Биылғы жыл қазақ халқын дүр сілкіндірген жеңіспен басталды. «Жүйрік ат, қыран бүркіт» десе, ішкен асын жерге қоятын қазақты Дубайда өткен жарыста шашасына шаң жуытпаған Кабирханның жеңісі қуантты.
Кабирхан – әйгілі Калифорнияның тұқымы
1,306
оқылды

Бұл қаңтар айының 12-і күні болған ат жарыс еді. Кабирхан сәйгүлік одан кейінгі бәйгеде де алдына тұлпар салдырмады. Күллі қазақ бөркін аспанға лақтырып қуанып, сүйіншілеп жатты. Сол сәйгүліктің иесі Тілек Мұхамбетқалиев туған жері Орал қаласына келді. Сәйгүліктің иесін әуежайдан сән-салтанатымен күтіп алды. Тілек Мұхамбетқалиев Кабирханды 2022 жылы Алматы қаласынан сатып алған. 

– Таза ағылшын тұқымды жылқы, – дейді Кабирханның иесі Тілек Мұхамбетқалиев. – Мен Кабирханды сатып алған кезде-ақ ол бәйгеге қаты­сып жүрген жылқы болатын.   Кабирхан – атақты Калифорния Хром атты сәйгүліктің тұқымы. Әкесі Калифорния өз тарихында Дубай чемпионы болған тұлпар. Осыған қарап сатып алғанмын кезінде.   Кейін біз оны Ресейге жібер­дік. Ресейде алты бәйгеге қатысып, бесеуінде жеңіске жетті. Осыдан кейін оны Дубай­ға жіберу туралы шешім шығардым. 11 қараша күні Дубайға жеткіздік. 

Дубайда өткен ат жарыста қазақтың атын әлемге әйгілеген осы Кабирхан болды. Тілек Мұхамбетқалиевтің бұдан өзге алты бәйге аты бар екен. 

– Олардың бәрі де бәйгеге шауып жүрген ағылшын тұқымды жылқылар, –  деді атбегі Тілек Мұхамбетқалиев. 

Кабирхан қазір Дубайда 30 наурыз күні өтетін бәйгеге дайындалып жатыр. Оны америкалық бапкер дайындауда.

Хироу мо, Букревью, Наксос, Кафу, Мистер радж, Селтик прингс сияқты әлемдік жүйріктер бәйгесінің үздік­терін артқа тастаған қазақстандық жүй­рік иесін облыс әкімі Нариман Төреғалиев қабылдап, құрмет көрсетті.

Қазақ елінің делебесін қоздырып, бәйгесүйер қауымның бөркін аспанға атып қуантқан Кабирханның жеңісі еліміздің оң имиджін қалыптастыруға үлес қосқанын айтқан өңір басшысы ат иесіне елдің атынан алғыс білдірді.

– Әлеуметтік желіден елдің аты жеңіске жеткенін көріп, бір қуансақ, жүйрік иесі жерлесіміз екенін естіп тағы бір марқайып қалдық. Наурыз соңында тағы бір жарыс бар екенін білеміз. Сол сында да биіктен көрініп, қалың қазақты тағы бір желпіндіру­леріңе тілекшіміз, – деді облыс әкімі Нариман Төреға­лиев.

Елдің құрметіне разы болған атбегі Тілек Мұхамбет­қали­ев Кабирхан әлемнің үздік 16 сәйгүлігі қа­ты­сатын нау­рыз­дағы бәйгеде намысты қол­дан бермейтінін айтты.

– Облыс атбегі­лері­нің жетістігі тура­лы естіп, біліп жатыр­мыз. Оралда иппо­дром салынатыны ту­ра­лы хабар да көпші­лікті қуантты. Шабан­доз­дар мектебін ашып, бәйге шапқан жастарға қолдау білдіріп жатқан елдегі жалғыз өңір – біздің облыс. Бұл – жергілікті «Бәйге» федерациясы мен әкімдіктің тізе қоса атқарған үлкен жұмысының көрсеткіші. Басталған жұмыс осы бағытта жалғасар болса, елден сәйгүлік шығатын күн жақын бола түсері сөзсіз, – деді Тілек Мұхамбетқалиев.

Осы жиында тілек Мұхамбетқалиев алдағы жарыстарда бір тұлпарын Оралдың атынан қосуды жоспарлап отырғанын айтты. 

– Елдің атын шығарған кез келген спортшы құрметке лайық. Ешкімнің еңбегі елеусіз қалмайды. Ат құлағында ойнаған елдің ұлдары әлемді аузына қаратып, төрткүл дүние көз тіккен бәй­генің жеңімпазы атанған сәйгүлік пен оның иесін ерекше қадір тұтады, – деген Нариман Төреғалиұлы Тілек Мұ­хам­бетқалиевке алғыс білдіріп, ерек­­ше сый тарту етті.

Жиын барысында қазақтың ат спор­­тын жандандырып, жас балалар­дың ішінен шабандоздарды тәрбиелеу керек екені айтылды. Тіпті, шабандоз­дар мектебін ашу туралы ұсыныстар да тасталды. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА