Жалпы, жыл басталғалы бері елімізде 13 рет жер сілкінді. Қаңтардың аяқталуына бір апта қалған уақытта Алматыда болған жерасты дүмпулері төтенше жағдайлар саласының мұндай табиғи апаттарға дайын емес екенін көрсетті.
Атырауда жер сілкінуі мүмкін бе?
3,270
оқылды

Рас, Атырау сейсмологиялық аймаққа жатпайды. Бірақ ғасырдан астам уақыттан бері жер астынан мұнай өндіріп келе жатқан өңірде техногендік сипаттағы жер сілкінісі болуы ғажап емес. Қазір Атырау облысының сейсмологиялық картасы жасақталып жатыр.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, бү­гінде Сейсмология институтына өтінім дайындалуда. Сейсмологиялық карта қауіпті нүктелерді анықтау үшін қажет. Карта дайын болған соң сейсми­калық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін да­йын­­­­дық жұмыстары жүргізіледі.

«Біздің өңір сейсмологиялық қауіпті аймаққа жатпайды. Соған қарамастан облыс әкімінің тапсырмасына орай сейс­­­мологиялық картаны, эвакуациялау пункттерін дайындау жұмыстарын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Тұрғындарға мұндай пункттердің мекенжайы хабар­ланады. Өйткені өңір тұрғындары хабар­­ландыруларды дер кезінде алуы ке­рек», – дейді Жасұлан Бисембиев.

Сейсмикалық қауіп дегеннен шы­ғады, деректерді сараптасақ, 2001 жылы ақпанда Теңіз кенішінде жер сілкінісі тіркелген болатын. Сол кездің өзінде Ұлттық ғылым академиясының акаде­мигі болған Мұфтах Диаров мұндай оқиға қайталануы әбден мүмкін екенін айтып, дабыл қаққан еді. Бүгінде марқұм болған ғалым техногендік сипаттағы жер сілкінуі республиканың батыс өңі­ріне, соның ішінде Атырауға да тән екенін айтқан-ды. Ғалымның пайым­­­дауынша, алынған мұнайдан босаған орынға су немесе газ­дың айдалмауы – жер қойнауының ста­ти­­­калық күйінің бұзылуына әкелуі әб­ден мүмкін. Ака­­­демик Мұфтах Диаров Теңіз кеніші екі тектоникалық жарылған жер­дің дәл үстінде орналасқанын айтқан-ды. Осы деректің өзі-ақ бұл кен орнында қауіп деңгейінің қаншалықты зор екенін көр­сетеді. 

Сала мамандары жақсы біледі, егер өнім алынған жерді қайта толтырмаса, онда әлгі орын опырылып құлауға бейім болады. Сондықтан кеніштерде міндетті түрде су ұңғымалары бірге қазылады. Олар, біріншіден, қабат қысымын қал­­пына келтіріп, мұнай мен газдың жоғары шығуына септігін тигізеді. Сөйтіп, өнім көлемі сақталады. Екін­­шіден, мұнай алынған соң босап қалған кеңістік тол­тырылады. Бұл амалдар жер қыртысын 100 па­йыз табиғи күйіне келтіре алмай­ды. Бірақ жердің төмен шөгуіне азды-көпті қарсы әсер етеді. 

Кейінгі деректерді қарап отырсақ, Теңіз кенішінде жер сілкінуі қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай кө­рінеді. Мәселен, жер астындағы дүм­­­пу Теңізде 2020 жылдың жел­тоқсанында тіркелді. Әрі қарай сабақтасақ, 2016 жы­лы 8 мамырға қара­ған түні Теңіз кен орнында тіркелген жер сілкінісі 4 бал­­ға жуықтады. Осындай дерек 2014 жылғы 24 мамырға қараған түні де тіркел­­ген бола­­тын. Магнитудасы 3,6 балл болатын жер сілкінісі туралы рес­ми ақпарат оқиға­дан кейін төртінші күні ғана беріл­ген еді. 

2001 жылы әзірленген сейсмикалық аудандастыру картасына сәйкес, Атырау облысы Рихтер шкаласы бойынша 6 бал­ға дейін жер сілкінісі болуы мүмкін жер қыртысының учаскелеріне жат­қы­зылған. 

Сарапшылардың пайымдауынша, мұнай мен газды қарқынды өндіру про­цесі апат тудыруы әбден мүмкін. Әсі­­­ресе, Қашаған, Қайран, Ақтоты кен орын­дары резервуарларда бос орындар мен шөгінділер пайда болатын тектони­­калық қауіпті учаске ретінде танылып отыр. 

 Атыраулық эколог ғалым Нұргүл Има­мұратова техногендік сипаттағы жер сілкінісі мұнай алу, бұрғылау салда­рынан болуы мүмкін екенін растап отыр. 

«Атырау – мұнайлы аймақ. Мұнай алу кезінде бұрғылау жұмыстары бел­­гіленген мөлшерден асып кететін бол­­са және алынған мұнайдың орны сумен толтырылмаса, жер сілкінісі болуы мүм­­кін. Ұлттық ғылым академия­сының Сейс­­­­мология институты деректері бо­­­йын­­­­­­­­­­­­­ша, Каспий теңізінің аквато­­­риясын қоса алғанда, Атырау облысының аума­ғы магнитудасы 6 балл болатын жер сіл­­кіністерінің ықтимал көріністері бар жер қыртысының учаскелеріне жатқы­­зылып отыр. Сондықтан Атыраумен бірге, Маңғыстау өңірінде де геодина­­микалық тексеріс жүргізілуі керек», – дейді эколог ғалым.

Өткен жылдың аяғында Атырау – Маң­ғыстау шекарасында 4,9 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер астындағы дүмпу туралы мәлімет Volcanodiscovery сай­­­­тында пайда болды. 

Қалай десек те, табиғи апат айтып келмейді. Демек, жағдайды жіті қадаға­лап, барлық мәліметті қолда ұстау үшін жақсы жабдықталған сейсмикалық ке­­шенді қондырғы қажет. Бұдан біраз жыл бұрын көршілес Батыс Қазақстан облы­­­сында техногендік жарықшақ пайда болып, жер сілкінісі қаупі сезілген соң тұ­тас ауылды көшіруге тура келгені де сабақ болуға тиіс.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы