Тұрғындарының басым бөлігі ауылдық жерде тұратын Жетісу облысы эко­номикасының басты тірегі, тұрғылықты халықтың арқасүйер саласының бірі әрі бірегейі – мал шаруашылығы екені айдан анық. Тірлігінің бір тінін төрт түлікке байлап отыратын жұрттың айтуынша, облыста ветеринария қызметі өте нашар.
Ветеринария саласы ақсап жатыр
815
оқылды

Жетісу облыстық прокуратура­сының баспасөз қызметі хабар­лағандай, өңірде өз міндеттеріне салдыр-салақ қарап, жауапсыз­дыққа , сол арқылы адамдардың өмірі мен денсау­лығы­на қауіп төндіретіндей жағдайдың қалып­тасуына жол берген 100 лауазымды тұлға ветеринария сала­сындағы бұзушылықтары үшін жауапқа тартылыпты. 

– Ветеринария қызметіндегі лауазымды тұлғалар жануарларды вакцинациялау барысында 33 мың бұзушылыққа жол берген. Жеке және заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершіліктен жалтаруына қатысты 526 дерек тіркелді. Облыс аумағында күйдіргінің (сібір жара­сы) қараусыз, бақылаусыз қалған 33 ошағы анықталды. Осы күнге дейін оларды оқшауландыру және талапқа сай жағдайға келтіру бо­йын­ша ешқандай шаралар қабыл­данбаған. Бұл салада дипломды сатып алған мамандар да анық­талды. Нақтырақ айтқанда, вете­ринария мекемелерінде  жауапты қызмет атқарып жүргендердің төртеуінің жоғары білім туралы дипломы жалған болып шықты. Тағы 124 қызметкердің білімі мен тә­жірибесі атқарып отырған лауа­зым­дарына сәйкес емес. Жүз­ден асам лауазымды тұлға тәріптік жауапкершілікке тартылды. Олар­дың ішіндегі аймақтық инспек­цияның үш жетекшісі мемлекеттік қызметке көлеңке түсі­ретін әрекет­тері үшін жауап­кершілікке шақы­рылды. Мемле­кеттік кіріске 3 мил­лион теңге өн­дірілді, – дейді облыстық про­куратурадағылар. 

Облыс орталығы Талдықорған қала­сы тұрғындары тарапынан ветеринарларға қатысты арыз-шағым  тым көбейіп кеткен. Олар қараусыз иттердің қаптап  кет­кенінен әбден зәрезап болған. Балалар көшеге шығудан, аулаға барып ойнаудан қалған. Қаланың адам­дары жаппай арызданып жатқанда, күнделікті тірліктері, күнкөрістері  үй жануарларымен тығыз байла­ныста болатын, шынын айтқанда,  солармен бірге тұрып, бірге жүретін ауыл тұрғын­дарының жағдайын көзге елес­тетудің өзі қиын. Билік жағдайдан жақсы хабардар екен­діктерін айтып, жақын күндері барлығын реттейміз деп кезекті уәдемен құтылуды әдетке айнал­дырған. 

– Талдықорғанда биылғы 31 жел­тоқсанға дейін қаңғыбас иттер­ді аулау жөніндегі мәселе түбегейлі шешіледі. «Жануарларға жауапкер­шілікпен қарау туралы» заңға сәйкес, Жетісу облысында 2023 жыл алғаш рет жануарларға қайы­рымдылықпен  қарау (аулау – стерилизациялау – босату) жүйесі енгізілген. Осы бағдарлама бойын­ша жануарларды ұстағаннан кейін піштіріп, егіп, бұрынғы жүрген жеріне қайтадан босатып қоя беріп келді. Бірақ мәселе осымен шешімін табады деуге болмайды. Өйткені стерилизацияланған, егілген иттер қайтадан үйірлерге  топтасып, қатарларын көбейтіп, айнала ортасына қауіп төндіруді одан әрі жалғастырады. Бұрындары қаңғыбас иттерді ататын. Сол арқылы олардың санын азайтып, үйірлесулеріне жол берілмейтін еді, қазір заң басқа, – деп ұзын арқан, кең тұсауға салады қалалық әкімдіктегі жауапты тұлғалар. 

Жыл соңына дейін әлі он бір ай бар. Оған дейін заң тағы да өзгеруі  мүмкін. Болмаса ашынған тұрғын­дар қолдарына қару алып, иесіз итерге қарсы майдан ашуы әбден мүмкін.   

Облыстық Ветеринария бас­қар­­масының хабарлауынша, бюд­жет­тен салаға 742 миллион теңге бө­­лініпті. Қазынадан қарастырыл­ған  қомақты қаражатқа облыс аума­ғында иесіз жануарларға ар­нал­ған бірнеше панахана салынбақ. Бірақ қашан, қай жерде тұрғы­зылатыны  әлі нақтыланбапты. Осылайша, адамдар өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, қаруасыз жатқан күйдіргі ошақ­тарын реттеудің жөнін таба алмай отырғандар, қаңғыбас иттердің қамы үшін мил­лиондарға пана­ханалар тұрғызбақ. Бұл тұрғындар тарапынан орынды түсінбестік тудырып отыр. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, адам­дардың денінің саулығы ішетін тамағына көп байланысты. Ет жеп, сүт ішу­ден басқалардың алдынан көрі­нетін жергілікті жұрттың аман-саулығын ойлағандар бірінші  кезекті малдың денсаулығы дұрыс болуын қолға алғаны жөн болар еді. 

Үкімет пен облыстық әкімдік құр қарап отыр деуден аулақпыз. Осы­дан біраз бұрын Үкіметтің ресми сайтында Жетісу облысында «Еттің ветеринариялық-сани­тария­лық сараптамасы» атты қа­нат­қақты цифр­лық  жоба енгізі­летіні туралы ақпарат пайда болған еді. Онда айтылғандай, аталған жоба ауыл­шаруа­шылығы жануар­лары мони­трингін барынша жетіл­діруге тиіс­ті. Премьер-Министрдің орын­­басары Серік Жұманғарин атап өткендей, жаңа жоба цифр­лан­дырылған жануарларды сәй­кес­­тендіруге мүмкіндік беріп, жануар­лардың толық тірлік кезеңі туралы ақпараттар орналас­тырыл­ған QR-кодты қалыптастырады және қасапханаларда сараптама актілері бар анықтамалар  беруді ретке келтіреді. Астанада отырып, ауыл­шаруашылығы жануар­ларының жағдайын ойластырға «ақылды­лардың» айтуынша, QR-код ет сататын орындарға орналыс­тырыла­ды және жануарларды ветеринарлық тексерусіз союға және ұшасы мен мүшелерін сарап­тамасыз сатуға тосқауыл қояды. 

– Еліміздің аумағында мал соятын 904 нысан бар. Олардың 109-ы етті өңдейтін кәсіпорын болса, 281 сою бекеті мен 514 сою алаңы жұмыс істейді. Ветеринар­лық талаптарға сәйкес келмейтін 106 қасапхана жабылып, былтыр жыл барысында 661 сою алаңының тіркеу нөмірі кері қайтарылды. Барлық ірі  ауылдық округтерде вете­ринарлық-сараптамалық зерт­ханасы бар қасапханалар ашу керек. Сою алаңдары өтпелі кезең­дегі қажеттілікті өтеу мақсатында ашылған болатын. Қазіргі кезде заңнамаға өзгертулер енгізуді ойластырып жатырмыз. Өзгерістер енгізілгеннен кейін сою алаң­дарының жұмысы мүлде тоқта­тылады, – деп тұжырымдайды ауыл­шаруашылығы вице-министрі Аманғалы Бердалин. 

Жаңалыққа қатысты ойын білмек ниетпен осы саланың білгірі ауылшаруашылығы бойынша сарапшы Алмасбек Садырбаевқа хабарласқан едік. 

– Цифрландыру дұрыс болуы үшін малды сәйкестендірудің дәл қазіргі кездегі сұраныс пен талапқа сай базасы болуы қажет. Өкінішке қарай, қолданыстағы   жануарларды сәйкестендіру базасы қазіргі кезеңге мүлде сай емес. Сондықтан барлық ауылшаруашылығы жануарларының нақты базасы жоқ кезде цифрландыру тиімді болады дей қою қиын. Жалпы, цифрлан­дыру арқылы аталған саладағы бар мәселені шешіп тастау мүмкін емес. Бірінші кезеке нақты база жасап, ветеринарияны толықтай реформалау керек. Мемлекет бас­шысы бұған дейін де вете­ринария­ны қайта құру туралы айтқанымен, бұл бағыттағы жұмыстар  жалақыны көтерумен шектелді. Іс жүзіндегі реформалау – мемлекетті қоса алғанда, тұрғындар мен ветеринар­лар тарапынан аталған салаға деген көзқарастар саясатын толықтай қайта құру. Қазіргі уқытта  бізде бар­лық мәселенің шешімін «цифрлан­дыру» деген сұлу сөздің таса­сына тығып қояды. Бұл қанатқақты жоба да қоғамда кеңі­нен талқыланбады, фермерлердің пікірлері ескерілмеді. Жоғарыдан шешілді. Сондықтан өз басым қолдамаймын, – дейді сарапшы. 

Әзірге жаңа жоба Жетісу, Алма­ты және Павлодар облыстарында қолға алынбақ. Сонымен бірге шекаралық өткізу бекеттерінде қол­данылады. Келген жүктер ту­ралы мәліметтер ақпараттық жүйе­ге енгізіліп, сынамалар алу және тексеру актілерінің электронды форматы қалыптастырлады да мем­лекеттік ветинспектор мен ве­теринариялық зертхананың қыз­меткеріне жөнелтіледі. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы 

коллаж: Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТОВ