАЙ