Сонымен қатар Резерваттың бес бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
«Ертіс орманы» басшы пара алды деген күдікпен ұсталды
Фото: sn.kz
703
оқылды

Павлодар облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет прокуратураның үйлестіруімен «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты басшысына қатысты пара алу фактілерін анықтады, –  деп хабарлайды Aikyn.kz

Күдікті кәсіпкерлерге орманды заңсыз кескені және сатқаны үшін пара алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған.

Биылғы жылдың 26 қаңтарында тергеу сотының санкциясымен Резерват басшысы 2 ай мерзімге қамауға алынды.

Сондай-ақ Резерваттың бес бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Олар 2021-2023 жылдар аралығында өздерінің карточкалық шоттарына, сондай-ақ мекеменің жұмыс істеп тұрған және бұрынғы қызметкерлерінің шоттарына жалақыны есептеу және аудару арқылы 25 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған.

Келтірілген материалдық залал ішінара өтелді.

Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. 

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.