Сынға ұшыраған ескерткіштер
Сынға ұшыраған ескерткіштер
446
оқылды
Қазақстанда елдігімізді, өрлігімізді, кеңдігімізді жал­пақ жұртқа жария қылатын тарихи-мәдени ескерткіштер әр қала мен ауылда, сайын далада жетерлік. Осы ес­керткіш арқылы біз өткенді білеміз, ұғынамыз, түйсінеміз. Дегенмен арасында кейінгі кезде бой көтерген дүние­лердің ішінде әттеген-ай дегізетіндері шығып қалатыны рас. Неге? Мүмкін жауапсыздық па?  

Бірдей атқа мінген баһадүрлер

Бұдан отыз жыл бұрын бо­дандық қамытын шешіп, тәуелсіз мемлекет болып, басымыздағы бөрікті аспанға атқанда, өзіміздің батыр халық болғанымызды жер-жаһанға жария қылу үшін, хан, би, батырларымызды ұлықтау мақ­сатында әр қалада ескерткіш ор­натуды қолға алдық. Астанада хан Кене, Бөгенбай батыр, Алматыда Абылай хан, Райымбек, Өтеген, Наурызбай батыр, Шымкетте Ал­памыс батыр, Өскеменде Қабанбай батыр, Қарағандыда Қаз дауысты Қазыбек би, Бұқар жырау мен­мұндалайтын биік тұғырға отырды. Бірақ әттеген-айсыз болмады. Айт­қанымыздай, ел басқарған ха­нымыз да, қалың қол бастаған ба­тырымыз да атқа қонды, қол­дарында бірдей найза, қалқан. Дұрыс шығар, дегенмен сол ба­һадүрлерді қоны шыққан, жем беріп бордақыланған, сойсақ та­бан қазы берердей семіз жылқының үстіне отырғызып қойдық. Соғыс алаңында емес, көрші ауылға қы­дырып, митындатып, қысқы со­ғым­ға семірткен атқа мініп, қыды­рып шыққан ба дерсің. Кей батыр­дың қолындағысы тік қылыш, негізінде қайқы болуы керек еді. Ұрыста ыңғайлысы сол болатын. Бұл туралы С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Өмір­бай Бекмағанбетов: – Тәуелсіздіктің көк байрағы қолымызға тигеннен кейін ой мен жазу еркіндігі салтанат құрды. Өткенімізде ізі қалған есіл ерле­ріміздің есімі қайта жаңғырды. Оларға арналған ес­керт­кіштер бой көтерді. Осы тұста бір көзге оғаш көрінгені сап түзе­ген хан, би, батырларымыздың ес­керткіштеріне тән нәрсе – ол өза­ра ұқсастығы. Түр-түсі, атқа мі­нісі, киімі, қо­лындағы қару-жарағы. Менің ойымша, сәулет­шіле­ріміздің көзден таса қылғаны әр ғасырдағы бабаларымыздың өмі­ріндегі ерекшеліктерді індете қа­растырмауы. Жасаған дүниелерін тарихшы, археолог, антрополог, мәдениеттанушы мамандардың тезінен өткізбегендігі. Тарихи тұл­ғалардың ішінде кешенді зерт­теулер жүргізіп, антропологтар бет-бейнесін жасаған Абылайды (академик О.Исмағұлов), Махам­бетті (антрополог М.Шаяхметов) атауға болар еді, –дейді. Осындай туындыларды көріп отырып, қарапайым ғана, елор­дадағы Валерий Пирожков атты шебердің қолынан шыққан әйгілі француз генералы Шарль де Голль­дің жерде тұрған 3,1 метрлік ес­керткішінен үлгі алсақ болмас па деген де ой келеді.  

Дау тудырған туындылар

Әрине, орнатылып, артынан халық қабылдамай, дау тудырып алып тастаған ескерткіштер де болды. Шала туған шаранадай, болашақта мәдени мұраға айналар дүниелерді әкелген сәулетшілердің не ойлағаны барын кім білсін? Әлде «сол жасалар дүниеге бөлін­ген қаржыға қызықты ма, әйтеуір былжыраған туындыларын ортаға салуға именбегендерді несі?» деп күйінесің де қоясың. Мәншүктің ағаш мүсіні. Әлеу­меттік желілерде Семейде Мәншүк Мәметованың ағаштан жасалған мүсіні қызу талқыға түсті. Қала тұр­ғындары бұл мүсінге бірден нара­зылық білдірді. Кейін оны алып тастады. Қазір ол жерде ешқандай мүсін жоқ. Сынға қалған ескерт­кішті Шығыс Қазақстан облысы Зырян қаласынан келген ерлі-зайыпты мүсіншілер – Иван және Юлия Куртуновтар жасаған екен. Юлия Куртунова бұл тірлік Семей әкімі Ермак Сәлімовтің бастамасы деп айтқан. Мұндай сорақылыққа көз жұма қараған әкімге сөз де шығын. Сәкен ескерткіші. Бірнеше жыл бұрын Тәуелсіздіктің 20 жыл­дығы құрметіне Жезқазған қала­сында қоғам қайраткері, сұңқар ақын Сә­кен Сейфуллиннің ес­керт­кіші жа­ңадан бой көтерді. Олай деуге себеп бар. Өйткені 1994 жылы С.Сей­фул­лин ескерткіші қаланың ортасында қойылғанмен, сынға ұшыраған болатын. Алматыдағы үш әйелдің мүсіні. Алматыдағы сауда орталық­тары­ның бірінің алдындағы жартылай жалаңаш әйелдердің мүсіні үлкен дау туғызған еді. Қала тұрғындары ол ескерткішті ерсі және қазақ қыз­дарының тәрбиесіне жат еке­нін ай­тып, дауласқан еді. Сауда орта­лы­ғы өкілінің айтуынша, ол мүсін­дерді сол аумақты жалға алып жат­қан компания орнатқан. Ком­пания өкілдері болса, осы мүсіндер арқылы қала тұрғындары мен қо­нақтарын танымал туын­дылардың авторларымен таныстырмақ бол­ғанын айтқан. Кейінірек сауда ор­талығының өкілдері бұл мүсін­дердің плагиат екенін мойындады. Расында да, Парижде осындай мүсіндер орнатылған. Оның авто­ры – француз суретшісі, мүсінші Ники де Сен-Фалль. Елордадағы «эротикалық» мү­сін. Әлеуметтік желіні дүрліктірген тағы бір мүсін – астанадағы «Ға­шықтар мүсіні». Қала орталы­ғын­дағы Ғашықтар саябағында орналасқан «Ғашықтар» немесе «Бақытым менің» композициясына елорда тұрғындары екіұшты пікір айтқан болатын. Ал бұл даулы ескерткішке сол кездегі Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы былай деп пікір білдірген: «Комис­сияның құрметті мүшелері мүсінге мата жапқандарға қарағанда опти­мистік көзқараста. Олардың пікі­рінше, айтарлықтай ережебұзу­­шылық немесе көз тоймайтындай жалаңаштанған ештеңесі жоқ. Барлығы бұл туындыға жоғары баға беріп отыр». Суретші-сәулетші Жанұзақ Мү­сәпір болса бұл композиция туралы: – Ерболат Төлепбайдың «Ға­шықтар» деген ескерткіші біраз сынға да ұшырады. Жалаңаштанған деп жазғырылды да. Бірақ кәсіби суретші ретінде айтылған сындарға келіспеймін. Өнер туындысына өнер талабымен, эстетикалық талғам өлшемінде қарау керек деп ойлаймын, – дейді. Бұл мүсін қала тұрғындары мен қонақтары үшін көз күйінішіне ме әлде сүйінішіне ме, әлі тұр!   Түйін:  Біз бұл жерде тек сынға ұшыраған ескерткіштер туралы сөз қозғадық. Бұл болашақта ел тари­хынан хабар берер өнер туындылары дүниеге келгенде, сәулетшілер өз жұмысына салғырттықпен емес, алғырттықпен қараса деген оймен жазылды. Әрине, сәулетшінің қолынан шыққан дүниесінің бірі жеке кәсіпкердің ақшасымен, енді бірі мемлекет қаржысымен жасалса да, ол ертеңгі күнге мұра болып қаларын ұмытпасақ керек.    width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ