Бұқар жырау ауданы Ғабиден Мұстафин атындағы ауылдың әкімі мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылды.
Қарағанды ​​облысында ауыл әкімі 15 тәулікке қамауға алынды
Фото: Тұрар Қазанғапов
4,791
оқылды

Қарағанды ​​облысында ауыл әкімі 15 тәулікке қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Бұқар жырау ауданы Ғабиден Мұстафин атындағы ауылдың әкімі мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылды.

Әкімді қамауға алу және оны жүргізуші құқығынан айыру туралы қаулы Бұқар жырау аудандық №2 сотының қаулысымен шығарылды. Сот кеңсесінің мәліметінше, ауыл әкімі қызметтік көлік тізгіндеп келе жатқанда, 2024 жылғы 3 ақпанға қараған түні Қушоқы ауылында ұсталған. Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, ұсталған ер адам орташа дәрежедегі мас күйінде екені анықталды. Сотта ол өз кінәсін мойындады.

"Сот К.-ны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі "Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы" бойынша әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолдану туралы шешім қабылдады. 15 тәулікке және жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкімшілік қамаққа алу мерзімі ұсталған кезден бастап есептеледі", – делінген сот қаулысында.

Айта кетейік, шенеуніктің мас күйде рөлге отыруы алғаш емес. Сот кеңсесінің қаулысында аталып өткендей, 2018 жылы сот бұл шенеунікті үш жылға жүргізуші куәлігінен айырған. Ол кезде Бұқар жырау ауданы, Қушоқы ауылының әкімі болатын. Одан кейін Қарағанды ​​облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің әдеп жөніндегі кеңесі оған қатаң сөгіс жариялауды ұсынғаны айтылған.